Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫ – НАҚ ӨНЕР!»


8 октября 2009, 06:34 | 2 557 просмотров



Махаббаты - бала және Отаны,

Сүйікті ісі - қағаз кітап қопару.

Демалысы - шәкірттерге хат жазу.

Ал кәсібі - от беру мен от алу!

Ұлы Әл-Фараби : «Ұстаз алғыр да, зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар аса қанағатшыл, жаны таза және ар-намысын ардақтайтын, жақынына да жатына да әділ,жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болу керек», - деген екен. Жақсы ұстаз қашанда жан-жақты өнер иесі, мейірімге жаны толы абзал, шәкіртінің ақылшысы әрі көмекшісі.

Ұстаздар - тіршіліктің күре тамыры. Міне, осындай қомақты қызмет атқарып жүрген ұстаздар қауымын кәсіптік мерекелері қарсаңында облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов арнайы жиын үстінде шын ниетпен құттықтап, түрлі кәсіптік байқауларда «үздік» атанған ұстаздарға өз қолымен марапаттаулар, құрмет грамоталары мен пәтер кілттерін тапсырды. Мерекелік жиын облыс орталығы Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Салтанатты жиынның шымылдығын облыс әкімі құттықтау сөзімен ашып, соңы мерекелік концертке ұласты.

Қашанда ізгі істердің ұйытқысы, облыс әкімі бастамасымен мұғалімдер күні қарсаңында өткізілетін тағы бір игі шара дәстүрге айналуда. Үшінші жыл қатарынан „Үздік жыл мұғалімі“ байқауының жеңімпазы Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтіне ие болып келеді.

Биылғы жылы осындай қуаныш иелерінің бірі - Қаратал ауданының №13 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәнеш Қағіліков болды.

Биылғы жылы “Үздік ауыл мектебі – 2009” байқауының жеңімпазы болып, ұлттық бір-ыңғай тестілеуде 100 пайыздық білім сапасын көрсеткен Жамбыл ауданы Сүйінбай орта мектебі атанды.

Осы мектептің директоры Ләйләш Бакировамен сұхбаттасқанымызда: «Бүгінде мектебімізде 657-і оқушыға 61 ұстаз сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Мектеп бойынша, 2 компьютерлік сынып, мультимедиялық кабинет бар. Бала санына шаққандағы әр 12 балаға 1 компьютерден келеді. Жалпы, мектеп 1922 жылы бастауыш сауат ашу мектебі болып құрылған. 1996 жылдан бастап айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлы атымен аталады. Оқу ғимараты 2003 жылы күрделі жөндеуден өтіп, бүгінгі таңда оқушылар уақыт талабына сай жабдықталған мектепте білім алуда.

Мектепте баланың бойындағы дарынын ерте тану мақсатында 2-сыныптан ағылшын тілі, 3-сыныптан “Елтану” авторлық бағдарламасы, 4-сыныптан информатика курсы енгізілген. Бұл оқу әдістемелік кешеннің авторы – бастауыш сынып мұғалімі Жібек Әбдірахманова. Ол 3-сыныпқа арналған “Елтану” бағдарламасын құрастырып, әдістемелік құрал, дидактикалық материалдар және оқулық жазған.

Сол сияқты мектептің тарих пәні мұғалімі Ләззат Қылышбаева “Ақындар мен батырлар елі” атты дидактикалық материалдар жасап шығарған. Ол орта сыныптарда оқытылады.

Ал енді, бүгінгі өткен мерекелік жиынға келсек, мұғалімдерге көрсетілген құрмет, жыл бойы аянбай етіп келген ұстаздардың марапатталуы – адал еңбектің жемісі деп ойлаймын. Барша ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, қажыр-қайрат, ең бастысы денсаулық, бақыт тілеймін!», - деді ұстаз.

Озық ойлы оқушыларымыз Қазақстан Республикасының олимпиадалық командасы құрамында да өздерінің білімділігімен көзге түсті. Халықаралық Жәутіков атындағы олимпиадасында, „Біз-ХХІ ғасырдың интеллектуалы“ халықаралық симпозиуымында, „Компьютерлік физика“, Азия- Тынық Мұхит халықаралық математикалық олимпиадасында, Нижний Новгородтағы (Ресей) астрономиялық турнирде, „Ғылым әлемін ашамыз“ атты конференцияда, „Жібек жолы“ математика байқауында, Лондон (Ұлыбритания) қаласында өткен ағылшын тілі пәні бойынша жарысында , Якутиядағы „Туймаада-2008“ мектеп оқушыларының халықаралық олимпиадасында, Сербиядағы Балкан байқауында, информатика бойынша Ташкент қаласында өткен Бүкілресейлік және Орта -Азиялық олимпиадасында, математика бойынша Батыс-Қытай олимпиадасында, Кипр аралы мен Грецияда өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша рейтингілік олимпиадасында, Германиядағы математика бойынша бүкіләлемдік олимпиадасында, Мексикадағы физика бойынша өткен бүкіләлемдік олимпиадасында біздің оқушылар 96 медальді иеленді.

кергендіктен болар, алдағы жылы өтетін халықаралық математикалық олимпиадасы біздің елімізде өз жалауын желбіретпек. Бұл біздің елімізге білдіріліп отырған үлкен құрмет. Бұл туралы Республикалық «Дарын» орталығының директоры Д.Битуаова аталған жиында хабарлап, көшпелі олимпиада туын Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім алған Қарасай ауданындағы Шамалған орта мектебінің оқушыларына табыс етті. Сондай-ақ, ол облыс әкімі Серік Үмбетовке білім саласында көрсетіп отырған ерекше қамқорлықтарын мақтанышпен айта келіп, Серік Әбікенұлына «Дарын» орталығының мерекелік медалін табыстады.

Осындай, білімді де білікті шәкірт тәрбиелеген ұстаздарымыздың еңбегі жана берсін деп тілек білдіреміз. Өскелең ұрпаққа өнеге мен тәрбие,салт пен дәстүрдің қыр-сырын үйрете отырып, қоғамға қажет жаңа білімді, тәрбиелі, ақылды әрі жан-жақты азаматтар тәрбиелеуде. Осындай орасан зор еңбек етуші ұстаздарымызға зор алғыс айта отырып, еңбектеріне табыс, дендеріне саулық тілейміз.

Қызметтеріңізде өрлеу, бойларыңызда жігер толастамасын!

Автор:
Б.АХМЕТЖАНОВА