Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Сарбаздар ант берді


14 декабря 2023, 05:04 | 2 071 просмотр



Үштөбе гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жас сарбаздардың Отан алдында адал болуға ант беру іс-шарасы салтанатты түрде өткізілді.

Бұл күн жас сарбаздармен олардың ата-аналары үшін де үлкен мереке. Ант қабылдау адам өмірінде бір рет қана келетін сәт. 

Әскерге жаңа шақырылған жас сарбаздар Отан қорғаушылар атанды. Жас жігіттерді Ауған соғысының ардагерлері Болат Жексембаев және Берік Сабиров, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов, Үштөбе гарнизонының бастығы полковник Серік Ескалиев және сарбаздардың туыстары мен жақындары арнайы құттықтауға келді. Ант қабылдаған сарбаздарға қонақтар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп құттықтап қабылдаған әскери анттарына адал болуға шақырды. 

Бір айдан аса үйден кеткен жас жауынгерлер әскери саптық жаттығуларын үйреніп үлгерген. Айта кетерлігі жауынгерлер ант қабылдамастан бұрын бір ай бойы жалпы әскери дайындық өтіп, сапта жүруге жаттықты, денелерін шынықтырып, қару-жарақты меңгерді.

Қызылорда және Қостанай облыстарынан балаларының әскери ант қабылдауына арнайы келген ата-аналар Гүлайым Нұртазин және Наталья Петкун жас сарбаздарға ақ жол тілеп, ел үшін қызмет ететіндеріне сенімдерін білдірді.

          - Бүгін Отан алдында адал болуға ант бердік, оның өзіндік жауапкершілігі бар. Туыстарымызбен жақындарымыздың сенімін ақтауға тырысамыз. Лайықты қызмет етіп, білім мен тәжірибе жинақтаймыз. Біздің ойымызша, бұл бізге болашақта өте қажет болады, - деді жас сарбаздар қатардағы жауынгерлер Дамир Бекниязов және Салимжан Укенов.

Ант қабылдау рәсімінен кейін бөлім басшылығы сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, ұлдары қызмет атқаратын орынның жағдайларымен таныстырды. Сонымен қатар сарбаздардың ата-анадары ұлдарының алдағы әскери қызметтеріне байланысты барлық сұрақтарына жауаптарын алды.       

 

 

Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі