Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Ұстаз, Шәкірт, Талант»


20 октября 2022, 05:34 | 9 498 просмотров



2022 жылдың 14 қазан күні Н.Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінде бірінші сынып оқушылары мерекесі мен ұстаздар күніне арналған концерттік шара өтті. Іс-шараның мақсаты: Ұстазға құрмет, үлкенге ізет. Адамгершілік тұлғаны қалыптастырып, жастарды шығармашылық биікке жетелеу.

Мерекелік концерт музыка мектебі директоры Оразбаев Шалқар Елісұлының құттықтау сөзімен басталып, оқытушылар мен оқушылар дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Бірінші сынып оқушылары ант қабылдап, шараға ат салысып, әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй төкті.

Іс-шараға ардагер ұстаздар мен қоғам қайраткерлері, Жетісу облысы білім басқармасынан және Талдықорған қаласының білім бөлімінен, ата-аналар, танымал шәкірттер қонақ ретінде шақырылды. Жетісу облысының Ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Әбілмәжінұлына, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің құрметті профессоры Жұматай Шөнкеқызына, Жетісу облысы білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының маманы Аида Азатқызына құттықтау сөз берілді.

Музыкалық мектептің ұжымы атынан ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, бірінші сынып оқушыларының атынан гүл шоқтары табыс етілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз кеңесінде ұстаз әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға екендігін атап өтті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше, оның бір сөзінде: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстазға жүктелетін міндет ауыр» дегенін баршамыз жақсы білеміз.

Мұғалім мектептің жүрегі, шәкірттің шырағын жағушы жалын иесі. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстаздық мәртебелі мамандық десек жалған айтпаған боламыз. Себебі хан да, қарапайым адам да мұғалім мектебінен өтіп, өмірге жолдама алады.

Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі», – демекші, әр адам ұстаздарға деген ерекше құрмет көрсетуі қажет. Таус (Алла оны рахымына бөлесін): «Ғалымды сыйлау – сүннеттен» , – деп айтқан. Ұстазды құрметтеуге – оның алдында кішіпейілдік таныту, жүргенде алдына түспеу, есік ашып бірінші кіргізу, жөнсіз сұрақтармен мазаламау, бірінші болып сәлем беру сияқты істер жатады. Ұстаз адам бір мәселеге жауап берген кезінде «бәленше ол жайында былай деп айтқан» деудің өзі құрметсіздік деп танылады.

Сондықтан «Ұстазға құрмет-шәкіртке міндет» демекші, ұстаздарды құрметтеу осындай шағын қадамдардан бастау алады.

Өскелең ұрпақ – ел келешегі, ұлттың жалғасы. Бала болашағының іргетасы мықты болуына, ең алдымен тағылымды тәрбие мен сапалы білім ықпал етеді. Яғни бала тәрбиесі мемлекет идеологиясының маңызды бір саласы іспеттес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауының да түп-төркіні осында жатыр. Балалардың жігер, шабыт, шығармашылық ізденіс, ой-өрісін дамытуға қолдау білдіру мақсатында өткізілді.

Мерекелік іс-шараны Жетісу телеарнасы тілші, операторлары келіп түсіріп, сұхбат алынып, кешкі жаңалықтардан көрсетілді.

Автор:
Имашева Мөлдір Мақсатқызы, Н.Тілендиев атындағы балалар музыка мектебі. Талдықорған қаласы.