24 июня 2011, 07:48 | 3 996 просмотров
Отбасы - бала тәрбиесінің алтын ұясы. Адамның бақыты отбасына байланысты. Ата – ана махаббаты, перзент парызы-отбасының берекесі. Дүниеге тіршілік әкелуші әйелдің махаббаты, ұнату, сүю сезімдері, мінезінің, жан дүниесінің иірімдері, адамгершілігі, зеректігі ақ сүтімен, алпыс екі тамыры арқылы нәрестесіне өтеді. Сондықтан да көрнекті педагог В.А. Сухомлинский : «Ана жүрегін сезе біл, оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық, мазасыздықты, абыржу мен ренішті көре біл. Егер сен бала кезіңде анаңның көзіне оның жан дүниесін көре білуге үйренбесең, адамгершілік жағынан өмір бойы тәрбиесіз болып қаласың» деген екен! Ал ұлы Абай бабамыз «Адамның адамгершілігі–жақсы ұстаздан басталады » деп, жыламай тамақ ішпейтін бүлдіршінді ұстаздарға, яғни осы отырған біздерге аманаттаған екен! Ал аманат жүгі қашан да ауыр! Халқымыздың «Бала өсірген ата – ана – бала болып ойнайды, бала оқытқан ұстаздар, бала болып ойлайды» деген екен.
Адам тәрбие негізінде жетіліп, қалыптасады. Адам болашағын шешетін де тәрбие екендігі ежелден белгілі, көңілде жатталған ұлы түсінік болғанымен, оны педагогикалық – психологиялық тұрғыдан келгенде «қалай жүргізу керек, қалай ұйымдастыру керек»деген мәселе күн тәртібінен түспейтіні ақиқат. Адам өмірінде тәрбие мәңгілік категория болса, оны ұйымдастыру, жүзеге асыру еш уақытта ескірмейтін, қайта озған сайын жаңарып, әрбір кезеңнің өз талабына сай жетіліп отыратын үздіксіз үрдіс деп түсінеміз.
«Жаныңда жүрген жақсының жанынан қалмай жолын қу.
Соңыңа ерген кішінің, бетін қақпа белін бу» демекші, тұлғаны тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбиелі болуымыз керек емес пе ? Ал мұғалімдік жұмыстың ең негізгі қасиеті - педагогтік әдеп. Ол – мұғалімнің әрбір нақты іс – әрекетінде тәрбие мәселесінің ең ұтымды әдіс – тәсілдерін қолданып, оқушыларды еліктіріп әкететін кәсіптік сапасы. Әдеп болмаса құр білімге ешкім де құлақ аспайды және одан ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже тағы шықпайды.
Мысалы, тылтиған шалбар киіп, әлем – жәлем алқа – жүзік тағып, кеудесі ашық, гүлге оранған кеудеше киген, жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітіріп келген жас маманның сабақ өтіп тұрғанын көз алдыңызға елестетіп көріңіз! Ертесі күні оқушының дәл солай киініп келмесіне кім кепіл?! Бұл жағына келгенде мектебімізде ондай жүгенсіздікке жол берілмейтіндігі қуантады: оқушылар мектеп ережесіне сай мектеп формасымен сабаққа келеді.
Ешқашан өз көзқарасынан танбайтын, оқушыларының теріс мінез – қылықтарына көз жұма қарамайтын, олардың кез – келгеніне қатты ескерту жасаудан қаймықпайтын бірақ оқушыларына да, өзінің педагог атына да ақылмен, құрметпен қарайтын педагогтің әдептен хабары мол, ұстамды, әдепті мұғалім оқушылардың жүрегіне жол таба біледі. Жол таба білудің нәзік жолдары: ерік – жігер, ұстамдылық, ілтипаттылық, дәйектілік, талап қоя білушілік, зейінділік, қалжыңдай білушілік, орынды мысқыл, ептілік, әзіл – оспаққа үйірсектік, көзқарас және дауыс ырғағының мол болуы. Бұл орайда әрбір мұғалім - педагог – психолог, зерттеуші бола білуі керек деп ойлаймын. Ол үшін баспа беттеріндегі, психологиялық әдебиеттердегі сауалнамаларға жауап бере отырып, алдымен өзіңіздің темпераментіңізді, мінез – құлқыңызды, мамандыққа икемділігіңізді біліп алсаңыз! Тіпті кейде жұлдызнамаңызға қарап та өзіңіз қандай тұлға екендігіңізді, бойыңыздағы, мінез – құлқыңыздағы ерекшелігіңізді бағалап, өмірде дұрыс қолдана біліп, кем – кетік жақтарыңыз болса толтыруға тырыссаңыз көптік етпес еді!
