Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛАБАҚШАДА ОЙЫН ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ БАЛАЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ


24 ноября 2022, 10:33 | 10 210 просмотров



         Қазіргі  өмір ағымындағы техника мен ғылымның космостық жылдамдықпен дамуы мен өзгермелі уақыттың сұранысына жауап беру мақсатында жас ұрпақты  тәрбиелеудің түрлі жолдары қарастырылып отыр. Сондықтан білім беру мекемелерінің басты назары – білім берудің жаңа технологиясын, әлемдік тәжірибеде қолданыс тауып, жоғары нәтиже берген тың үлгісін білім беру үдерісіне енгізу болып табылады.  Оқытудың қай кезеңі болсын айталық, мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы бастауыш сынып, орта буын, жоғары буын, тіпті жоғары мектеп барлығында да оқу үдерісіндегі өзгерістер, оқытудың тың формасын іздеу, дәстүрлі оқыту арнасынан шығып, бүгінгі күн талап тұрғысына бейімделу әрбір педагогты ізденіске, шығармашылыққа шақырады. Сонымен қатар, бүгінгі күні жиі ұйымдастырылып жатқан біліктілікті арттыру бағдарламаларының да маңызы зор.

         Мемлекеттің өркениетті елдер қатарына қосылып, даму қарқынын күшейтілу үшін ең басты капитал – жас ұрпақтың жан-жақты білімді, интеллекті жоғары, эрудициясы мол, зейінді, саналы болуы керек. Ал оған жету үшін, оқытудың әрбір кезеңінде мектепке дейінгі, мектеп жасындағы баланың лайықты жетілуін, тұлғалық қабілетінің жүйелі дамуын қадағалау шарт. Себебі, бүгінгі күн сұранысына сай, үздіксіз даму үдерісінде болған бала ғана мемлекетінің саналы азаматы бола алады. Білім беру мен тәрбиелеудің алғашқы баспалдағы – мектепке дейінгі мекеме болса, ондағы бала дамуына жасалған игі істер, педагогикалық ізденістердің маңызы арта түспек. Сондықтан қазіргі балабақшадағы оқу-білім беруге арналған инновациялық қызмет - мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының кәсіби дамуының  ең басты факторы болып отыр.

«Инновация» терминi латын тілінен алынған, ол — «жаңару, өзгеру»    дегендi бiлдiредi. Бұл түсінік XIX ғасырдағы зерттеулерде пайда болып, белгiлi бiр мәдениеттің кейбiр элементтердің бiрiнен екiншісіне енгiзу дегендi бiлдiрдi. Педагогикалық процесте инновация оқыту мен тәрбиенің тәсілдері, түрлері мақсаты мен мазмұнын, педагог пен бала бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді.

Қазіргі заман инновациялық қызметі -  балабақша балалармен жұмыс істеуде   инновациялық технологиялар, әдістер, балалардың психологиясы мен педагогикасын терең білуі  педагогтарға нақты бір жетістіктерге жетуге көмектеседі. Нақтылап айтқанда, балаға білім мен тәрбие беруді саналы-сапалы етіп қызығушылықтары мен өміршеңділігін арттырады деп айтуға болады.

Тәрбиеші өз тобының жас ерекшелігіне, мүмкіндігіне қарай технологияның түрлерінің лайықтысын таңдап қолданады.

Мектепке дейінгі балалардың есте сақтау қабілеті әлсіз, қабылдау процестері тұрақсыз келеді. Сондықтан олар затты қолмен ұстап, көзімен көргенді ұнатады. Осыған сәйкес, мектепке дейінгі балалардың оқу іс-әрекеттеріне көрнекілік, ойын технологиясын кеңінен қолданған жөн.

Ойын арқылы оқыту технологиясының мақсаты дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық, әлеуметтендірушілік мақсатқа жету. Ойын технологиясының ерекшелігі ойындық іс-әрекеттің психологиялық механизмі жеке бастың өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Баланың бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді. Ойын - балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын айналадағы дүниені танудың тәсілі.

Ойындардың негізгі мақсаты - балаларың ықылас зейінін, сөздік қорын, байқампаздығын, есте сақтау, қабылдауын дамытуға, икемділікті арттыруға, өзінің жеке құрбыларының іс-әрекетін бағалай, құрметтей, өз ісінің дұрыстығын дәлелдей білуін анықтау, қалыптастыру.

