Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстаз түлегіне алға бастар талап сыйлайды


22 октября 2009, 09:58 | 3 470 просмотров



Білім алу-батылдық

Оны толықтыру – даналық

Ал шебер қолдана білу – өнер!

Ғаламдандыру күннен күнге өсіп келе жатқан халықаралық бәсекелестік , қоғамда болып жатқан өзгерістердің ауқымы мен қарқынының өсуі білім беру саласының, мемлекет дамуының басты факторына айналуына себеп болды. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Білім -біліктілікке жеткізер баспалдақ ,ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы»,-деп бағаласа ,халық даналығы «Қыран түлегіне қайырылмас қанат сыйлайды,ұстаз түлегіне алға бастар талап сыйлайды»,-деп бекер айтылмаған.

Білім сапасын көтерудің бір тетігі ұстазға байланысты. Сондықтан мұғалім атаулыға міндеттер жауапкершілік те зор. ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелетіні анық . Сондықтан бүгінгі білім беру ісінің мақсаты –тек білім,білік дағдыларын меңгерту ғана емес ,өзін -өзі дамытуға ұмтылатын ,ақылды да алғыр , ақпарат көздерін өз бетімен қолдануға қабілетті тұлға тәрбиелеу. «Түйені суғаруға әкелгенімен, одан тойғаныңша іш- деп талап ете алмайсың» деген екен шөл дала даналығы. Бұл сөздің астарында терең философия жатыр, яғни оқушының талабын қабілетіне қарай қанағаттандыру қажеттілігі туады.

«Басқаларды оқып үйретуі нәтижелі болсын десең, ең әуелі педагогтің өзі оқуы керек. Оқығанда да әбден қартайғанша оқуы тиіс»- деген де даналық сөз бар. Осыған орай педагог мамандардың кәсіби деңгейін ұдайы көтеріп отыру, олардың теориялық білімі мен әдістемелік білігін үздіксіз жетілдіру, оқытудың озық әдіс-тәсілдерімен тиісінше қаруландырып, шығармашылық жұмыстарына жол көрсету білім беруді ұйымдастырудың маңызды міндеттерінің бірі болмақ. Басты мақсат- білім жетілдірудің бірізділігін, үздіксіздігін қамтамасыз ете отырып, оның сапасын арттыру.

Іс тетігін маман шешеді десек, білікті маман қызмет атқаратын білім мекемесінің қазіргі кезеңде заман көшінен қалмайтыны белгілі. Осыған орай мектебімізде 34 мұғалім өз білімдерін жетілдіріп қайтты.

Мектебімізде алдыңғы қатарлы, ізденімпаз ұстаздар арасынан шығармашылық топ құрылды. Бұл топтың мақсаты - ұстаздарға жас мамандарға жан-жақты көмектесу. Жас мамандардың білімділіктері мен кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында «Жас маман» блиц байқауы өтті. Осы байқауда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ә.Ибраимова бас жүлдеге ие болды. Тәлімгері- шығармашылық топ мүшесі Сұршанова Г.К. Қай кезеңде де білім беру ісіне қойылар талап зор. Осындай байқаулар ұстазға қанат бітіріп, алдағы істерінің нәтижелі болуына себін тигізеді.

«Ең әуелі мектепке керегі- білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім»- деп А.Байтұрсынов айтқанындай, білім берудің қазіргі жаңа құрылымы және оқу әдістемесінің мазмұнының өзгеруі мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін жаңғыртуын, шығармашылық ізденістерін қажет етіп отыр.

Мектепте 8 пән бірлестіктерінен тұратын әдістемелік кеңес жұмыс істейді. Олар мұғалімдердің кәсіптілігін қалыптастырудың тиімді формаларын тауып, өзіндік білімін жетілдіруге ықпал жасап, мақсатты жұмыс ұйымдастыруда. Осыған орай, Білім беру технологияларының жәрмеңкесі өтті. Әр пән бірлестік жетекшілері өз технологияларын дәріптеп, пікірлерін тәжірибемен ұштастыра білді. Әр топтың жұмысын эксперимент топ бақылап отырды. Нәтижесінде бас жүлдені «Қаз ТБ» қоры бірлестігі, яғни қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігі жеңіп алды, жетекшісі -Қосақбаева Ж.Р. Ал І орынды «Коммуникативтік» технологияны қорғаған шет тілдер бірлестігінен Ж.Мырзаханова иеленді. ІІ орынды Пасюгина Н.Л. басқарған орыс тілі мен әдебиеті бірлестігі иеленсе (Интерактивтік технология) , ІІІ орынды Асылбаева Ұ.С. жетекшілік ететін бастауыш сынып бірлестігі иеленді. Бұл жәрмеңкеге аудандық білім бөлімінен әдіскерлер қатысты.

Жаңашылдық үрдіс ұстазға, оның шығармашылық ізденісіне байланысты десек, мектеп ұстаздары жаңашылдық ізденістерді қалыптастырудың мынандай жолдарымен қамтамасыз етілген.

-мұғалім, мектеп әкімшілігі- оқушы-ата-ана арасындағы сыйластық;

-педагогика ғылымдарындағы жаңалықтармен танысу, іс-тәжірибеге енгізу;

-озық іс-тәжірибелерді жинақтап насихаттаудың тиімді жолдарын іздестіру;

-сайысқа негізделген әртүрлі іс-шаралар арқылы мұғалімдердің жаңашылдыққа талпынысын туғызу.

