24 июня 2011, 07:50 | 6 502 просмотра
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті- ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген. Бұл міндеттерді шешуде, әрбір орта мектептің бастауыш сатысында білім беруде оқу-тәрбие үрдісін жаңа технологияларға сай ұйымдастыру әрбір мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынас-
қа өту қажеттігі туындайды.
Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту шеңберінде білім берудің мақсаты мен мәнінің өзгеруі «білім беру технологиясы» деп аталатын жаңа ұғымның пайда болуына ықпал етті. Бұл ұғымның мәнін білім беру үдерісін өзгеше дамытатын жүйе деп түсінуге болады, онда білім алушылардың іс-әрекеті жетекші фактор болып табылып, оқыту мұғалім мен білім алушының субьектаралық өзара әрекетін қарастыратын және олардың мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін рефлексиялық басқару ретінде көрінеді.
Бастауыш мектепте қазіргі педагогикалық технологияларды пайдаланудың тиімділігі оқушылардың білімін арттыруда, іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыра алуымен байланысты. Педагогикалық іс-әрекеттің қыр-сырын әртүрлі салада қарастырған ауқымды зерттеу еңбектері баршылық. Мәселен, қазіргі педагогикалық технологияларды пайдалануда оқушы білімін арттыру, қызығушылығын қалыптастыру, бастауыш мектеп оқу үдерісінің тиімділігін арттыру мәселелері қазақстандық ғалымдар - Н. Д. Хмель, С. А. Ұзақбаева, Л. К. Керімов, Б. Әбдікәрімұлы, М. А. Құдайқұлов, А. Е. Әбілқасымова, М. Ж. Жадрина, Г. Ж. Меңлібекова, Б. С. Имандосова және т.б. еңбектерінде қарастырған.
Оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру мақсатында педагогикалық технологияларды ұсынған Н.П.Гузиктің, В.М. Монаховтың, Ф. Шаталовтың, Т.Галиевтың, Л.Бектұрғановалардың еңбектері және т.б. ғылыми тұрғыдан практикалық мәні зор еңбектері біздің зерттеу жұмысымызда басшылыққа алынды. Қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер түрлі ынталы бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол ашуда. Осы тұрғыдан алғанда, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік- педагогикалық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қызметтігі туындайды. Бұл үшін мұғалімдердің инновациялық іс- әрекеттің ғылыми – педагогикалық негіздерін меңгеруі мақсат етіледі. Ал жаңа технология пайдалану міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отыра мүмкіндік деңгейіне жеткізеді. Сондықтан мұғалімнің біліктілігін көтеру мен шығармашылық педагогикалық әрекетін ұйымдастыруда қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерудің маңызы зор.
«Инновация» ұғымын қарастырсақ, ғалымдардың көбі оған әр түрлі анықтамалар берген. Мысалы,Э. Роджерс инновацияны былайша түсіндіреді: « Инновация- нақтылы бір адамға жаңа болып табылатын идея». Майлс « Инновация- арнайы жаңа өзгеріс. Біз одан жүйелі міндеттеріміздің жүзеге асуын, шешімдерін күтеміз» дейді. Ендеше «инновация» ұғымы – педагогикалық сөздік қорына ежелден енген термин . Ол кейбір ғалымдардың еңбектерінде «жаңа», «жаңалық енгізу» деп көрсетілсе, кейбіреулер оны «өзгеріс» деген терминмен анықтайды.
Инновация термині қазірде білім берудің теориясы мен тәжірибесінде кеңінен қолданылып жүр. Бірақ, ғалымдарбұл терминніңнақтылы анықтамасы белгілі бір категория ретінде берілмеген. Берілетін анықтамалардың көпшілігі бұл ұғымды кеңінен таныта алмайды. Инновацияны «білім беру жүйесіндегі жаңалық енгізу» деп айтсақ, оның мағынасын тарылтқан болар едік.
«Инновация» ұғымы ең бірінші XIX ғасырда мәданиеттанушылардың зерттеуінен пайда болды, яғни, бір мәдениет түрлерін екінші ел мәдениетіне енгізу дегенді білдіреді және бұл ұғым этнографияда әлі сақталған.
