3 февраля 2023, 06:41 | 9 643 просмотра
Музыка сабағы – бұл шығармашылық сабақ. Шығармашылық – әлдебір сапалы жаңа нәрсені туындатушы және қайталанбастығымен, біртумалығымен және қоғамдық-тарихи бірегейлігімен ерекшелетін қызмет. Шығармашылық тапсырмалар жүйесі баланың ойлауына, тіліне, қиялына, белсенділігіне барынша ықпал етеді. Ал оқушыларды осы үдеріске тарту үшін, шығармашылық белсенділіктерін тудырып, әр баланы қызықтыру үшін мен әртүрлі жұмыс түрлері мен әдістерін қолданамын, ең алдымен ойын әдістерін қолданамын. Ойын баланың өмірінде маңызды орын алады және сырттай ғана алаңсыз әрі жеңіл көрінеді. Ал шындығында ол ойнаушының өзіне бар күш-жігерін, ақыл-ойын, шыдамдылығын, дербестігін жұмсағанын талап етеді. Сабақта жүргізілетін музыкалық-көпшілік жұмыстар оқушыларды барынша көбірек қамтуды,олардын танымын кеңейтіп,қалыптастыруды мақсат етеді.
Осы мақсатқа жету үшін,баланың жас ерекшелігін ескере отырып,оны қызықтыратындай музыкалық материал таңдау керек.
Музыкалық ойындар оқушының музыкаға деген құлшынысын, қызығушылығын ғана
арттырып қоймай, есте сақтау, ойлай білуге, ажырата, салыстыра алуға баулиды. Музыка сабағында әрбір оқушының жеке тұлғалық (психологиялық, мінез-құлық, қабілет,мүмкіндік т.б.) ерекшеліктерін ескере отырып, белгілі музыкалық- дидактикалық ойындар қатарын таңдап алған жөн. Бұл ойындар баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында негіз болатын оның өзін-өзі сезінуі, психикалық процестерінің дамуына бағытталып, сабақ үстінде,сергіту сәттерінде және сабақтан тыс кездерде жүргізілді.
Мысалы, жүйелі жүргізілген ойындар кезінде төмендегідей ойындар жүргізілді.
Эмоцияны дамыту, қарым-қатынас, эмоционалдық дискомфорт жағдайын жақсартуға бағытталған ойындардан «Әуенді тап!», “Шатасқан”, “Ноталар”, “Кім немесе не үні екенін тап”,“Әуенге қозғалыс ойла да, сыйла”, «Музыка арқылы менің эмоцияларым”, “Көңіл-күйді көрсет”,“Әнді тап”, “Музыкалы-мимикалық гимнастика” т.б.
Жеке тұлғаның адекватты өзін-өзі бағалауды дамытуға бағытталған ойындардан «Сақина»,“Үндемес”, “Отырып-отырып жалықтым”, “Ертегі құрастырамыз”, “Ақындар бізде қонақта”,“Судан балық аулайық”, “Би”, “Алма теру”, “Сазгерлер” т.б .
Қабылдауды дамытуға арналған ойындардан «Әуенге не жетіспейді?», «Не бейнеленгенін анықта?», «Аспаптарды боя», «Шығарма әуенін сызықтар арқылы беру» т.б.
Есті дамытуға арналған ойындардан «Тыңда да таны», «Әуенді есте сақта» т.б.
Ойлауды дамытуға арналған ойындардан «Төртіншісі артық», «Музыканы салыстыр»,«Әуенді аяқтау», «Артық нотаны тап», «Әуен құра» т.б.
Зейінді дамытуға арналған ойындардан «Не өзгерді?», «Айырмашылығын тап», «Алақан шапалақтау», «Рұқсат етілмейтін қимыл» , «Ұшты-ұшты»және тағы да басқа көптеген ойындар өткізілді.
Ойындық өзара әрекет – бұл өмірдің имитациясы емес, бұл баланың қоғамда өз қабілеттерін, мүмкіндіктерін жүзеге асыруына, өзін-өзі бекітуге мүмкіндік беретін ерекше іс-әрекет түрі.