Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАСКЕТБОЛ ҮЙІРМЕЛЕРІНДЕ ДОПТЫ АЛЫП ЖҮРУДІ ЖЕТІЛДІРУГЕ АРНАЛҒАН МАШЫҚТАНУ ЖАТТЫҒУЛАРЫ


10 июня 2011, 07:50 | 5 426 просмотров



Баскетбол- спорт ойындарының бір түрі ретінде мектептердің оқу бағдарламасына кіреді. Баскетбол ойынының қозғалысы адам баласына аса пайдалы табиғи қозғалыс пен дене мүшелерінің қимылынан тұрады-жүгіру, жүру, секіру және лақтыру.Осы бір әлемге өте кең тараған ойынмен айналысу арқылы денсаулық нығаяды, жүректің қан тамырлары мен өкпенің жұмысы жақсарады, шыдамдылық пен икемділік дамиды.

Баскетбол ойнауды үйрету – педагогикалық процесс.Ойынның әдіс-тәсілдерін игеру ойыншының қимыл икемділігі мен қабілетіне, оқу мен өз бетімен жұмыс істеу қабілетіне, ойынға деген ынтасына, машықтануды өткізілу дәрежесіне байланысты.

Спорт үйірмелерінде оқушыларға қандай машықтану жаттығуларын үйретуге болады, допты беру мен алып жүрудің негізгі қағидалары мен талаптары қандай?. Қысқаша олар мынаған келіп саяды: доп ұстаған ойыншы оны серігі ұстап алатындығына сенбейінше доп беруге болмайды. Ойыншылар өздерінің доп берулері жүз пайыздық тиімділікке жетуге ұмтылуы керек. Егер де допты ұстауды, алып жүруді меңгермесе, онда допты жоғалтып алуы мүмкін.Мүмкіндігінше әріптесінің берген добын жоғалтпай міндетті түрде қағып алу керек. Ол үшін үнемі қозғалыста болу керек.

Баскетбол ойынында допты алып жүру әдісі бүкіл ойынның негізі болып табылады. Яғни, допты жерге ұрып алып жүруді аса жоғары дәрежеде меңгерген ойыншы оны қарсыласының жасаған кедергісіне байланыс-

ты екі қолмен кезек алып жүреді. Допты екі қолмен кезек-кезек өзіңді айналдыра жерге ұрып тұрып, содан кейін жалт беріп қарсыласыңды алдап, алдыға қозғалып кетуге болады. Бұл деген ойыншының жалпы ойын айла- тәсілін жете меңгергендігін аңғартады.

Төменде келтірілген допты алып жүру жаттығуларын бастапқы кезеңде оңайтылған түрде үйретіп, жүргізіледі. Ойын техникасын меңгерту тұтастай және бөлшектеп үйрету әдісімен жүзеге асырған жөн. Дағдыны қалыптастыруда негізгі мақсат-оны мүлтіксіз орындау емес, сол техниканың негізін жете түсініп, шеберлік шыңдау болып табылады.

Екі ойыншыға арналған машықтану жаттығулары.

1.Ойыншылар бет сызықтан бірінің артынан бірі алаңға қарап тұрады. Бірінші ойыншыдан 12-14м қашықтықта кедергі қойылады (орындық, тұғыр). Ойыншы допты алып жүріп кедергіні айналады да допты серігіне лақтырып береді, өзі серігінің орнына жүгіріп барады. Допты қабылдаған екінші ойыншы, жаттығуды дәл солай орындайды.

2.Ойыншылар алаңның қарама-қарсы бұрыштарында тұрады. Ойыншы допты алып жүріп серігінің тұсына келген де, допты серігіне лақтырып береді. Екіншіойыншы доппен алаңның аяғына дейін барады, тоқтайды, бұрылып допты диагональ бойынша серігіне лақтырып береді (допты лақтыру тым ұзын болмау үшін жаттығуды белгіленген аралықта өткізген дұрыс).

3.Ойыншылар бір-біріне 15-20м қашықтықта қарама-қарсы тұрады. Ойыншы осы қашықтықтың жартысына дейін доппен келеді де, допты серігіне лақтырып береді, серігі допты өзіне қайтып береді, ойыншы допты қабылдап бұрылып бастапқы қалыптың басқа нүктесіне дейін барады, тоқтайды, айналады да допты серігіне лақтырып береді. Осы жаттығуды екінші ойыншы да дәл солай орындайды.