Инновация латыншадан аударғанда жаңа, жаңалық, жаңарту дегенді білдіреді екен . Яғни, С.Ожегов сөздігіне сүйенсек, инновация бірінші рет шыққан, жасалған жуық арада пайда болған, бұрынғының орнын басатын, алғаш ашылған, бұрыннан таныс емес енгізілген жаңалық болып шығады.
«Инновация» ұғымын әр елде әр түрлі түсінген, кейбір мемлекеттерде (АҚШ, Индерланды) бұл термин кең тараған, ал Арабия, Жапония тәріздес мемлекеттерде кезіктіру мүмкін емес. Сондықтан әр елде бұл құбылыс-
қа қандай көз қарас қалыптасқанын анықтау мақсатымен ғылымы- педагогикалық, техникалық, саяси әдебиеттер мен баспа беттерін зерттей келе, Ресейде, шетелдерде, ТМД елдерінде, Қазақстанда «инновация» ұғымына көптеген анықтамалар берілгенін көреміз.
Ресейде «инновация» ұғымына өте күдікпен қарағаны мәлім. Мәселен, XIX-XX ғасыр басындағы бірде – бір білім реформаларында бұл термин кездеспейді. Негізінде реформа жүзеге асқан , яғни, инновациялық үрдіс өткен , бірақ «инновация» термині еш жерде аталмайды.
Ал Америка ғалымдары Биль және Болен педагогикалық инновацияны «құрамына материалдық өзгеруіне ғана емес, сол материалды қолданудағы көзқарастардың кешенді өзгеруін білдіретін үлкен өзгеріс» деп түсінеді.
Қазақстан мемлекетінде «инновация» ұғымын пайдалану соңғы жеті жылдың енші-сінде. Ең алғаш «инновация» ұғымына қазақ тілінде анықтама берген ғалым Н.Нұрахмет-
ов. Ол «Инновация, инновациялық үрдіс деп отырғанымыз- білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі» деп жазады. Ал инновация негізінен құраушы ұғымдардың: «инновация», «нововедение», «новшество», «новое» т.б. қазақша аудармаларын жасаған Ы.Алтынсарин атындағы білім мәселелерін ғылыми зерттеу институтының әдіскері Қ.Құдайбергенова болып табылады. Ол өз еңбектерінде инновацияны» нақты қойылған мақсатқа сай салынған жаңа нәтиже деп есептеп, төмендегідей аудармалар жасаған: «инновация» - жаңарту, «нововедение» - енген жаңалық, «новое» - жаңа, « новшество» - жаңалық, «инновациялық процесс» - жаңарту үрдісі.
«Инновация» сөзі - қазіргі уақытта барлық өндіріс, медицина, техника салаларында өте жиі қолданылып жүрген термин. Қазір «жаңа, өзгеру, жаңаша» деген мағынаны білдіреді және дәл қазіргі жаңа заманға да « жаңа, жаңаша өзгерудің» мазмұны терең және анық екендігі белгілі.Бұл әдістеменің негізінде үйренушінің дербес қабілеті, белсенділігін қалыптастыру, оқыту материалдарын өзінше пайдалану ар-қылы танымдық белсенділігін арттыру алға шығады. Мұның ерекшеліктері негізінен мыналар:
-үйренушінің белсенділік іс- әрекетін дамыту;
-оқыту мен үйретудің өзара үйлесімдігін қалыптастыру;
-мұнда үйренушінің дербес қабілетін дамытуға көмек беру;
-үйренушінің танымдық үрдіске белсенді қатысуын анықтау мүмкіндігі;
-көрнекілік құралдарын көбірек пайдалану арқылы сезімін жоғарлату.
Жаңа педагогикалық технологияның негізгі үлгілерін ғалымдардың еңбектеріне талдау жасай отырып, мұғалімнің оқушымен жекелей қарым-қатынасына негізделген оқытудың жаңа технологияларын бағыттарына қарай жіктеп төмендегідей топтастыруға болады. «Педагогикалық технология оқушының өз бетімен жасайтын оқу –танымдық қызыметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу- тәрбие процесінің жобасына негізделуі қажет» делінген шарт мазмұнын (оқу материалын) тек орта қабілеті бар оқушыға арналған ақпарат көзі болудан оқушының өз бетімен белсенді жұмыс жасап, дамуына жол ашатын оқу құралына айналуын қажет етеді.