Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тыңды игерудің Қазақстан экономикасына пайдасы-зияны


3 июня 2011, 07:47 | 8 357 просмотров



Ұйымдастыру бөлімінде студенттерге нақты міндеттер белгіленеді.

Негізгі ұранымыз : «Жан-жақты ойланып, нақты, қысқа-нұсқа жауап бер».

Мұғалімнің негізгі кіріспе сөзі:

Студенттер, бүгінгі сайысымыздың сұрақтары өздеріңе алдын-ала берілген. Тың игерудің Қазақстан экономикасына пайдасы көп пе немесе зияны көп пе осы жағын екі топтың студенттері арқылы талқыға салып көрейік.

Қатысушылар:

«Болашақ» Фракциясы: жақтаушы топ

1.Ильяс Раушан

2.Ауезханова Ұлар

3.Рүстемова Жарқынай

«Ақиқат» Фракциясы: даттаушы топ

1.Нұрсадық Ләйлә

2.Қайыпбаева Айнұр

3.Талқыбаева Ұлтай

1бөлім: «Өзіндік пікір енгізу»(4-5мин)

Бұл бөлімде екі топ ойыншылары кезек-кезек шығып, ойынға қатысушылар алдында өз тақырыптарын ғылыми түрде қорғайды және дәйектемелерін келтіреді. Екі топқа да өз пікірлерін дәлелдеуге 5 минут беріледі.

1-студент: Армысыздар форум мүшелері, менің қарсыластарым!

Бүгінгі біздің талқыға алғалы отырған тақырыбымыз 1954 жылғы тың және тыңайған жерді игерудің Қазақстанға тигізген пайдасы және зияны болмақ. Менің ойымша, тың игерудің зиянынан гөрі пайдасы көп деп ойлаймын. 1954 ж,КОКП-ның қыркүйек Пленумы ауыл шаруашылығында орын алған жағдайға талдау жасап, оның даму перспективасына тоқталды. Сондықтан да өкімет билігінде тың игеру идеясы пайда болды. Астықты молайтудың бір көзі Қазақстанда Сібірде, Оралда егін көлемін өсіру қажет деп шешті. Егер жаңа жерлер игерілсе, одан 11-12 млн пұт астық алу көзделді. Тың жерлердің басым көпшілігі Қазақстанның Солтүстігіндегі 6 облыста – Қостанай, Ақмола, Торғай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында жүзеге асырылды.

Тың игерушілерге мынадай әлеуметтік көмек көрсетілді:

1.Дүние мүлкімен тегін көшірілді.

2.Отбасына 1000 сом жеке мүшесіне 200 сом берілді.

3. 10жыл мерзімге 10 мың сом несие берілді.

4.1.5 центнер тегін азық берілді.

5.1500-2000 сом мал сатып алу үшін несие берілді.

6.5 жылға салықтан босатты.

Қазақстанның совхоздарына МТС-тердің жанынан механизаторлар дайындайтын курстар ашылды. Тың игеруде Қазақстанның ауыл шарушылық материалдық – техникалық базасы нығайды.

Совхоздар мен колхоздар 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк автомашинасын және басқа да көптеген техника алды. Міне, мен тың игерудің тарихы туралы қысқаша тоқталып өттім.

Мұғалім: Рахмет, келесі сөз өз пікірін қорғау үшін даттаушы топқа беріледі.

3-студент: Рахмет сөз бергеніңізге. Қайырлы күн құрметті форум мүшелері, «Болашақ» Фракциясы! Иә, 1954 ж. Тың игеру басталды. Селеулі далаға ғана емес, халықтың тағдырына да түрен түсті. Тың игеру барысында көптеген жетістіктерге қол жеткіздік десек те, оның зиянын айтпай кету мүмкін емес.

Себебі, тың игерудің залалы мен пайдасы бірдей. Бірінші, пайдасына тоқталсақ, астық молшылығына кенелдік, ауыл шаруашылық техникасына толықтық дейміз. Ал астық егу үшін қазақтың еркін мекендеп келген ұланғайыр даласын жыртып, жойып жібердік.

