17 июня 2011, 07:48 | 3 555 просмотров
Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Қай елдің болмасын өсіп – өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты.
Еліміздегі білім берудің жалпы ұлттық басымдылыққа көшуі баршаны қуантады. Білім берудің міндеттері өзгерді: Оқытудың жаңа нәтижеге негізделген, оқушының, мұғалімнің өзін-өзі дамуын реттейтін білім берудің жаңа үлгісі құрылды. Оқушыларға берілетін оқу материалдарының құрамы мен білімнің көлемі мен саны емес, осы білімді пайдалану қабілеттелігі, сол білім негізінде шешім қабылдау және әрекетті іске асыру қабілеті бағаланады.
Әрине, жаңаны іске асыруда басты роль мұғалімдерге жүктеледі. Бүгінгі күні әдістемелік мәдениетті меңгерген, нәтижені алдын-ала болжайтын, сол нәтиженің жетістігіне қарай өз қызметін жобалай білетін мұғалім ауадай қажет. Ондай педагогты қалай тәрбиелейміз? Оған қандай білім керек.
Ұстаз жолы – қиын да, ауыр да, абыройлы жол. Адам тәрбиелеу, жас ұрпақты тәрбиелеу ұстаздардың борышы.
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, - деп ақын атамыз тегін айтпаған, мектеп табалдырығын алғаш аттаған жас бөбектер он бір жылда алған біліммен сусындап, есейіп ер жетеді. Мұғалімдер оқытудағы озат тәжірибені өз іс – тәжірибелерінде қолданып, оқушылар білімдерінің терең де, тиянақты болуына қам жасауда. Жаңа буын оқулықтары мұғалімнен көп ізденуді, қажымай, талмай, еңбектенуді талап етеді. Көп ізденген, көп біледі.
Көп білгеннің еңбегі зейнетті. Ертең ұядан ұшатын жастардың көздері ашық, көкірегі ояу болса, ұстаз үшін одан зор құрмет, одан артық табыс жоқ. Оқыту жұмысы жемісті болу үшін мұғалімнің бағдарлама мен оқулықты білуі жеткіліксіз. Сабақ өтудің әдіс-тәсілі мен жаңалықтармен қарулану керек.
Осы тұрғыдан алғанда мен шығармашыл, сын тұрғысынан ойлай білетін оқушы қалыптас-
тыруға көмектесетін педагогикалық құралдардың бірнеше жобасымен таныстым. «Ғаламдық білім беру» жобасы, «Сыни тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу» арқылы дамыту «стратегиясы», «өкілетті білім беру» жобаларымен таныстым. Өз сабағыма элементтерін енгізіп, сабақ беру әдісі, оқушыны жеке тұлға ретінде қарап, өздерін ұстазбен тең сезінуге, ешнәрседен тартыншақтанбауға үйрететін тағы бас-
қа әдіс – тәсілдері ұнады. Әр сабағымда басты тұлға оқушы екенін, мен тек бағыттаушы болатынымды естен шығармауға тырыстым. Олар менің сабағымнан өз беттерімен шешім қабылдайды, тығыз қарым-қатынас жасауды, кез-келген тығырықтан шығуға болатынын үйренді. Осы семинарларға қатыса отырып, өз білімімді шыңдадым. Сабағымда оқытудың жаңа технологияларының стратегияларын қолдану барысында, оқушының, өзін-өзі бағалау, сөйлеу, тыңдау қабілеттерінің артқандығын байқадым. Әсіресе осы жобаның әрбір стратегиясы мен жаттығулары менің әдістемелік қоржынымның басты байлықтары.
Менің байқағаным, оқушылар көбінесе тек баға алу үшін ғана оқитыны, олардың жазғанын тек мұғалім ғана оқитыны. Осы олқылықты жою үшін сабақты «шығармашылық минуттарына» уақыт бөлдім. Жұмыстың бастапқы түрі сурет салудан басталды. Содан кейін сол суреттерді сөйлетіп, қиялға ерік берілді. Өздерінің суреттерімен жұмыстан соң, бір-бірімен алмастырып, сыныптастары салған суреттерді сөйлетуге кірістім.
