Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ТӘУЕЛСІЗДІК немесе Алашқа ХАН-Кене атанған ұлы қаған Кенесары хақында


8 октября 2009, 06:32 | 2 612 просмотров



Тарихымызда, әсіресе хандық тарихымызда Кенесарыны көтермей-інше, Абылайдың биіктемейтіні, Абылайды көтермейінше, арғы тегіміздің сөз болмасы белгілі. Бұл – бүгінгі тәуелсіздігімізге де қатысты әңгіме. Өкініштісі сол – біздің тарихшыларымыз әлі күнге дейін қазақтың хандық дәстүріне (төрелік жосын! Ж.Х,) қатысты әңгімені үзіп-жұлып, оның тұтастығын сақтамай, кей тұстарда оған таптық және мүдделік көзқараспен қарап келе жатқандығы. Оған дәлел бүгінгі тарихи жазбаларда Кенесарының Мемлекетті (хандықты) қорғау жолындағы іс-әркеттерінің «көтеріліс» болып саналатындығы. Мұндай бір жақты өлшемге Исатай, Махамбеттердің де елін қорғаған ерен ерліктері телініп жатады. Және де, бірер деректерде «тірідей терісі сойылған...», енді бір деректерде «басы кесіліп, азапталған...» деп айтылатын Кенесарының елдік іс-әрекетін шынайы дәріптесек әлдебіреулерге «жақпай» қалады екенбіз!.. Бұл деген сөз біздің өткен тарихымызға сол кездің нақты көзқарасымен, сол кездегі қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қарау емес, бір кезде қазақты отарлаған империялық саясаттың ықпалы мен кейінгі жат идеологиясы талғамынан құтыла алмай келе жатқандығымызды аңғартады.

Қазірге дейін тарихи жазбаларда айтылып жүрген «көтеріліс», «көтерілісшілер», «төңкеріс», «төңкерісшілер»... деген атаулар өзгеге қатысты болсада, дәл Кенесарыға дейін жалғасып келген қазақ хандарына қатыссыз, тіптен қазақ тарихшыларының тарапынан айтылар сөз емес. «Кенесарының көтерілісі» деп айту – Қазақ елінің тәуелсіздігін «Тәуелсіз Қазақстан көтерілісі» деп айтумен заты бір нәрсе.

Мәселе былай: Манжұрлар 1616 жылы ішкі Моңғолияны, 1636 жылы Кореяны, 1646 жылы Пекинді қолға алғаннан соң, ендігі кезекте қазақ даласына қол сала бастады. Бұны сезген Ақ патша терістіктен өңмеңдей сұғынып, далалықтан үлес алуды көздеді. Бір кезде Қыпшақ даласынан Қанбалыққа дейін созылып жатқан тұтас иелік осы империяшыл хандықтардың ықпалына ене бастады. Ұлы даланы бөліп алып, бодандыққа салмақ болған олардың жымысқы саясаты біртіндеп іске аса бастады. Өз кезегінде орыс басқыншылығы Бурятияны түгелдей бағындырып алды. Ендігі шаруа қазақ даласын шып-шырғасын шығармастан уысына алу еді. Сол тұста олардың төбелерінен қазіргідей төніп тұрған ББҰ-ы болмағандықтан олар ойларына келгенін істеумен болды. Қанбалықты Шыңғыс қағанның немересі Құбылай хан қапыда уыстан шығарып алса, Алтын ордаға билік жүргізген оның немерелестері барынша ұлы билік пен кең мекеннен айрылмаудың жолын қарастырып жатты. Тұтас иелікті жоюдың бірден бір амалы – оны іштей ірітіп, бөлшектеп алу, сол арқылы оның жеріне, елдігіне қол салу. Бұл жымысқы әрекеттің тамаша жетістікке жететініне Құбылайдың билігін құлату арқылы көз жеткізген Манжұрлар қазақ даласын шығыстан ығыстырғанда да осы тактиканы қолданды. Алайда, қазақ даласына жету үшін ортадағы жатқан Жоңғарды құрту керек болатын. Ақыры, 1911 жылға дейін созылған осы ұзақ күрес Жоңғардың да, Қазақ хандығының да түбіне жетті. Осы шындықты айту Кенесарыны қатардағы қарадан шыққан «көтерілісші» емес, төрелік тегі бар, хандықты қорғаған ханның ұрпағы десек, «әлдебіреуге жақпай» қаламыз екен. Міне, біздің баба тарихымыздағы ақтаңдақ та осы.

