Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛАНЫҢ ФАНТАЗИЯСЫ ҺӘМ ОНЫҢ ӨРКЕНДЕУІ


15 октября 2009, 08:50 | 2 279 просмотров



Балада хиял ерте оянады. Бірақ, оның жанында суреттеулер аз болғандықтан, хиялы да бай емес. Әйткенменде, бала әсерленімпаз болғандықтан оның аз, тайыз хиялы ашық, жанды болады. Бала түсін өңім деп біледі. Балаға дүниедегі бар заттың бәрі жанды сықылды көрінеді. Баланың түсінуінше, дүниеде мүмкін емес нәрсе жоқ, бәрі мүмкін; бәрі болатындай. Бала ертегінің бәрі шын деп ұғады. Жоғарғы еріні қыбырлап, төменгі еріні жыбырлап Қобыландының Тайбурылы сөйлейді десең, қотыр аты құрық салғанда құнан болыпты, жүгендегенде дөнен болыпты, ерттегенде бесті болыпты десең, бала осылардың бәрін шын көреді.

Ертегі. Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе. Бала ертегіні жан-тәнімен тыңдайды. Ертегіге шын көңілімен нанады. Бала құрғақ ақылды ұқпайды, жандандырып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей. Егер сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігінен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады. Қысқасы, балаға ертегі тым қымбат нәрсе. Бірақ, ертегінің ертегісі бар. Кейбір ертегілер баланы бұзудан басқаға жарамайды. Мысалы, дию, пері, жалмауыз кемпір, аруақ көрден кебінін жалмап шығатын әрбір жын-шайтан сықылды ертегілерді айту балаға тіпті дұрыс емес. Мұндай ертегілер баланы бұзады, қорқақ, жасық қылады. Қазақтың баланы «бөки келеді», «қызыл көз келеді», - деп қорқытулары да тым-ақ жарамайтын іс.

Бала ойыны. Баланың хиялы, әсіресе ойында жарыққа шығады. Ойын балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда бала жанындағы әсерлермен пайдаланады. Айналасындағы тұрмыстан нені көрсе, соны істейді. Мысалы, қазақ баласы біреуі ат болып қашса, біреуі құрық салады; шырпыларды тізіп-тізіп көш жасайды; балшықтан мал жасайды; қуыршақтан қыз жасап таныстырады, күйеу келіреді, құда түсіреді.

Жалқы һәм жалпы ойын. Тіпті жас бала жалқы ойынды, жалғыз ойнауды жақсы көреді. Әлі тілі еркін жетілмегендіктен ол басқа балалармен қатынаса алмайды. Ал, енді, өскен сайын жалпы ойынды, бірігіп ойнауды жақсы көре бастайды. Жалғыз ойнаса, іші пысады. Жалпы ойын баланың тілінің өркендеуіне көп пайда тигізіп, ойнағанда тоқтаусыз қозғалып, күліп былдырлап, сөйлей береді. Жалпы ойынмен жалпы тұрмысқа, яғни, басқа адамдармен бірігіп тұруға үйренеді, өзінің сөзін, тілін біреуге тыңдатып, басқаның тілегін, сөзін өзі тыңдап, қысқасы, біріккен тұрмыстың бірінші шарты – жалпы заңдарды орындап, атқарып үйренеді. Ал, енді, жалқы ойын, яғни жалғыз ойнау баланың алаңғасар, еліктегіш болмай, өз ісіне ынталы, тиянақты болуына пайдалы. Бірақ, осы екі түрлі ойынның екеуінің де кемдік жағы бар. Ылғи жалғыз ойнап үйренген бала тағы, менменшіл болып, көппен бірге ойнап үйренбеген бала алаңғасар, тиянақсыз, еліктегіш болып шығуға мүмкін. Абзалы – осының екеуінің кезекпен ауыстырып отыру.

Осы екі түрдің қай түрімен болса да ойнап отырған баланың ойынын бақылауға тәрбиеші міндетті. Бірақ бақылаймын деп бүлдіріп алма. Бүлдіріп алу былай болады: «Былай ойна!», - деп бұйырсаң, баланың ойынына ынтасын суытып аласың. Баланың ойынына үлкен адам кіріссе, балаға ойынның қызығы бітеді. Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, «бақылау» деген сөз – қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп қақиып тұр деген сөз емес, олай тұрсаң, бала ойнай алмайды. Егер, баланың ойынына қатысқың келсе, өзің бала болып қатыс. Яғни, ойындарына бөгет, оралғы болма. Балалар сенің ересек адам екеніңді сезбейтін дәрежеде болсын.

Ойыншықтар. Ойыншық деген сөз баланың, жанындағы суреттеулердің белгісі деген сөз. Балаға ұйпалауына көнетін, не қылса, соған жарайтын жабайы ойыншық ұнайды. Әшекейлі ойыншық баланың ішін пыстыртады. «Балаға нағыз қолайлы ойыншық бір үйім құм» деген бір педагогтың сөзі дұрыс сөз. Базардан алып келген әшекейді ойыншығыңнан бірде құрық болатын, бірде ат болатын бір шыбық балаға көп артық. Әшекейлі бір жат ойыншықпен бала сүйіп ойнамайды. Алады да, сындырып тастайды. Және балаға көп ойыншық беру жарамайды.