10 июня 2011, 08:00 | 1 791 просмотр
2011-2012 оқу жылы қазақтың білімге құштар жастары үшін қуанышты жаңалықпен басталғалы тұр. Өйткені биыл Алматыда Сүлеймен Демирел атындағы университет жанынан ашылып, тұсауын кескен жаңа колледж маман дайындаудың жаңа әдіс-тәсілдерімен іске кіріспек. Сапалы оқу орыны - білікті мамандардың кепілі. Бұл орайда колледжбен университетке, сонымен қатар еліміздегі өзге де қазақ-түрік білім беру ұйымдарының құрылтайшысы - «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының оқу ісі бөлімінің бастығы Абдуррахман Селді әңгімеге тартып, жаңа колледждің жарқын бастамалары жайлы сұраған едік. -Абдуррахман мырза, халықаралық қор елімізде өз жұмысын бастағалы қазақ-түрік лицейлерінде білім алғысы келетін жастардың қатары бір сиреген емес, қайта артып барады. Бұл білім сапасының айғағы болар.
Енді жаңа колледж қосылып отыр екен, «KATEV» бұлардан бөлек қандай білім ошақтарына құрылтайшылық жасап отыр?
-«Көптің көзі - көреген ғой»... Қазақ-түрік лицейлерінде білім алғысы келетін жастардың көптігі расымен қуантып отыр. Еліміз бойынша бүгінде 30-ға жуық қазақ-түрік лицейлері бар. Демек, біз дұрыс жолда келе жатырмыз деген сөз. Соған орай да өз қызмет ету аямызды кеңейтіп, Сүлеймен Демирел атындағы университет жанынан жаңа колледждің тұсауын кестік. Бұйыртса, жаңа оқу жылында студенттерді қабылдағалы отырмыз. Колледж 9-сынып бітірген жастарды оқуға қабылдайды. Бұл жерде ерекше атап өту керек, 6-сыныптан соң қазақ-түрік лицейлеріне оқуға түсе алмай қалған балалар 9-сыныптан соң колледжге түсе алады. Бұл- олар үшін жасалып отырған екінші мүмкіндік деп те қарастыруға болғандай. Ал «KATEV» халықаралық қоры бұлардан бөлек «Нұр Орда» халықаралық мектебі, Сүлеймен Демирел университеті және Жамбыл есеп-экономикалық колледжіне құрылтайшылық етеді. Қордың негізгі қызметі - орта және жоғары оқу орындарын, ақылы оқу курстары мен өзге де арнайы мамандандырылған курстар құруды ұйымдастыру, сондай-ақ өзіне қарасты білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқытудың жаңа педагогикалық, ақпараттық технологияларын енгізуге, білікті кадрларды жұмысқа тартуға мүмкіндігінше қаржылай және өзге де нысанда көмек көрсету болып табылады.
- Жағымды жаңалық жерде жатпайды... Жаңа колледждің «кереметтері» жайлы кеңірек әңгімелесеңіз. Бұл оқу орыны қандай бағытта жұмыс жасамақ?
- Колледждің басты мақсаты- заман талабына сай қоғамдық және әлеуметтік салаларда сұраныстарға жауап бере алатын, техникалық және арнайы білімді, сапалы мамандарды дайындау. Әрине, мақсат жағынан өзге оқу орындарынан айырмамыз болмайды, алайда сол мақсатқа жету жолында оқыту, тәрбиелеудің жаңа технологияларын қолдану, игеру арқылы жақсы жетістіктерге жетеміз деп отырмыз. Соған орай, колледжде қажетті оқу құралдары, мультимедиялық құралдармен және компьютерлермен жабдықталған кабинеттер, кітапхана, жатақхана және санитарлық-медициналық қызметтің болуын қарастырдық. Бұл колледждің тағы бір ерекше атап өтер артықшылығы- сабақтардың 4 тілде жүргізілетіні болып табылады. Олар - қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдері. Жаратылыстану пәндері және мамандық бойынша арнайы пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Колледж қабырғасында білімгерлердің компьютерлік технологияның қыр-сырын үйренуге, оқудың инновациялық әдістерін қолдана отырып, шет тілдерін терең меңгеру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, жастар бірлестігінің атсалысуымен ән-би үйірмелері, көңілді тапқырлар клубы және түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Ал оқытылатын мамандықтарға келсек, оның тізіміне заңгер, аудармашы, экономист, техник-программалаушы мамандықтарын жатқызамыз.
-Өз сөзіңізден байқағанымыз, сапалы білім тек жаңа заманға сай құрал-жабдықтармен ғана келмейтін болса керек. Оларға жан бітіретін, білімгерге ақылшы болатын білімді де білікті ұстаз қажет-ақ. Колледжде сабақ беретін ұстаздардың білім-білік сапасы жөнінде не айтасыз?
-Дұрыс айтасыз, білімнің көрсеткіші- ұстаз деңгейімен де өлшенеді. Соған сай колледжде сабақ беруге Сүлеймен Демирел атындағы университеттің магистратурасын үздік бітірген, бала оқытуға бейімі мол жастарды, сондай-ақ қазақ-түрік лицейлерінде сабақ беріп жүрген жоғары санатты мұғалімдерді тартып жатырмыз. Жалпы, біздің халықаралық қор мұғалімдердің біліктілігіне аса мән береді. Шәкірттеріміздің АҚШ, Еуропа, Ресей, Қытай және Түркия мемлекеттерінің атаулы университеттерінде білім алу мүмкіндігін жеңіп алып жатқандары соның айғағы. Тағы бір атап өтер тұс - колледжді бітіруші түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Әрі олар Сүлеймен Демирел атындағы университетте білімін жалғастыра алады. Бұл да болса, студенттерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау деп білеміз.
- Әңгімеңізге рақмет!