Педагогикалық ұжым осы мақсаттарды іске асыру тұрғысында көптеген игі істердің ұйтқысы болуда. Сапалы білім бере отырып, кәсіптік шеберлікке баулу, оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыра отырып, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру негізгі мақсатымыз.Осыған орай «Интерактивті оқыту арқылы оқушының танымдық шығармашылық ізденістерін дамыту» атты қоғамдық гумманитарлық пәндер бойынша, «Ақпараттандыру технологиясы арқылы мұғалімдердің шеберлігін арттыру» тақырыптарында жаратылыстану-математикалық бағытында аудандық семинарлар өткізілді. Осындай іс-шаралар нәтижесінде әрбір ұстаз сапалы білім берудің ұтымды жолдарын, жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге талпынады.

Тиімді ұйымдастырылған оқу процесі ғана оқушының ой-өрісін дамытып, білімін арттырып, тұлға қалыптастыра бастайды. Яғни , негізгі мәселе- сабақтың нәтижелілігі. Сабақ -ұстаздың көп ізденуі мен көп еңбектенуінен туатын шығармашылық. Мектеп мұғалімдері оқу барысында жаңашыл педагогикалық технологияларды кеңінен қолдануда. Сабақ құрылымының жүйелі болуы негізгі шарт. Сондықтан, сабақ барысы үнемі қадағаланып, оқу жылының басынан бастап мектеп басшылары қатысқан әрбір сабақ терең талданып отырады. Тәжірибесі мол ұстаздар өз тәжірибесімен бөлісе отырып, әдістемелік көмектер көрсетеді.

Ұстаз сабақтарына мығым, білікті, іскер, көптеген жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана білетін, айтқанын оқушыға жеткізе алатындай шешен болуы керек. Біздің мектебімізде де ұстаздар қауымы баршылық. Оған дәлел, облыста өткен «Алтын диск » байқауынан информатика пәнінің мұғалімі Темірбаева А.Ч. ІІ орынды , ал «Панорамалық сабақтар » байқауынан химия пәнінің мұғалімі Калкеева Р.А. ІІ орынды иеленіп қайтты. Шығармашылық топтың шыңдауынан шыққан ұстаздар яғни, аудандық «Жыл мұғалімі-2009» байқауында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Пасюгина Н.А бас жүлдені,облыста жүлделі орынды, «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» байқауында Абдрахманова Т.бас жүлдені, «Үздік сынып жетекшісі» байқауында Садуақасова К.М бас жүлдені иеленді . Садуақасова К.М облыстық «Үздік сынып жетекшісі» байқауынан бас жүлдені алып, енді мектебіміздің, ауданымыздың намысын республикада қорғамақшы.

Иә , бүгінгі күннің мұғалімі- шығармашылық адамы. Ол өздігінен қаншалықты ізденсе, болашақ ұрпаққа соншалықты сапалы білім бермек. Сонда білім сапасы арта түсіп, еңбегі жанады.Мектептегі әдістемелік жұмыстардың басты талабы- әдістемелік жұмысты жетілдіру, мұғалім шығармашылығын арттыру, оқытудың сапасын, оқушылар білімінің деңгейін көтеру. «Ізденуші» әдістемелік орталығының жұмысы оң нәтижесін беруде. Осы әдістемелік орталықтың саласының бірі « Шеберлер мектебінің» мұғалімдері қазақ тілі пәнінен Қосақбаева Ж.Р. орыс тілі пәнінің мұғалімі Пасюгина Н.Л , Мырзаханова Ж.Ж., Сұршанова Г.К, Раевская Н.В, Калияева К.А,Асылбаева Ұ.С,Мухамадиева Р.А,Туктубаева К.Б,Пузынина Т.П. аудандық семинарларда үлгілі сабақтар өткізіп, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Ғылыми- әдістемелік орталықтың келесі саласы- оқушылардың ғылыми қоғамы. « Ғалым- дана болмағанда жаһанда, жерде игілік өнбес еді қашанда»- деп Жүсіп Баласағұн айтқандай дарынды оқушылар әртүрлі деңгейдегі пән олимпиадасында, ғылыми жоба байқауларында конференцияларда, интеллектуалдық ойындарда алған білімдерін дәлелдеп берді. Дарынды оқушылардың 2008-2009 оқу жылындағы жетістіктерін саралар болсақ. Пәндер олимпиадасында мектепішілік -29,аудандық-17,облыстық-4жүлделі орынды иеленді. Ғылыми жоба жарысында мектепішілік-3,аудандық-3,облыстық-1жүлделі орынды алды. Бұдан байқағанымыз- дарынды оқушылар жұмысына жүйелі басшылық жемісін беруде. Қазіргі таңда ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі мектептегі білім сапасының басты көрсеткіші екені белгілі. Өткен оқу жылындағы ҰБТ бойынша орташа балл -83 пайызды құрайды. Алтын белгі иегері Құсбеков Айдос өз білімін дәлелдеп шықты.

Білім беруді ұйымдастыруда шығармашыл инновациялық бағыттардың болуы, педагогтардың арасында шығармашылық топтардың құрылуы- жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Мектеп ұжымының бүгінгі тыныс- тіршілігі шын мәнінде мақтауға тұрарлықтай.

Автор:
А.А. Аханова, Үшарал № 2 орта мектебінің директоры Алакөл ауданы