Сонымен қатар тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу барысында балалардың жас ерекшелігін ескеру әдіс-тәсілдерді таңдаумен сай келеді, оқу әрекетін  өткізгенде бірінші орынға ойын және ойын түрлері қойылады. Ойын – оқу үдерісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық санат. Тіл дамытуда ойынды көрнекі құралдар, түрлі суреттер , кестелер, ойыншықтар, музыка және т.б. материалдар сабақты көркемдеп отырса, балалардың сөздік қоры біршама толығады, ауызша сөйлеу түрлері кеңейеді. Ойын арқылы балалардың тілдерін дамытып, сөздік қорын байытады, жаңа материалды жақсы қабылдайды, есте сақтайды, зейіні дамиды, қызығушылығы артады. Ұсақ моториканы дамыту жұмыстарын ерте сәбилік шақтан бастаған дұрыс. Омыраудағы баланың өзіне саусақтағы бас миымен байланысқан активті нүктелеріне әсер ете отырып массаж жасау керек. Ерте жаста және мектепке дейінгі кіші жаста қарапайым жаттығуларды жасауда өлеңмен, тақпақпен ұйқастырылған жаттығуларды пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар өзіне-өзі қызмет ету дағдысын қалыптастыру: тиегін өзі салып, өзі ағыту, бауын байлау. Ал ересек топтағы балалар үшін ұсақ моториканы дамыту және қолдың икемділігін арттыруға арналған жаттығулар мектепке дайындықтың яғни, жазу, сызуға үйренудің маңыздысы болып саналады.

   Сәбилерге арналған ойын-жаттығулардың түрлеріне «Көңілді қуыршақтар», «Пирамидалар», «Жиек бойымен жүргізіп шық» және тағы басқа түрлерін атауға болады.

      Саусақ ойындарының нәтижесінде:

-   баланың сөйлеу тілі жетіледі;

-   қимыл қозғалысы артады;

-   икемділігі артады;

-  логикалық ойлауы дамиды;

-  танымдық деңгейі артады;

Балабақшадағы ертеден келе жатқан әрі бала дамуында маңызын жоймаған ойындардың бір түрі – құммен ойын.

Құммен ойын - балалар мен ересектердің эмоционалдық хал-жағдайларына оң әсер етеді, бұл баланың өзіндік дамуы үшін тамаша құрал болып табылады. 

        Құмдағы ойындар - баланың табиғи әрекеті формаларының бір түрі. Сондықтан да біз, ересектер, құммен ойнайтын орындарды оқыту және дамыту сабақтарында қолдана аламыз. Құмнан суреттер салып, әртүрлі оқиғаларды ойлап тауып, біз бала үшін әлдеқайда қызықты түрде оған өзіміздің біліміміз бен өмірлік тәжірибемізді, қоршаған әлемнің заңдылықтары мен оқиғаларын жеткізе аламыз.

         Құм терапиясының маңызы:  бала  өзі жайлы, қорғалған күйде сезініп, шығармашылық белсенділік танытатын табиғи стимулдық орта қалыптастырады және танымдық, психикалық процестерді дамытады, ол түйсік, есті, зейінді, қиялды, кеңістік түсінікті, тактильді-кинестетикалық сезімділік пен қолдардың ұсақ  моторикасы дамиды. Құм терапиясының мақсаты: балалардың  құм терапиясында  қиял, көрнекі –бейнелік ойлауды, сөздік–логикалық ойлауды, көрнекі іс-әрекеттік ойлауды, шығармашылық  және сын тұрғысынан ойлауды дамыту.  Құм терапиясы арқылы баланың шығармашылық, танымдық, интеллектуалдық, қарым-қатынас құзіреттіліктері дамиды.

         Қорыта келгенде, жоғарыда келтірілген көптеген жаңа инновациялық технология түрлері, оны оқу-тәрбие үдерісінде қолдану жолдарын игеру әр тәрбиешінің  өз қызметіне қарым-қатынасын танытады.

Автор:
Ә. С. Айтнурова, Талдықорған қаласы «Аяулым-Ерке» балабақшасының тәрбиешісі