«Бір баланы тәрбиелеп өсіргенше, үлкен қала құрылады » деген мәйекті сөзге қалай қарайсыз? Бұл тұрғыда ата – аналардан, әсіресе, қазіргі таңдағы ата – аналардан, соның ішінде әйел кісілерден «Балам сөзімді тыңдамайды. Мұғалімдер сонша балаға қайтіп ие болады екен?» деген кейісті естігенде төбеңіз көкке жетіп, марқаясыз ба? Ал мен мақтанамын! Себебі, әдепті педагог болмай, шебер педагог болу мүмкін емес. Педагогтік әдеп жаттау, есте сақтау және жаттығу жолымен жасалмайды. Ол – мұғалім ізденісінің нәтижесі, оның ақыл – ойының көрінісі. Педагогикалық әдеп оның жас мөлшеріне, мінез – құлқына, темпераментіне байланысты. Педагогтік әдеп – әр ұстаздың дара қасиеті. Әрбір нақты жағдайға оқушылардың қалай қарайтынын аңғара білу мұғалімнің білігін танытады. Ал оқушылардың нақты жағдайға қалай қарайтыны, көбінесе, олардың мұғаліммен қарым – қатынасына байланысты болып келеді. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары үйге берілген тапсырманы орындау барысында мектептегі мұғалімі айтқан орындау жолының басқа әдісін айтып көріңізші, балаңыз қалай қарар екен?! «Жоқ, мұғалім басқалай айтқан...» деп сізді жолатпасы анық. Егер баламен тіл табыссаңыз, СІЗ оның жүрегінде сол ТҰЛҒАҢЫЗБЕН өмір сүресіз!
Мұғалім мен оқушылар қарым – қатынасының ойдағыдай өрбуіне ықпал жасайтын педагог бойындағы маңызды белгілерінің бірі – байқағыштық.
«Жығылмай, жыламай бала өспейді, Қарамай, сипамай төл өспейді» демекші, қат – қабат қиындықтарға толы мына өмірде үнемі арқа – жарқа, мамыражай ғұмыр кешу әсте мүмкін емес. Тұлғаның әр сәт сайын алдынан андыздап шығатын түрлі проблемалар ашу – ызасын үдетіп, көп жағдайда тығырыққа тірейді. Ашу – ызаның үдей түсуінің соңы жанды жабырқатып, жан дүниесі құлазып, торығуға ұшырағанын сезбей де қалады. Торығуға ұшырағанда адам өз – өзінен тұйықталып, белсенділігі ең төменгі деңгейге дейін құлдырайды. Қысқысы, торығу мен ашушаң мінез таныту – адам ағзасының дағдарысқа ұшырай бастауының белгісі. Дағдарыс-
тың бұл түрі бүгінгі күнгі ең тажалды проблема болып отыр. Яғни, бүлдіршіннің гүлдемей жатып солуына не себеп?
