Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Баланы қалай қорғаймыз?


28 августа 2022, 08:10 | 8 025 просмотров



          Соңғы кезде болып жатқан жәйт кімнің болсын жүрегін қозғамай өтпеген шығар. Бүгінгі көтеретін тақырып өте ауыр, бірақ айтпасқа болмас. Жетісу облысындағы 15 жасар бүлдіршіннің өмірі қыршыннан кетті. Мектеп оқушысы Құралай Қисабекованы жауыздың қалай зорлап, азаптап өлтіргені көпшілікті сес қылды. Зорлық-зомбылыққа душар болып жүргендер тек қана қыздар ғана емес, арасында ер балалар да бар екенін ұмытпайық. Өте өкінішті, ешқандай бала зорлықтың құрбаны болуға лайықты емес. Және мұның алдын алуымыз керек!

          Биылғы жылды президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Балалар жылы” деп арнаған еді. Балаларымызды қорғау барысында ата-ана мен мектеп мұғалімдерінің атқарар жұмысы орасан зор болса, соғұрлым тиімдірек болмақ.

          Бала көп сұрақ қойғыш болып келеді. Оларға бәрі қызық. Егер де сіздің балаңыз зорлау немесе ұрлау жайында сұрақ қойса, эмоцияға берілмей жауап бергеніңіз дұрыс. Мумбайдың клиникалық психологы доктор Сима Хингорранидың айтып өткен нұсқаулығымен сіздермен бөліскім келеді. Оның айтуынша, әрбір ата-ана баласымен жақсы және жаман жанасу туралы сөйлесу керек. Және ешкім олардың рұқсатынсыз денесін ұстамау керектігін үйретуге міндетті.

          Эмоционалды байланыс

Балаңызбен эмоционалды байланыстың болуы өте маңызды. Бұл байланыс қаншалықты көп болса, соғұрлым бала үйде өзін қауіпсіз сезеді. Және сізге деген сенімділігі артады. Балаңыздың іс-әрекетін бақылаңыз. Егер сіздің балаңыз, бейтаныс адам оны аңдығаны туралы немесе тағы басқа күдікті дүниелер туралы шағымданса, бей-жәй қарамаңыз. Әлеуметтік желісі бар болса бейтаныс адамдармен сөйлеспейтініне және араласпайтынына көз жеткізіңіз.

          Ашық сөйлесу

          Балаңызға бейтаныс адам оғаш әрекет еткен жағдайда, сізге дереу қоңырау шалуды немесе жолда дауысты көтеруді, адам көп тоғысқан жермен жүруді үйрету. Баланың сіздің өміріңізде маңызды екенін және ол бірінші орында тұрғандығын түсіндіріп өтіңіз. Алғашқы мектепке баратын балаларға сақтық шараларын көбірек үйреткен дұрыс. Шама келсе, өзіңіз апарып алып келіңіз.

          Мектептер не істей алады?

Кейде оқушылар ата-анасына ашыла алмай, мұғалімдердің көмегіне жүгінеді. Мұғалімнің алар жауапкершілігі бұл жерде өте үлкен. Кіші сынып оқушыларына бейтаныс адамдармен сөйлеспеуін және еріп кетпеуін үйрету. Анонимді сауалнамаларды жиі жасау, бәлкім оқушы өзіне жасалған қастықтың не екенін білмеуі, түсінбеуі мүмкін.

          Сабақ басталар уақыт таяуда. Облыс мектептері алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушылармен жұмыс жасайтынына кәміл сенеміз. Балалар біздің болашағымыз. Оларды қорғау біздің міндетіміз!

Автор:
Айымжан Аманболқызы