5 мая 2023, 10:34 | 2 197 просмотров
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабырғасында “Замандастар жырлары" жобасы аясында «Шеберлік шыңы» атты әдеби-шығармашылық кездесу өтті.
Кештің мақсаты – өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің шығармаларын насихаттау, олардың үлгілі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге ету, мектебіміздің оқушыларына бағыт-бағдар беру, шығармашылық қолдау көрсету.
Кеш қонақтары: жергілікті ақындар, публицист- жазушылар Жангелді Немеребаев, Есболат Айдабосын, Торғын Тұрлыбаева, Қозыбай Құрман.
Кездесу барысында оқушылар шағын сюжетті әңгіме, сипаттау мәтіндері, мақала, үндеу, блог жазбалары тәрізді шығармашылық жазылым жұмысын орындады, ал жазушы – ақындар өздерінің ақыл-кеңестерімен бөлісіп, сондай-ақ, шығармашылық лабораториясы жөнінде оқушыларға сұхбат берді.
— «Ақыны мен жазушысын құрметтеген ел озады, сыйламаған ел тозады» деген екен, құрметті қонақтар, сіздерге қалай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді. Жеткіншек жастарымызға үлгі боларлық ұлағатты өмірлеріңізбен, тағылым боларлық туындыларыңызбен бөлісу үшін осы кешке уақыт бөліп келгендеріңізге алғысымыз шексіз. Шабыттарыңыз ешқашан сарқылмасын!, — қорытынды сөз қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қалықбекова Бұлбұл Тілеуғазықызына беріледі.