3 июня 2011, 07:55 | 2 170 просмотров
Жақында Тополевка орта мектебінің «Барс» үйірмесінің оқушылары жоспарланған іс шара бойынша №2484 Тополевка шекара қорғаныс бөлімшесіне экскурсияға барды. Оқушыларды бөлімшенің бастығы Есполов Тимур күндік әскери қызметтерімен таныстырды. Рота бойынша тәулік кезекшінің тағайындалуы, оның міндеттері, қарулық қызметті ұйымдастыруы, тәулік әскери даярлықпен ішкі тәртіпті сақтау және техникасымен таныстырды. Калашник – автоматын толық емес бөлшектеу, жинақтау сабағын практика түрінде өткізді. Бұндай іс – шара «Барс» үйірмесінде айына бір рет болып тұрады. Еліміздің ата заңы – Конституцияның 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп атап көрсетілген.
Отанының лайықты қорғаушысы болу – күрделі іс, сондықтан әрбір жасөспірім мектеп қабырғасынан бастап, өзін әскери қызметке дайындауға, өз Отаны – Қазақстан Республикасымен оның халқы алдындағы азаматтық жауапкершілігін кәміл ұғынуы тиіс. Осы мақсатта орта мектептерде өтілетін алғашқы әскери дайындық пәнінің мақсаты жастарды қазақстандық патриотизм мен интернационализмге, демократиялық қоғам ісіне шексіз берілгендікпен Отанға, Қарулы Күштерге деген сүйіспеншілік, әскери борышты мүлтіксіз орындауға әзірлік рухында тәрбиелеуге бағыттал-ған. Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік, әр азаматтың бойындағы күш – қуаты мен білімін, Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау деген сөз. «Патриотизмнің маңызды элементтерінің бірі – онымен етене байланысып жатқан ұлттық рух пен ұлттық патриотизм. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген сүйіспеншілігі» - деп, Бауыржан Момыш-ұлы патриотизм мәні мен мазмұнын ашып көрсетті және «Отан үшін отқа түс күймейсің, арың үшін алыссаң өлмейсің» - деген нақыл сөз қалтырған. Халқымыздың басты ерекшеліктерінің бірі – адам бойында ар мен намысты ерте қалыптастыру, бала бойына сіңіру, сөйтіп оларды адам тіршілігінің, іс-қимылының өлшеуі ретінде қарау. Ұрпаққа мұндай тәрбие беру – халықтың бүкіл өмір тіршілігінен көрінеді:әрдайым ұятын ойлау, үлкенді сыйлау,тәртіптілік,мейірімділік, «жаным арымның садағасы» ұраны– мұның барлығы патриоттыққа апаратын жолдар. Мектеп қабырғасында оқушыларға әскери патриоттық тәрбие тек қана 10-11 сыныптарда өтілетін алғашқы әскери дайындық сабағында ғана емес, барлық сынып оқушыларына, сыныпта және сабақтан тыс өтілетін іс- шаралар арқылы да берілсе, сонда ғана біздер балаларды тосыннан кездескен қиыншылықтарды тез, әрі өз ойымен шапшаң шешуге дағдыландыра аламыз.