Мұндай мүмкіндікті мұқият зерделеп, іс-қимылдың айқын, ғылыми бағдарламасын әзірлеп барып жасаса, Қазақстанның астық өндірісіне кім қарсы болсын!

Тіпті тың жерді игеруге әбден ескіріп, тозығы жеткен комбайн, трактор, автомашина берілгендігі жөнінде ешқандай сөз қозғалмады. Экономикасы мәз емес Қазақстанға осындай техникаларды өте жоғары бағаға сатып жатты.

Тың игеруге қарсы болған Қазақстанның бірінші хатшысы Шаяхметовты орнынан алып тастады. Баспасөз осындай көлеңкелі жақтар туралы ешнәрсе жазбады.

Мал шаруашылығы орны толмас шығынға ұшырады. Айта берсек сол кездегі қателіктер шаш етектен:

1.Әр түрлі ұлт араласуынан қанымызды бұзды.

2.Тілімізден айырыла жаздадық. Оның залалы әлі күнге дейін сақталып келеді.

3.Қазақ халқының салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне, «менсінбей» қараушылық пайда болды. Енді, біздің ойымыз көзімен көрмеген, анық қыр-сырын білмейтін жас ұрпаққа сол кездегі ащы шындықты айту және болашақ ұрпақтың осындай қателіктерді қайталамауын қадағалау.

Мұғалім: Рахмет, енді осы пікірді толықтырушыларды ортаға шақырсақ. Алғашқы сөз «Болашақ» фракциясына беріледі. Уақытыңыз - 4 минут.

2-студент: Сәлеметсіздер ме, бүгінгі ойынға қатысушылар мен қарсыластарым.

Менің алдымда сөйлеп кеткен жақтасымның сөзін әрі қарай жалғастыра келе, тың саясатын қолдаймын. Оның пайдалы жағын менің жақтасым өзінің айқын дәлелдемелерімен көрсетті.

Мен халықтың тілі, білім алу және сол кездегі қазақ ауылдарының орысша атауға ауысу себептері жайлы айтпақпын.

Ең бірінші тіл мәселесі: 50-шы жылдардың ортасына таман қазақтар азушылыққа айналды. Олардың ана тіліне деген сұранысы мүлде төмендеп кетті. Қазақ мектептері жабыла бастады. Көптеген отандастарымыз балаларын ана тілінде оқытудың ешқандай мән-мағынасы жоқ екендігін түсінеді.

Алайда қазақтар ана тілін ұмытқан жоқ. Олардың орыс тілін үйренуінің себебі мемлекетті орыстар басқарды. Маман-кадрлар да орыс жерінен келген. Ал осынша адаммен ортақ келісімге келмеу мүмкін емес. 1962 жылғы санақ бойынша 29% қазақ болса, қалған 71% өзге ұлт өкілдері. Сол себепті қазақтар орыс тілінде сөйледі.

Екінші мәселе тың игеру кезіндегі колхоздар мен совхоздардың рөлі.1954 жылдың көктемінен бастап жерді зерттеу, іріктеу жұмыстарына Москва, Украинаның ғалымдары, ботаниктері, гидрогеологтары, т.б. көп жұмыс жасады. 1 жылдың ішінде 337 жаңа астық совхоздары құрылды. Тың алғашқы күннен бастап адамдарға интернационалдық тәрбие, еңбекке шыңдаудың мектебіне айналды.

Өз сөзімді қорытындылай келе біз мәдениет, экономика, ғылым жағынан «тың игеру» саясаты негізінде дамыдық. Тыңдағандарыңызға көп рахмет!

Мұғалім: Рахмет. Келесі пікір толықтыру үшін сөз «Ақиқат» фракциясына беріледі. Уақытыңыз - 4 минут.

4-студент: Армысыздар, құрметті форум мүшелері!

