Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ДОС БОЛАЙЫҚ, БӘРІМІЗ!»


3 июня 2011, 07:50 | 5 658 просмотров



Татулық-достық кепілі.

( Халық мақалы)

Мақсаты: Балалардың «достық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері: татулық, достық адами қасиеттердің өмірдегі маңыздылығын түсіндіру;

-достық қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту;

-достыққа, татулыққа, бірлікке тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: үнтаспа, дәптер, оқулық, «жүрек» үлгісінде қиылған қызыл түсті қағаздар, шарлар.

Шаттық шеңбері:

Оқушылар шеңбер құрып тұрады.Мұғалім сабақты жақсы көңілмен, жылы сөздермен бастайды:

Мұғалім: — Балалар, қараңдаршы, бүгін бізге қадірлі қонақтар келіп отыр. Қоршаған ортамен, қонақтармен амандасайықшы:

Оқушылар:

Армысың, алтын Күн!

Армысың, көк Аспан!

Амансың ба, достарым!

Сендерді көрсем қуанам!

Мұғалімнің сөзі: Құрметті менің аяулы достарым.Мен барлығыңды жақынымдай, бауырымдай жақсы көремін және сыйлаймын. Біз бүгін сабақта дос және достық жарастығы туралы әңгімелесеміз.

Әңгімелесу

Мұғалім сабақтың тақырыбын аша түсу үшін оқушыларға сұрақ қойып әңгімелеседі:

Сендер 1,2 сыныптарда дос, достық қарым-қатынас туралы қызықты шығармалармен танысып, дос бола білуді оқып үйрендіңдер.

-Достықты, татулықты қалай түсінесіңдер?

-Достарыңды ренжітіп алсаңдар, қалай татуласар едіңдер?

Дәйексөз

Мұғалім балаларға достық құндылығының мәнін аша түсу үшін дәйексөздің мағынасын түсіндіреді.

Тақтада жазулы тұрған «Татулық – достық кепілі» деген халық мақалының мәні ашылады.

- Шын достар уәдесінде тұрады, ойындары, сөздері жарасады, бірін-бірі ренжітпейді, қуантқысы келеді, бір-бірінің көңіліне қарайды.Ал осы айтылғандар татулық белгісі.Сондықтан да шын достыққа татулық арқылы қол жеткізуге болады.

Сахналау

Жаңа ақпарат

Мұғалім оқушыларға достық сөзінің мағынасын түсіндіреді:

Достық - адамдардың бір-бірін жаны қалап, шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес, мұраттас болуы. Мұса Жәлел:

«Шын дос үшін қалайда

Тік қатерге басыңды.

Айыра біл алайда

Досың менен қасыңды»-деген екен. Достық адамның, өмірдің өзіндей сан бояулы, көп қырлы қаситетті, сондықтан бірер сөзбен оның толық анықтамасын беру мүмкін емес. Достық қыз мен қыздың арасында, ұл мен ұлдың арасында тіпті ұл мен қыздың арасында да болады.

Шығармашылық жұмыс

Ұлдар мен қыздар екі топқа бөлінеді.

Ұлдарға: «Қыз баланың бойынан қандай жақсы қасиеттерді көргің келеді?»

Қыздарға: «Ұл баланың бойынан қандай жақсы қасиеттерді көргің келеді?» деген сұрақтар беріледі.Әр топ өз ойларын жүрек бейнеленген плакат бетіне түсіреді.Тақтаға іліп, өз жұмыстарын қорғайды.

Жүректен-жүрекке

«Дос болайық, бәріміз!» әні үнтаспадан ойнап тұрады.

Оқушылар шеңбер құрады. Бір-біріне сағаттың тілінің бағыты бойынша кезекпен достық тілектерін білдіреді де, қолындағы шарларын аспанға қарай жібереді.

Мысалы:

-Адал достық тілеймін!

-Досым, сені сыйлаймын!

-Қиын шақта қолдаймын!

-Ынтымақ тілеймін!

-Татулық тілеймін!

-Достықты қадірле!

Автор:
М.С.СМАГУЛОВА, бастауыш сынып мұғалімі №12 орта мектеп-гимназиясы Талдықорған қаласы