Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Технология» сабағында кәсіби бағдар


22 апреля 2011, 07:50 | 3 005 просмотров


Бүгінгі мектеп қабырғасында жүрген оқушылар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы екені даусыз. Дамыған елдердегі сияқты біздің елімізде де ұрпаққа саналы білім беруде түбегейлі өзгерістер жасалуда. Ондағы мақсаты - алған білімнің негізінде өз ойын еркін бағамдай алатын, өзін дамыта білетін, қазіргі тез өзгеріп отыратын өмірде өз бетінше дұрыс шешімді қабылдай алатын тұлғаны қалыптастыру. Осы бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер - бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, сондықтан ұстазға жүктелетін міндет - ауыр» деген болатын. Олай болса, бүгінгі мұғалім тек пән мұғалімі ғана емес, мұғалім – оқытушы, мұғалім – технолог, мұғалім – жаңалықты дәріптеуші. Демек білім сапасын көтеруде үздіксіз білім беруші ғана емес, соның ішінде кәсіби білім беруде білім, білік, дағдыны жетілдіруші.

ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, адамның кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Сонымен бірге ХХІ ғасырдың басы белгілі мамандық түрлерінің үнемі жаңарып көбейе түсуінде болып отыр. Толып жатқан жаңа кәсіптер, өндіріс пен тұрмыстағы заман талабы жаңа технологиялар саласындағы білімге деген тұрақты сұранысқа алып келеді. Қазіргі кезде бір емес, бірнеше мамандықты меңгерген қызметкерлер сұранысқа ие. Бүгінгі нарықтық заман шығармашылықпен жобалау мен жоспарлай білуді, жаңа технологияны қысқа мерзімде игеруді және жауапты шешімдерді қабылдауды талап етеді десек, осыған байланысты жас ұрпақ заман талабына сай бір емес, бірнеше мамандықты игеруге тура келеді. Оған дайындық мектеп қабырғасында басталады десек, ал ол дайындық орта мектепте оқытылатын «Технология» пәні арқылы жүзеге асатыны белгілі. «Технология» пәнінен білім беруде оқушы – жеке мамандықты игеруші болса, мұғалім -пән бойынша білім беруші ғана емес, жеке мамандықты меңгеретін жеке тұлғаны қалыптастырушы. Білім берудің мәні – сол тұлғаны дамыту Оны жүзеге асырудың жолдары: оқушылардың жеке қабілетін және белгілі бір кәсіпке бейімділігін анықтай, айқындай отырып, сол негізде оқу бағдарламасын жетілдіру. Бағдарламаны жетілдіру кезінде қоғам, уақыт, нарық, жекешелендіру т.б. өмірде болып жатқан өзгерістер негізінде білім беруге ерекше назар аудару қажет.

Технология сабағы – логикалық ептілік пен іскерлік дағдыны, шығармашылық шабытты қажет ететін сабақ, сондықтан мұғалім оқушылар талабының тынысын бақылап, дұрыс шешім қабылдауы, логикалық жүйеде ой - пікір түзе білуі қажет. Сонда ғана оқушылардың эстетикалық талғамы дамып, ойлау қабілеті, еңбекке деген құштарлығы арттырылады

Технология сабағы - тәрбие мен сүйіспеншілікті туғызатын сабақ. Халқымыз ғылым мен білімді игермесе де, өз тұрмысында сұлулық пен әсемдікті, яғни қолөнерін мұрат тұтқан халық. Қолөнер шеберлері шеберліктің сан қырлы сырларын ұқыптылықпен өрнектей білген

Мектепте технология сабағын халықтық педагогикамен ұштастырудың, яғни сабақта халқымыздың қолөнерін үйрету арқылы оқушыларға ұлттық тәрбие берудің маңызы зор. Қолөнерге қызықтыру үшін кез келген бұйымның, туындының жасалу құпиясын, тарихын ашып көрсетсек, қосымша әдебиеттерден мағлұматар берсек, қайталанбас ерекшеліктеріне тоқталсақ, технологиясымен таныстырсақ, оқушы шығармашылықпен іске кіріседі. Мұндағы мақсат - қолөнердің барлық бағдарламалары арқылы оқушыларға білім мен өнегелі тәрбие берудің тиімділігін көрсету. Бүгінде халықтың мәдени дәрежесі өскен сайын ұлттық бұйымдарды тұтыну, оған деген сұраныстың белең алғаны мәлім. Халық өнерінің бай мұраларын сұрыптай отырып, заманымызға сай сапа, түр беру әдісімен оларды әрі дамыту, оны бүгінгі ұрпаққа меңгерту – игілікті іс. Осы жағынан алғанда ұлттық қолөнердің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндіктері жоғары, өйткені ұрпақ тәрбиесіне кешенді түрде әсер етеді, қабілеттерінің жетілуіне, белгілі бір кәсіпке бейімделуіне көмектеседі. Қазір мектептерде ірілі-ұсақты темір, ағаш өңдейтін станоктар бар. Оқушыларға тек оларды тиімді пайдалануға үйрету керек.

Технология сабағында 9-сыныпта конструкциялық материалдарды өңдеу, әсемдік-қолданбалы өнер, тамақтану мәдениеті салаларында неғұрлым терең білім беріп, әр түрлі кәсіптермен таныстырамыз. Өйткені бұл тұста болашақ кәсіпті таңдау мәселесі басты назарда болады. Аталған салалар сферасындағы мамандық түрлері: инженер-технолог, кондитер, технолог, инженер, металлург т.б. тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсібі, ауыл шаруашылық және басқа да өндіріс мамандықтарын таңдауға деген қызығушылығы арттыруда жаратылыстану-математика бағытын таңдаудың маңызы зор.

Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды кезең, себебі ол оның қоғамдағы алатын орнын анықтайды. Қазіргі дүниедегі жоғары білімнің мақсатына жаңаша түсінікпен қарасақ, оны дамытудың басты бағдары-өмірге жауапкершілікпен қарайтын, дүниетанымдық мәдениеті жетілген,шығармашылық ойлауға дағдыланған, іскерлік қабілеттілігі биік, адамгершілік қасиеті мол білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру.

Мектеп бітірген түлектердің жоғарғы немесе колледжге түсе алмағандары жұмыс іздеп қиыншылыққа ұшырайды. Мұндай жағдайдан шығудың бірден – бір жолы не? Облысымызда ауыл шаруашылығын, тамақ өнеркәсібін дамыту қолайлы. Ауылдарда егістікпен қатар жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін өндіру де пайдалы. Ендеше ауыл шаруашылығына, тамақ өнеркәсібіне байланысты қажет мамандарды мектеп қабырғасынан неге тәрбиелеп шықпасқа?! Жастайынан алған білім мен білік, дағды адамды өзі сүйген кәсібінен айныта алмайды. Ол үшін тұлғаның бойына қиялдана білуге, шығармашылық тұрғыдан техникалық және көркем ойлантуға, құрастырушылық қабілеттерін жетілдіруге, кеңістікті сезіне білу қабілеттерін дамытуына көңіл аудара білейік!

Автор:
Ерғали САТЫМБАЕВ, Көксу орта мектебі технология пәнінің мұғалімі.