4.Ойыншылар бет сызықтан бірінің артынан бірі алаңға қарап тұрады. Бірінші ойыншы доппен 5-6м жүріп барады да, тоқтайды, сері-

гіне бұрылып допты береді. Екінші ойыншы бірінші ойыншының артынан жүгіріп, допты қабылдайды да жылдам алға озып тоқтайды, бұрылып серігіне допты береді.Жаттығу осылай жалғаса береді.

5.Бастапқы қалып 4-ші жаттығудағы сияқты. Бет сызыққа жақын тұрған ойыншы допты алып жүріп алдында тұрған ойыншыны орағытып озады. Осы кезде екінші ойыншы жылдам жүгіріп серігінен озып алға шығады да, серігінен допты қабылдайды; допты берген ойыншы жылдам жүгіріп серігінен озып допты қабылдап алға жүреді. Жаттығу осылай жалғаса береді.

6.Ойын алаңы төрт бөлікке бөлінеді. Ойыншылар бет сызықта доппен тұрады.Жаттығудың мақсаты көрсетілген бағытта допты алып жүріп тез, жылдам қарама-қарсы жақтағы сызыққа жету.

7.Ойыншылар алаңда тұрады. Бірінші ойыншы допты алға қарай алып жүреді, екінші ойыншы оның жолына кедергі келтірмей жүгіріп,сол және оң бағытқа бұрылып допты қабылдайды серігінен. Бірінші ойыншы допты бергеннен кейін дәл солай бұрылыстар жасап жаттығуды қайталайды. Допсыз ойыншының қимыл-әрекеті бұл жерде тез, жылдам, дұрыс тоқтаумен, бағытты дұрыс өзгертумен орындалуы керек.

8.Ойын алаңында бір қатар бойында бір-бірінен ара қашықтығы 4-5м болатындай етіп 4 допты қоямыз. Ойыншы бірінші допқа жүгіріп барып, допты алып, кері алып жүріп бет сызықта белгіленген жерге қояды да, келесі допқа жүгіреді. Жаттығуды дәл солай жалғастырады. Екінші ойыншы, керісінше, кезекпен допты алып жүріп бұрынғы орнына қояды.

9.Бір ойыншы қорғаныста, екінші ойыншы доппен оны алдап орағытып өтеді,қорғаныстағы ойыншы жылдам кейін қайтып оған тосқауыл қояды. Қорғаныстағы ойыншы қорғануға бар күшін салмай ойнайды. Ойыншылар ауысып жаттығу жасайды.

10.Ойыншы бір немесе көрсетілген бағытта допты алып жүреді. Қорғаныстағы ойыншы белсенділік танытып допты қағып жіберуге, тартып алуға тырысуы керек. Ойыншылар ауысып жаттығу жасайды.

11.Ойын алаңында ені 5-6м болатындай дәліз сызылады. Допты алып жүретін ойыншы осы дәліз ішінде қорғаушыны алдап орағытып өтуі тиіс. Қорғаныстағы ойыншының міндеті (жақсы тұрыста, біркелкі ара қашықтықты сақтай отырып), шабылушының добын қағып жіберуге, тартып алуға тырысу. Допты алып жүретін ойыншы әруақытта қорғаушыға бет алдын беріп жүруі тиіс (тек бұрыл-

ған кезде ғана ). Ойыншылар орын ауыстырып жаттығады.

12.Қорғаушы- орталық шеңбер маңында, допты алып жүретін ойыншы бет сызықтан қозғалыс жасайды. Мақсаты: бірден, жылдам доппен қозғалып, қорғаушыны орағытып өту. Бұл жаттығуды белгіленген дәлізде де орындауға болады.

13. Екі ойыншы да алаңның бір жартысында еркін, әр бағытта допты алып жүреді.Ойыншылардың әр қайсысы допты алып жүріп,өзінің добын сақтай отырып, серігінің добын қағып жіберуге тырысу керек.

14.Ойын алаңының ортасында ойыншы допсыз тұрады. Допты алып жүретін ойыншы бет сызықтан бар жылдамдықпен алға қозғалып, допты серігіне лақтырып береді де өзі алаңның екінші бөлігіне дейін жүгіреді, қайтадан допты қабылдайды да доппен алаңның екінші жағына өтіп кері қайтып,жаттығуды қайталайды. Жаттығу максимальді қарқында орындалады.

15.Бұл да солай, тек алаңның бөліктеріне кедергілер қойылған.Жаттығуды дәл және тез орындау қажет.Допты қабылдағанда оны ұстамай, кідіртпей бірден алып кететіндей жағдайға жету керек.

Автор:
Т.Д.ОМАРОВ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі. Талдықорған қаласы.