Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Биологиядан жаңаша білім берудің өзектілігі


12 января 2023, 07:24 | 9 399 просмотров



Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын  қанағаттандыратын тың бағдарлама. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Қай елдін болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты.

«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру-бүгінгі күннің басты талабы. Жаратылыстану пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Қазіргі таңда оқытудың озық технологияларын  меңгермейінше сауатты,жан-жақты маман болу мүмкін емес.Сабақта қолданылған жаңа технологиялардың өзі әрбір мұғалімнің шеберлігіне байланысты әрқалай жүзеге асырылуы мүмкін.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау; тәжірибе жүзінде білім,біліктілік дағдыларын қалыптастыру; оқыту мен оқуда АКТ пайдалану; коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу; оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай білім беру; шығармашылық тапсырмалар орындату арқылы қабілеттерін арттыру; ойлау,есте сақтау қабілеттерін өз ойын қорытуға дағдыландыру. Жаңа технологияларды күнделікті сабақ процесінде пайданалу үшін,әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алуға болады.

Жаңа технологияны жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденіс, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады. Сондықтан оқыту үрдісіндегі жаңа әдіс-тәсілдер оқу мазмұны мен оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай таңдап алудың маңызы зор. Биология пәнінің берілу кіріктірілген білім беру бағдарламасында өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір–бірімен тығыз байланысты.

Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі. Оқыту әдістерінің барлық аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді (Hattie, 2011). Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың оқуды алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып, жаңа білім алуын көздейтін тұжырымдамаға негізделген. Бұл жерде ең маңыздысы: оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген таяз білім болмақ.

Мұндай үстірт білім оқушыға қазіргі әлемде жетістікке жету үшін қажетті сын тұрғысынан ойлау, рефлексия және басқа да дағдыларын, алған білімін қолдануына кері әсерін тигізеді. Оқушылар білімді толықтай меңгеру үшін ақпаратты енжар қабылдамай, сабаққа белсенді қатысуы керек. Оқушыларға алған білімдерімен жұмыс істеуге, оны әрі қарай өңдеп, өз дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін жаттығу орындауға мүмкіндік беру аса маңызды болып табылады. Елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін мектеп табалдырығынан бастап-ақ білім мен ғылымды ықпалдастырып, ғылыми ойлау қабілетін дамыту қажет.

Бұл үшін мектептегі зерттеушілік және инновациялық қызметтің ауқымын кеңейту керек. Биология мұғалімінің аса маңызды міндеті оқушының бойында қарапайым зерттеу жүргізу; табиғи биологиялық құбылыстардың, үдерістердің, заңдар мен заңдылықтардың мәнін түсіну үшін зерттеу жұмысын жүргізу үшін зияткерлік, шығармашылық қабілеті мен сын тұрғысынан ойлау дағдысын дамыту болып табылады.Сәйкесінше, оқу оқушылардың ойлауын дамытуға септігін тигізуі үшін оларды біліммен қатар, ақыл-ой қызметінің тәсілдерімен қаруландыру қажет.

Яғни оларда ойлау операцияларын дамытып, талдау, жинақтау, салыстыру, сәйкестендіру, ортақ, жеке және ерекше белгілерін анықтау, дерексіздендіру, жалпылау, қорытындылар жасай білуді қалыптастыру қажет. Оқу үдерісінде оқушылардың бойында теориялықпен қатар, тәжірибелік ойлау дағдыларын қалыптастыру қажет. Мұғалімнің негізгі міндеті оқуды тәжірибелік дағдыларға, білімді қолдану, жеке жобаларын іске асыру қабілетіне бағдарлау болып табылады.

Оқу үдерісінің тиімділігін арттыру көп жағдайда оқу үдерісінде оқушылардың танымдық белсенділігін дамытатын, оқу үдерісінің қарқынын арттыратын оқыту нысандары мен әдістерін пайдалануға байланысты. Жаратылыстану мен биологияны оқытуда оқытуды ұйымдастырудың төмендегідей түрлері кең тараған: сабақ, семинар, конференция, дәріс, практикум, экскурсия, факультативтік сабақтар және әңгіме, сұхбат, кітаппен жұмыс, бақылау, эксперимент, микроскоппен жұмыс, экрандық құралдарды қарау, тәжірибелік жұмыс сияқты әдістер.

Сонымен қатар, оқыту әдістері модельдеу, ой үлгілерін құру, математикалық модельдеу деген әдістермен толықтыруға болады. Биология/ жаратылыстану сабақтарын келесі түрлерге бөледі: жаңа материалды үйрену сабағы; білімді тәжірибеде қолдану сабағы; оқу материалын бекіту және қайталау сабағы; білімді бақылау және есепке алу сабағы; құрамдастырылған сабақ. Сабақтың түрін таңдау сабақтың дидактикалық мақсатына байланысты жүзеге асырылады.

Жеке, жұптық, топтық және ұжымдық жұмыс сабақтың барлық түрлеріне ортақ нысан болып табылады. Биологияны оқыту үдерісінде әдіс таңдаған кезде оқу материалының мазмұнын және шешілуге тиісті нақты оқу-тәрбие міндеттерін, биология кабинетінің оқу жабдығымен жабдықталуын, үлестірмелі материалдың болуын, оқушылардың жас ерекшеліктерін, олардың дайындық деңгейін ескеру қажет. Биология бойынша ғылыми тәжірибе орындаған кезде бұл жұмыстың әртүрлі кезеңдерінде ақпараттық технологияларды пайдалану мол мүмкіндік береді. Биология сабақтарында ғылыми тәжірибе жүргізген кезде көптеген өзекті ақпаратты табуға мүмкіндік беретіндіктен, жаңа технологиялық құрылғылардың маңызы зор.

Заманауи компьютерлік бағдарламалар зертханалық жұмысты модельдеуге мүмкіндік береді. Көптеген дүниені оқушыларға түсінікті ету үшін олардың үлкен тәжірибелік мәні бар, себебі бағдарламалардың көмегімен оқушылар биологияны көру және есту арқылы игереді. Жаңа технологиялық ресурстарды пайдалану биология бойынша мектеп зертханаларындағы жағдайды өзгертуге көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар оқушыларда проблеманы шешу қабілеті мен сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытуға; жаттығудың білімдік маңызын арттыруға; оқуға деген қызығушылығын арттыруға; бүкіл өмір бойы жаңа ақпаратты алу және пайдалану үшін қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

Ақпараттық технологиялардың ерекшеліктерінің бірі – оқушыларды зерттеушілік баяндама жазуға, топта жұмыс істеуге және ғылыми этиканы игеруге үйретудің жаңа тәсілдерін ұсынатындығы. Биологияны электронды ресурстардың көмегімен оқитын оқушылар бұндай нұсқаулықты мұғалімдерден алған кездегіге қарағанда, тәжірибені аяқтауға азырақ уақыт жұмсайды. Қорытындылай келе, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз.

Автор:
Г.М. Дюсембаева Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің биология пәнінің оқытушысы