Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БҮГIНГI ОҚУШЫ – СЫНШЫ


3 июня 2011, 07:58 | 1 627 просмотров


«Мұғалiм – мемлекеттiң жұлыны. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда мұғалiмнiң мәртебесi түсiп кеттi. Айлығы шайлығына, тапқаны қатқанына жетпейдi. «Мұғалiм боламын» дейтiн жастардың қатары азайды. Бiлiм беру iсi кетiк-кетiк. Мәселен, оқулықтардың сапасы төмен. Мұндай күрмеуi көп күрделi мәселелердi мемлекет қашан қалыпқа келтiредi?..» Оқырмандардың осы және басқа да пiкiрiн Алматы облыстық И.Нүсiпбаев атындағы мектеп-интернатының директоры Ерғали Нұртайұлы былай деп жалғады: «Әр мамандықтың өз мәртебесi бар. Алайда мұғалiмнiң беделi бәрiнен де биiк болуы тиiс. Өйткенi бар мамандықтың иесiн тәрбиелейтiн – мұғалiм.

Кезiнде мұғалiмнiң жалақысы райкомның еңбекақысымен тең болатын. Оның үстiне коммуналдық төлемдердi де өкiмет өтейтiн. Ал қазiр бұл жеңiлдiк жоқ. Бүгiнде тәжiрибелi, жоғары категориялы мұғалiмдер 30-40 мың теңгенi мiсе тұтуға мәжбүр. Мұғалiм жалақысының сұры мынау болса, оның мәртебесi қалай көтерiлмек? Ендiгi жерде қай ата-ана өз баласын мұғалiм бол деп үгiттейдi? Менiңше, ең әуелi мұғалiмнiң беделiн арттыру үшiн оның жалақысын өсiру қажет. Әрине, бұл мәселенiң бiр ұшы мұғалiмнiң бiлiмi мен бiлгiрлiгiне де байланысты. Кезiнде асық ойнап жүрген бала мұғалiмiн көргенде ойынын тастап тiк тұратын, амандасқанда бас киiмiн шешетiн. Бүкiл ауыл мұғалiмдi сыйлайтын, алақанға салатын. Қазiр жағдай бөлек. Асылы, мемлекеттiң iргесi нық қалануы үшiн жұмысты мектептен бастау қажет. Әсiресе, мұғалiмнiң мәртебесiн көтеруден.

Әрине, мұғалiмнiң беделiн көтеру оның өзiне де байланысты. Жағдайын жасап қойған күннiң өзiнде оның бiлiмi таяз, этикасы төмен болса, беделi қайдан көтерiлмек? Бүгiнгi оқушы – сыншы. Мұғалiм қандай киiм кидi, нендей сөз сөйледi, бақылап отырады. ЖОО-ны қызыл дипломмен аяқтағандардың өзi оқушылардың сынына шыдамайды. Өйткенi кадр дайындауда кемшiлiк көп. «Жай мұғалiм – хабарлайды, жақсы мұғалiм – түсiндiредi, керемет мұғалiм – көрсетедi, ұлы мұғалiм – шабыттандырады» деген екен. Егер Қазақстандағы мұғалiмдер керемет және ұлы мұғалiмдердiң қатарына енсе, мәртебесi өседi.

Бiлiм беру жүйесiнде неден ұттық, неден ұтылдық? Бiлiм ошақтарымыз жаңа технологиямен толықты-ау, бiрақ, жеткiлiксiз. Сондай-ақ кадр дайындаудан ұтылдық. Тәрбие iсiнде артта қалдық. Мәселен, мектептегi тәрбие ең алдымен киiм киюден бастау алса, Қазақстан бойынша бiрыңғай мектеп формасына да көшiп үлгермедiк. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң құлағына алтын сырға, бұл жүйенi де қолға алу қажет.

Бүгiнде мұғалiм балаға қатты ұрсудан қорқатын дәрежеге жеттi. Бұрын «етi – сiздiкi, сүйегi – бiздiкi» дейтiн. Қазiр бұл сөз жүрмейдi. Ата-ана түймедейдi түйедей етiп көрсетуге дағдыланып алды. Бәрiне мектеп кiнәлi дейтiн болды. Ата-ана тек қана мектептi кiнәламай, мектеп, құқық қорғау органдарымен бiрге бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарса, оң нәтиже берер едi. Жалпы, жастар тәрбиесiн реттейтiн мемлекеттiк идеология керек. Әйтпесе, мәселен, оқулықтардың сапасына көңiл бөлiнбеуде. Ондағы кем-кетiктi оқушылардың өзi табуда.

ҰБТ-ның түпкi идеясы дұрыс. Оны орындау жағы шала, көңiл көншiтпейдi. Тест сұрақтарында қателiктер көп болатын. Қазiр реттелуде. Тест баланың ойлау қабiлетiн шектейдi дегенге келiспеймiн. Өйткенi оқушы 11 жыл бойы тест жаттамайды. Соңғы жылда ғана дайындықтан өтедi.