Тәуелсіз елдің тарихына тәуелсіз көзқарас қажет. Кезінде әсте саясаттанған дәуірде, сол саясаттың шырғалаңынан шыға алмаған зерттеушілеріміз қазақтар ХV ғасырда пайда болды деген шалыс пікірден таймай келді. Осы пікірдің салдары әлі күнгедейін жойылмай келеді. Шынтуайтына келсек, қазақ хандықтарының орыс пен манжұрларға сол кездің дипломатиялық қатынасымен хат алысып, хат берісіп келгені болмаса, Кенесары өлгенге дейін қайбір империяға «ләппай, құлдық!» деп тізе бүккенін көрмейміз. Кенесары туралы кейбір зерттеушілердің айтқанын дәлелдей алатын нақты деректердің де табылмайтыны сондықтан. Кез-келгеннің ауызша айта салған немесе шала сауатты аудармашылардың дегенімен жазылып кеткен дүниелер ұлы ханымыздың тұтас болмысын ашып бере алмауда. Қазіргі таңда бұл пікірді үзілді-кесілді айту мүмкін емес. Әйтсе де, біз көне жазбаларды ақтарушы, жинақтаушы ретінде жоғарыда айтылған зерттеушілер пікірінің қаншалықты бір жақты, қаншалықты балаң, қаншалықты таптық саяси көз қараста айтылғанына жиі көз жеткіземіз. Ондағы жазбаларға көз салсаң, қазақты хандықсыз деген сөз жоқ. Кенесары туралы, оның неліктен қалың жауға қарсы тұрғаны жөнінде дәйекті деректер бар. Олар қазіргі сияқты әсте саясиланған емес, өте қарапайым, «... Қоқандықтар біздің қарамағымыздағы кейбір руларды өздеріне қаратты. Менің үлкен ағаларым – Есенгелді, Саржан, Әлжан сұлтандарды өлтірді! ...» деген сияқты. Сонда дейміз ғой, иелігіндегі елінің жартысынан айырылып, бақандай сұлтанын өлтіртіп отырған хан сол жауына қарсы соғыс ашпастан құлдық ұрып, отыра беру керек пе?! Немесе өз хандығы, өз елдігі үшін соғыс ашуды өзгенің хандығына қарсы тұрып, көтерілу деп қорқып, қауқарсыздық таныту керек пе еді?! Сол үшін «тірідей терісін сыпыртып» қаған басын шаптыртудан тайынбағаны – оның хандық тегі емей не?!

Жалпы тарих дегеніміз жеке жалқы атау екені белгілі. Сол себепті біз де, өз тарихымызға көз жіберген тұста оның тұтастығына, Кенесарыға дейін жалғасып келген хандық ғұрпымыздың шығу, пайда болу бастауына, әуелгі және кейінгі қазақ хандығының алтын арқауының қайдан бастау алып жатқандығына, хандық, төрелік жосықтарының боямасыз қалпына дендеп баруды мақсат тұтамыз. Өкініштісі – Шыңғыс ханды «көтерілісші» деп айта алмасақ та, Кенесарыны «көтерілісші» дегенге соншалықты намыстанбайтын сияқтымыз. Рас, арада шамалы уақыт озған, оның үстіне алпыс жыл бойы сүйегімізге дейін құйылған саяси ілім, бізді риясыз солай етіп тәрбиеледі. Соның кесірінен осы тақырыпқа келген тұста, «Неліктен Шыңғыс хан қолбасшы болғанда, Кенесары қолбасшы емес?!» деген күрделі сұрақтың алдына келіп сүрінеміз. Иә, империялық пиғылдағы жаулаушылар үшін, Кенесары қолбасшы емес, егер Кенесарыны қолбасшы етсе, онда сол империя өзгенің жеріне шабуыл жасаушы болады. Оны кейінгі ұрпаққа білдіртпеу үшін өз елін қорғаған Кенесарыны «өз хандығына (орыс хандығына) қарсы шыққан көтерілісші» деп айта салу – талай ұғымның орайын келтіріп береді. Сөйтеді де, кейінгі ұрпақ «хан» мен «көтерілісшінің» ара жігін ажырата алмастай халге жетіп, өз ханын өзі көтерілісші деп кемсітуден ұялмайды. Ең сорақысы ондай ұрпақ өз елі туралы айтылған «хандығы болмаған...», «елдігі болмаған...», «ежелден қара табан құл бол-ған...» деген жасанды атауларына имандай сенеді. Одан өзгеге көз жеткізе де алмайды. Міне, бодандық дегеннің марқасқа саясаты!.. Дәл осы ұғымға қарсы келгендерді күні кешеге дейін атып өлтіріп, жер аударып, үркітіп отырды. Оған дәлелді алыстан іздемей (осы тақырып-қа алғаш қалам тартып, «ұлтшыл деген желеу тағылған Ілияс Есенберлинді айтпағанның өзінде!), күні кеше ғана дәл осы Кенесары хақында жаңаша көзқарас танытқан әйгілі ғалым Е.Бекмахановтың өзгелер түгілі өз ішімізден шыққан оқымыстылардан қаншалық таяқ жегенін, талай күн көз майын сарқып отырып жазған дүниесінің оқырманнан күшпен аластатылғанын айтсақ та, сол еңбекті парақтап көрсек те жеткілікті. Ғалым сәтті басталған еңбегін аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік ала алмады, еріксіз бастаған жолынан кері бұрылуға мәжбүр болды. Амалсыз, аталмыш еңбектен өзге Кенесары туралы жазылған ниеті түзу ғылыми еңбек болмағаннан соң, осы аяқталмаған еңбекті місе тұтамыз. Е.Бекмаханов ағамыздың еңбегі коммунистік шовинизм идеологиясы дүрілдеп тұрған кезде жазылды. Бұдан кейін тәуелсіздігіміздің қарсаңында немесе одан кейінгі уақытта Кенесары туралы жазылған еңбектер сол Е.Бекмаханов ағамыздың әйгілі еңбегінен аса алмаған. Тіптен, кей тұстарда Е.Бекмахановтың еңбегіне де таптық көзқараспен, сол школамен баға бергеніне тап боламыз. Бұл деген сөз біздің әлі де болса, әсіре саяси, әсіре тапшыл ұғымнан арыла алмай жатқандығымызды аңғартса керек.

