Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Назарбаев Университеті жаңа факультеттер ашып жатыр


24 июня 2011, 07:57 | 2 320 просмотров


Халықаралық серіктес жоғары оқу орындарының делегациясы 19-21 маусым аралығында Назарбаев Университетінде ресми іссапармен болды.

Осы сапардың қорытындысы бойынша, бүгін Университетте баспасөз мәслихаты өтуде. Оның күн тәртібіндегі басты мәселе - жаңа оқу жылынан бастап университетте ашылатын үш мектепті (факультетті) - Инженерия, Ғылым және технологиялар, Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектептерін таныстыру болды.

Назарбаев Университетінің бірегей тұжырымдамасына сәйкес, әр академиялық бағдарлама әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіретін халықаралық университеттермен серіктестікте әзірленіп отыр. Серіктес-университетпен бірлесіп оқу бағдарламасы жасалады, оқу стандарттары және оқу құралдарының тізімі бекітіледі, сондай-ақ профессорлық-оқытушылар құрамы тартылады.

Баспасөз мәслихатына Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу мырза, Университеттің Foundation бағдарламасы және Инженерия мектебі бойынша серіктесі Лондон Университеті колледжінің, Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің серіктесі - американдық Висконсин-Мэдисон Университетінің, Ғылым және технологиялар мектебінің серіктесі - Карнеги Мелдон Университетінің ресми өкілдері қатысуда.

Назарбаев Университеті алғашқы студенттерін 2010 жылдың күзінде қабылдаған болатын. Қазір оқу орнында Foundation бағдарламасы бойынша бакалавриаттың бірінші базалық курсында 480 студент білім алуда. Жаңа оқу жылында бірінші курсқа тағы 500 студент қабылданбақ.

Алматы облысында «Алтын белгі» иегерлерінің

қатары көбеюде

Алматы облысында ағымдағы жылы 330 түлек «Алтын белгі» иегерлері атанды, 2010 жылы олардың саны 267 адам болған еді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, олардың ішінде екі түлек ең жоғары -125 балды жинады. Олар-Жамбыл ауданындағы Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің түлегі Нұрдәулет Әбілов пен Талдықорған қаласындағы М.Ломоносов атындағы №5 мектептің түлегі Әнел Еженова.

Облыс оқушылары соңғы бес жыл бойы республикалық және халықаралық білім жарыстарында үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Облыстың жас дарындары жылдың басынан бері түрлі жарыстардан 154 медаль қанжығалап қайтты.

Астанада «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры журналистік сыйлығының жаңа жүлдегерлерінің

есімдері жарияланды

Бүгін Астанада «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры жыл сайын берілетін «Қазақ тілін насихаттауға қосқан үлесі үшін» журналистік сыйлығының жаңа жүлдегерлерінің есімдерін жария етті, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Биылғы сыйлыққа республикалық БАҚ-тың үш өкілі: Ғабит Мүсіреп («Нұр Астана» газетінің Бас редакторы), Максим Рожин («7 телеарнаның» журналисі), Әлия Кенжебаева («Астана» телеарнасының журналисі) ие болды.

Қор директоры Азат Шәуеевтың айтуынша, бұл журналистік марапаттың көздегені Қазақстандағы тілдік жағдайды жан-жақты және шынайы саралап, қазақ тілінің қоғамдағы орны мен маңыздылығы туралы танымды материалдар әзірлеп жүрген, өз кәсібінде қазақ тілін кеңінен пайдаланатын да, насихаттайтын баспа және электронды БАҚ-тардың өкілдерін ынталандыру.

Бұл сыйлық 2010 жылы журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында тағайындалған болатын. Оның мөлшері - елу мың теңге.

Былтырғы алғашқы ақшалай жүлделермен «Ана тілі», «Казахстанская правда» және «Рудный Алтай» газеттерінің журналистері марапатталған болатын.