17 июня 2011, 08:00 | 1 742 просмотра
Бұрын-соңды «жасөспiрiмдер өзiн-өзi өлтiрiптi» деген суық хабарды құлағымыз шалмайтын едi. Неге екенi белгiсiз, соңғы жылдары «Пәленшенiң баласы асылып өлiптi, Түгеншенiң қызы өзiне қол жұмсапты» деген сарындағы өне бойыңды тiтiркендiретiн азалы хабарға жұрттың құлағы да үйрене бастаған. Әсiресе кейiнгi екi-үш жылдың iшiнде жасөспiрiмдердiң өзiн өлiмге қию деректерiнiң шамадан тыс көбейiп кеткендiгi жүрек шошытады.
Суицидке бой алдыру оқиғалары бұрын да болған шығар. Өзiн-өзi өлiмге итермелеу жағдайы белең алып бара жатқан қоғамда «баламды қалай қорғаймын» деп басын қатырып жүрген ата-ана да тығырыққа тiрелдi. Уайымы үдей түсiп, түнгi ұйқысы шырт бөлiндi. Ендi не iстемек? Баланы қалай тәрбиелемек керек? Құрсағын жарып шыққан баласының өмiрiн сақтап қалуды ойлайтын кез келген ата-ананы алаңдатқан сауалдың жауабы бұлыңғыр.
Десек те әр түйткiлдiң бiр шешiмi бар. Себепсiз салдар болмайды. Нелiктен қоғамда балалардың өзiне-өзi қол жұмсау оқиғалары жиiлеп кеттi? Әлде батыстанып бара жатқан жастар мен жасөспiрiмдердiң тәрбиесiн уысымыздан шығарып алдық па? Бәлкiм, «баланың бетiнен қақпай өсiру керек» деген кейбiр ұлттың бiзге жат тұрмыс-салтын бойымызға сiңiрдiк пе? Мүмкiн дәстүр сабақтастығы үзiлген, адамдары азғындаған қоғамның iштей iруi осыған әкелiп соқты ма? Сансыз сауал сананы сан-саққа жүгiртедi.
Суицид дегенiмiз – адамның саналы түрде өз-өзiне қол жұмсауы. Психология iлiмiнде оның ашық, белсендi және жасырын сияқты үш түрi бар. Өкiнiшке қарай, қазiргi қоғамда жасөспiрiмдер арасында суицидтiң барлық түрi көбейiп кеттi. Бiрақ осыны телеарнадан күнделiктi айқайлатып айту былай тұрсын, адамның мүрдесiн анық көрсету дұрыс па? Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн теледидарға телмiретiнiн ескерсек, бұл жасөспiрiмдердiң санасына селкеу салмай ма? Тiптi мұны күйбең өмiрдiң кәдуiлгi жаңалығы ретiнде қабылдайтын дәрежеге жеттiк десек өтiрiк емес.
Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiне сенсек, Қазақстан әлемдегi ең көп суицидтiк жағдайлар тiркелген ел ретiнде үшiншi орынға шыққан көрiнедi. Яғни бұл елiмiзде жыл сайын өз еркiмен өлiмге бас тiгушiлер қатарының артып жатқанын аңғартады. Ресми деректерге сүйенсек, 2009 жылы 260 жасөспiрiм өзiне-өзi қол жұмсап, өмiрмен қош айтысса, 2010 жылы осындай 237 оқиға тiркелген. Ата-анасының қабырғасын қайыстырып кете барған балалардың қайғылы өлiмi көбiнесе Шығыс Қазақстан облысында орын алған. Осы өңiрде былтыр 30 шақты жасөспiрiм өмiрдiң базарынан ерте қол үзген. Алайда, бұл көрсеткiш денсаулық сақтау саласы мамандарының ақпаратымен мүлде сәйкес емес. Шығыс Қазақстан облыстық салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы: «2009 жылы Шығыс Қазақстанда 34 жасөспiрiм өз-өзiне қол жұмсаса, 46-сы осыған әрекет жасаған. Ал былтыр 60 жасөспiрiм ажал құшса, 73 жеткiншек өзiн-өзi өлтiргiсi келген. Демек суицид көрсеткiшi жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр» дегендi ашып айтады.
Бiр айта кетерлiгi, мұндай деректер елiмiздiң барлық өңiрiнде тiркелуде. Былтыр Алматы облысында – 22, Қарағанды облысында – 21, Ақмола облысында – 18, Жамбыл облысында – 16, Оңтүстiк Қазақстан облысында – 19 суицидтiк әрекет жасалған. Соңғы үш жылда Солтүстiк Қазақстан облысында өз-өзiне қол жұмсау көрсеткiшi екi есе өскен. Бұл – осыншама ата-ана қара жамылып, ботасынан айрылған бозiнгендей еңiреп қалды деген сөз.
«Мектеп оқушылары арасында суицид неге көбейiп кеттi?» деген сауалға мамандар әртүрлi жауап қатады. Бiрiншiден, ауылды жерлерде жастардың бос уақытын өткiзетiн бұрынғы клубтар мен спорттық орталықтар жетiспейдi. Содан кейiн жағымсыз әрекетке барып, бiрте-бiрте қылмыс жасауды үйренедi. Мұның соңы зұлымдыққа, қатыгездiкке итермелейтiнi айдан анық. Екiншiден, суицид көрсеткiшiнiң көбеюiне елдегi дағдарыстың да салқыны тигенге ұқсайды. Қаншама отбасының асыраушысы жұмыстан қысқарып, күнделiктi нәпақасынан айырылды. Бұл да отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде өмiрдiң ақ-қарасын жаңадан танып келетiн жасөспiрiм тәрбиесiне ауыр тиетiнi сөзсiз.
Суицид – қоғамға төнген қауiп. Онымен ел болып, халық болып күрес жүргiзу керек! Ол үшiн жұмысты неден бастау қажет? Жапония өткен жылы азаматтардың өз-өзiне қол салуымен күресу, алдын алу үшiн бюджеттен 32 миллиард доллар қаржы жұмсапты. Ал бiзде ше? Мәселенiң әбден шарықтау шегiне жеткен кезде ғана аттандап жатқанымыз қалай? Әрине бүгiнде бiлiм ұяларында мектеп инспекторы да, психолог та жұмыс iстейдi. Десек те баланың iшкi жан-дүниесiне үңiлiп, етене жақын қарым-қатынас орнатып, тiл табысатын психологтар кемде-кем екенiн мойындау керек. Тiптi бiзде психологқа деген сұраныс та, қолдау да жоқ. Бiр мектепте кемiнде 1500 бала бiлiм алса, бiр психолог қайсыбiрiне жетедi?
Қазіргі таңда ой жүгіртіп бір шешімге келер уақыт келді ағайын. «Ел болам десең-бесігіңді түзе» деген дана халқым.