«Таяқтың екі ұшы болады» демекші, әр істің екі жағы болады. Осы тұрғыда мен «Тың және тыңайған жерді игерудің Қазақстанға тигізетін зардабын» этнографиялық жағынан сипаттаймын.

Бірінші айғақ.

Демографиялық ахуалды шиеленістіру.

Тың игеру желеуімен 1960 жылдардың басында Қазақстанға 2 млнға жуық адам қоныстанды. Жұмысшы маман жетіспейді деген себептер болды.Барлық көмек келушілерге жұмсалды.

«Жарлының қалтасында жел гуілдейді» демекші осы көмек қалтасында көк тиыны жоқ қазаққа берілсе, жер айырылып ортасына түсе ме?

Екінші айғақ.

Тіл өз ауқымын тарылтты. Тіпті қазақ тілінде шығатын газет, кітаптар жабылды. Күні бүгінге дейін қазақ тілі өз мәртебесін көтере алмай келеді.

Үшінші айғақ.

Дінге зиянын тигізді. Ислам дінін 75 жыл бойы адам санасын улайтын апиын деп келді. Осыдан дінге деген сенім жойылды.

Төртінші айғақ.

Салт-дәстүріміз. Біз қонақжай халықпыз ғой. Келген мигранттармен қыз алысып, қыз берістік. Будандар пайда болды. Бұл біздің қандық құрамымызды өзгертті. Екінші мәрте сөз алмайтындықтан, сөзімді қорытындылаймын. «Айдың бетінде де таңба болады» дейді. Сол сияқты бұл зардапта таңба болып қала бермек. Елдігімізді, жерімізді, дінімізді сақтайық, ағайын.

Мұғалім: Рахмет, осымен бірінші бөліміміз аяқталды, енді екінші қарсы пікір білдіру бөлімін бастаймыз.

ІІ бөлім. Қарсы пікір білдіру (3 минут)

Екі топтан ең алғаш болып шыққан ойыншылар кезектесіп өз тақырыптарын қорғай келсе, қарсы топтың тақырыбына тоқталып, келтірілген дәйектемелерін әр топ өз тарапынан шынайы жайттар арқылы теріске шығарып, дәлелдеуге тырысады. Уақыт-3 минут.

ІІІ бөлім. Сұрақ-жауап.

Ойын барысында туындаған ахуалға орай екі топ бір-біріне қарама-қарсы екі сұрақтан қойып, сұрақтарға жауап қайтарады. Көрермендер тарапынан да сұрақтар қойылады.

IV бөлім. Қорытындылау (3 минут)

Екі топта екінші болып шыққан ойыншылар кезек- кезегімен шығып , өз тақырыптарына тоқталып , ұсынған дәйектемелерін барынша тағы бір қорғай келе ойындарын қорытындылайды.

V бөлім. Көрермендер пікірі.

Ойынға қатысушы көрермендер ойын тақырыбы туралы өз ойларын айтып қай топқа дауысын беретіндігін айта кетеді.

VI бөлім. Ақылдастар алқасының пікірі.

Ойынға бақылау жасаушы арнайы құрылған ақылдастар алқасы тақырып бойынша өз ойларын айта келе ойынға баға береді. Ақылдастар алқасының сөз сөйлеуі кезінде ойынға қатысушы көрермендерден дауыстар жиналады.

VII бөлім. Жеңімпаз топты атау.

Дауыс беру нәтижесі бойынша , көп дауыс жинаған топ анықталып, ойынды жүргізуші мұғалім осы топты ойынның жеңімпазы ретінде атайды. Дауыс беру нәтижесінде «Тың және тыңайған жерлерді игерудің Қазақстан экономикасына зияны көп» деп пікір ұстанған даттаушы топ «Ақиқат» фракциясы көп дауысқа ие болып, пікірсайыс жеңімпазы атанды.

Автор:
М.М.ЖАҚЫБАЕВА Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің Тарих және қоғамтану пәндерінің Оқытушысы