Балалар шығарма мен эссені аса құштарлықпен жазады, себебі онда оқиғаларға, құбылыстарға, әрекеттерге өз бағасын, өз пікірін беру әрқашан қызықты.
Әрі қарай қиял ғажайып патшалығына саяхатқа шығу үшін қаламдарын ұштау керек болды.
Ертегі, мысал, өлең, жұмбақ бұл да шығарманың туыстары. Армандар мен қиялдардың еркін самғар тұстары, міне осыларда!
Зерттеу жұмыстары, авторға хат, кейіпкерге хат жазу арқылы олар ойларын жинақтауға үйренді. Логикалық ойлауға, талдауға жауап беретін ми бөліктері үлкен қызмет атқарады.
Дидактикалық театр мен қуыршақ театрларында оқушы тек көрермен болып отырмай, актер де, режиссер де бола алады. Көбінесе, біз өзіміз сценарий мен қойылымдар құрып қоямыз. Әр түрлі заттармен құбылыстар бейнесін жасаймыз.
Қызықты ойынханада тапсырмаларды көбінесе оқушылар өздері дайындайды. Жұмбақ, сөзжұмбақ, ребус, сканвордтар құру және шешу олардың асыға күтер сәттері.
Ал, әдеби мейрамханада жазушылар мен ақындардың өмірімен, еңбектерімен жақынырақ танысады. Өздерінің әңгімелерімен өлеңдерін, басқа да туындыларын ортаға салады. Өздерінің алғашқы кітаптарын құрастырады, газеттерін шығарады.
Біздің оқуға деген әрекетіміз неғұрлым белсенді болған сайын, соғұрлым миымызда ақыл ойды дамыту үшін клеткалар жинақталады, ал шығармашылық жаттығуларын тоқтатсақ, онда бұл клеткалар жойылып, миымыз тоқырауға ұшырайды.
Бұл дегеніміз – ақыл-ойды үдемелі жаттықтыру арқылы «Жаңа Әл-Фарабилерді», «Абайларды», «Әуезовтерді» тәрбиелеп өсіруге болады.
Бала – керекті, керексіздің бәрімен толықтыратын бос ыдыс емес, ол – қалауын тауып, жандырар алау!
Мен өз сабағымда қолданып жүрген жаттығуымның біреуін ұсынамын:
Жаттығу: Ішкі жылу.
Мақсаты: Қатысушыларға қоғам мен адам арасындағы байланысты көрсету.
Пән кез - келген
Сынып 4 сынып
Уақыт 45 минут
Ресурстар Әр қатысушыға парақ, маркер.
Процедура
1)Қатысушыларға іштеріңізде жылу сезімін тудыратын заттардың суретін салу ұсынылады;
2)Қол жеткізу үшін ақшаны қажет ететін заттарды шаршымен қоршаңыздар;
3)Басқа адамдардың қатысуынсыз қол жеткізуге болатын заттарды үшбұрышпен қоршаңыздар;
Алдымен, жеке жұмыс жасалады. Содан кейін топтарға бірігеді (3-4 адамнан әркім өз ойын ортаға салады, талдайды, ортақ пікір шығарады). Соңында әр топтан бір адам ортаға шығып, топ ойын жеткізеді.
Потенциал: Қатысушылар өздері үшін ненің бағалы екенін таниды.
Кеңейту: Соңында қатысушыларға мынадай сұрақтар қоюға болады:
1.Қандай фигуралар кездесті?
2.Қай фигураның ішінде өзіңізге өте қажетті зат орналасқан?
3.Неге солай?
4.Ешқандай фигураға сәйкес келмейтін зат бар ма?
Вариативті бөлім: Осы сұрақтар бойынша зерттеу жүргізуді ұсынуға болады.
Осындай жаңалықтар оқушылардың ақыл-ойын, танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылығын дамыту мәселелерін шешеді. Білімнің сапасын көтереді.