Осының салдарынан атақты ханымыздың Эрмитажға апарылған бас сүйегін тауып алуға қауқарымыз жетпей отыр. Оған да қол байлау әлгінде айтылған Кенесарыны елдігімізді ақырына дейін қорғап, ажал құшқан қолбасшы екендігін айта алмайтындығымыз. Қалай болған күнде де, Кенесарының өзгелердің айдауына қосшы болған қырғыздардың қолынан қаза болғаны айдай анық. Империялардың жат пиғылына берілген қарақшылардың ұлы ханды қапыда қолға түсіріп, оны аяусыз азаптағаны рас! Өткен тарих осылай шындықпен айтылды екен деп, ана қырғыз бен мына қазақ бүгін жаға жыртысып жатпасы тағы белгілі. Қазаққа керегі - өз ханының еңбегін уақыт тозаңынан тазалап, оның нақты болмысын еш бүкпесіз айқындап алу! Ерлігін, елсүйгіш отаншылдығын бүгінгі, кейінгі, келер ұрпақтардың жадына сіңірту! Уақыт оздырмай Эрмитаждағы екі мың бес жүз бас сүйектің ішінен Ұлы ханның бас сүйегін тауып алып, ел болып, арулап жерлеу. Ғасырлар бойы азап көрген ханымызға Алланың тәтті ұйқысын беру. Бұған дейін бір жақты зерттеліп келген баба тарихын, хандық шежіресін орыс патшалығының офицер, генералдарының айтуымен мына ХҮ ғасырда емес, одан бұрын, болмағанда Түрік елі дәуірінен бастау алып, одан кейінгі моңғол империясы кезеңінде (керей, найман, жалайыр, қоңырат, уақ т.б. тайпа хандықтар) дәуірлеп, одан кейінгі Манжұр мен Ресей отарлауы кезеңінде үзілгендігін мойындау, Мойындату! Біздің Кенесары қаған туралы әуелгі айтпағымыз да осы!

Тегінде, қазақ халқының хандық, елдік тұтастығынан айырылмау үшін ғасырлар бойы қанын төгіп, жанын беріп, өз жерінде өзгелерге қарсы соғысқаны рас. Бұл соғыстың мақсаты – Тәуелсіздік болғаны да рас! Сол соғыстың ақырғы бір жұрнағын ХАН-КЕНЕ бастады! Қазақ өз жерін, өз елін қорғады. Қазақтың байырғы хандары елін, жерін бөліп алып, бүлік салып, өз еліне қарсы көтеріліс жасамаған!.. Осыны түсінсек бол-ғаны!..

Автор:
Жүкел ХАМАЙ