Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Парасаттылық – парақорлықтан азат қоғамды қалыптастырудың кепілі


17 августа 2022, 05:52 | 9 496 просмотров



Бүгінгі күнгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі міндеті – парасаттылық идеологиясын ілгерілете отырып, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Қазіргі кезде сыбайлас  жемқорлық  әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.

Сыбайлас жемқорлықты жеңудің бірден-бір жолы – оның алдын-алу екендігі, яғни превентивті шараларды кеңінен қолдану болып табылады. Қазақ халқында «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» деген қанатты сөз бар. Сондықтан, біздің алдымызда тұрған ауқымды мақсат, зор жауапкершілік – қазақстандық қоғамның менталитетін, санасын өзгерту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, сыбайлас жемқорлыққа деген берік иммунитет, оған деген жұртшылықтың теріс көзқарасын қалыптастыру. Яғни, әрбір адам үшін парасаттылық қағидаттары: адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтар мінез – құлық нормасына айналуы тиіс.

Парасаттылық тек заңдылық пен әдепті сақтау ғана емес, бұл қоғамға қызмет ету құндылықтарына бейімділік, адамдардың мәселелеріне жанашырлық таныта білу. Тіпті азаматтың өтінішіне заңға ресми сілтеме жасай отырып, құрғақ заң тілімен емес, барлығын егжей-тегжейлі зерттеп, мәселені шешуге көмектесуге тырысу – бұл парасаттылық.

Студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарастарын қалыптастыру мақсатында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде тұрақты түрде «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің мақсаты білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру, жастармен кездесулер өткізу және оларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды жетілдіру, студенттер арасында заңдылық пен жемқорлыққа қарсы тәртіп орнату, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу.

 «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің бастамасымен жылына екі рет студенттер мен қызметкерлерден «Таза сессия» акциясы шеңберінде сауалнама жүргізіліп тұрады. Таза сессия акциясын өткізу арқылы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау, жоғары білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты тиімді түрде алдын-алуға бағытталған іс-шараларды күшейту, сонымен бірге университетте кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамау, айыптау ахуалын қалыптастырады.

Осы орайда, парасаттылық ұғымын кеңінен насихаттау мақсатында, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің құқық және экономика жоғарғы мектебінде  «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесімен тығыз жұмыстар атқаратын «Парасаттылық» мектебі жұмыс істеуде. Парасаттылық мектебінде жоғарғы мектеп оқытушылары мен студенттер мүшелікте. Парасаттылық мектебі бұл - қазақстандық қоғамда, оның ішінде студенттік ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру. Ол сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті, заңнама нормаларын сақтауға ұмтылуды, студенттердің білім және мәдени деңгейін арттыруды көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау мен нығайтуға, білім беру процесіне қатысушылардың және білім беру мекемесінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен көріністерін болдырмайтын құндылықтар мен қағидаттарға сәйкес әрекет етуге, осындай мінез-құлықты ұстануға мүмкіндік беретін кәсіби ортаны қалыптастыратын және нығайтатын тұрақты міндетіне негізделген. «Парасаттылық мектебінің» негізгі мақсаты - білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды және мәдениетті қалыптастыру, өскелең ұрпақты адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарына тәрбиелеу, сонымен қатар, халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін дамыту және енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асыру.

Биылғы 2021-2022 оқу жылында құқық және экономика жоғарғы мектебінде парасаттылық мектебінің бастамасымен  өскелең жас ұрпақты адалдыққа дәріптейтін «Адалдық сағаттарының» өткізілуі – соның бір айқын дәлелі. Бұл жарқын бастама жас буынның рухани болмысын бекітіп, адам бойындағы ең асыл қасиет – парасаттылықты дәріптеуге зор мүмкіншілік берді. «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз» - деп ғұлама ақын Абай айтып кеткендей, «Адалдық сағаттарында» білімгерлер осындай даналардың қуатты сөздеріне қанығып, парасаттылық, әділдік және сенім ұғымдарының философиялық мән-мазмұндары тереңнен түсіндірілді.

«Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесімен біріге отырып парасаттылық мектебінің мүшелері «Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсымын!» тақырыбында бейнероликтер байқауын өткізді. Байқауды ұйымдастыра отырып студенттерді адал жолмен жүруге, адалдыққа, әділеттікке, отансүйгіштікке тәрбиеледік. Білімгерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқының адамгершілік-этикалық құндылық негіздерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті  білімгерлер ортасында қалыптастыру мақсатында 1 курс білімгерлері арасында  «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» атты плакаттар байқауын ұйымдастырылды. Сонымен қатар “Парасаттылық” мектебінің мүшелері, “Құқықтану “ білім беру бағдарламасының 2-3 курс студенттері және клуб жетекшілері бастамасымен Алматы облысы Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ( сыбайлас жемқорлыққа қарсы) Алматы облысы бойынша департаментінде ұйымдастырылған “ANTIKOR ORTALYGY” алаңында ашық есік күніне орай экскурсияға барды. Осы агенттіктіктің қызметімен танысып, қызықты сұрақтар қойылып, мағлұматтар алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағыттарымен, құқық қорғау қызметіне жұмысқа орналасу жайлы ақпараттармен танысты. Осындай шараларды өткізу арқылы жастардың өмірде туындаған кез келген жемқорлық атаулымен кездестірмейтіндігіне сенгіміз келеді. Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы! Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында!

Автор:
Жакупова Г.А. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің құқық саласы бойынша білім беру бағдарламаларының оқытушы-дәріскері,