Ата – бабаларымыз аштық зұлматын да көрді, соғыс қасіретін де тартты! Аштықтан тышқан жегенін де аңыздай естіп өстік. Бірақ, «осыған шыдамай өз – өзіне қол салды» дегенді естімеп едік?! Ал, бүгінде ұрпақтың ұсақталғаны ма, тәрбиенің олқылығы ма, әлде батысқа еліктеушілік пе? Мұның себебін кім дөп басып айта алар екен? Баланың қырсықтығы деп көрдік, ата бабаларымыздың қаталдау тәрбиесін қазіргі ата – аналар ұстанбады деп көрдік, біреудің әлімжеттілігіне шыдамады деп көрдік, махаббат машақаты деп көрдік. Сондағы жауап қане? «Кім де кім өмір сабағын жаттай алмаса, оны «үйретем» деген ұстаздікі далбаса» дейді екен. Сондықтан ұстаздардың байқағыштық қасиеті- ең алдымен шәкіртінің ішкі әлеміне терең үңіліп, көңіл - күйлерін қабақтарынан танып, әрқайсысының мінез – құлық ерекшеліктерімен санаса білуі керек деп ойлаймын. Бала денсаулығы қалай, көру - есту мүшелері сау ма, дене бітімі қалай қалыптасып келеді, неге қызығады, бойында бүр жарып келе жатқан дарын, талант бар ма, оны қалай жетілдүруге болады деген мәселелерді байқаудан көрінеді, бұл жерде мұғалімнің байқағыштық қасиеті аздық етеді. Айтайын дегенім, ата – ана ең бірінші байқауы керек. Тойда отырған әке – шешенің әңгімесімен мысал келтірейін: әкесі үйде қалған баласының жылаған – жыламағанына алаңдай бастағанда, ананың омырауы иіп кетеді дейді екен.» «Әкенің жақсысы жездедей – ақ» десек те, ер адамның отбасындағы ықпалын мен өзім бірінші орынға қояр едім! Себебі – «жігітті әйелімен, әйелді алтынмен, алтынды отпен сынау керек » (Сенека) деген де бар!
Қаһарман атамыз Бауыржан Момыш-
ұлы «менің үш қорқынышым бар: Біріншісі – осы заманда бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Екіншісі – балалары мен немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшінші – дәстүрді сыйламайтын ұрпақтардың өсіп келе жатқанынан қорқамын» деген екен! Сондықтан да бүгінгі таңда дамыған тұлға тәрбиелеу рухани құндылықтың қайнар көздері негізінде, оны жеке тұлғаның қабылдауы арқылы жүзеге асады. Ал рухани құндылықтардың қайнар көздері сан алуан екендігін ескерсек, сіздерге - солардың ішіндегі танымдық бағыт, адамгершілік бағыт, әлемдік бағыт, ұлттық бағыт, салауатты өмір салты, дүниетаным бағытын оқушылармен қарым - қатынаста мұғалімнің тағы бір маңызды белгілерінің бірі – ілтипаттылықпен жеткізе білулеріңізді ұсынар едім. Ілтипаттылық та педагогтық әдеп саласына жатады.
Ұстаз бен оқушылар арсындағы қарым – қатынаста төзім мен сабыр сақтау сияқты қасиеттердің үлкен, тіпті көп жағдайда шешуші мәні бар. Ашу үстінде ешқандай да шешім қабылдауға болмайды. Сабырлылық, өзін -өзін ұстай білушілік сияқты қасиеттер ұстаздың белсенді құралы болуы қажет. Мысалы қатты ашу қысқанда балаға «екілік» баға қойып жібердіңіз дейік. Ойлап көріңізші сіз кімге, не үшін нашар баға қойдыңыз? Сол «екілік» арқылы қазіргі өз бетінше ойлануға үйренетін, қай жаста болсын алдынан шығатын түрлі проблеманы шешуге қажетті әрекет тәсілдерін үйренетін бүгінгі заман баласына әсер ете алдыңыз ба? Ұстамдылық пен сабырлылық іскерлік пен дағдыға ұқсас болады. Өзін – өзі ұстай білуге тәрбиелемеген оқытушы педагогтың әдепті сақтауға да ерік – жігері жетпейді.
Қазіргі мектеп тәжірибесінде оқушыны тапсырманы айнытпай орындаушы ретінде тәрбиелеу басым бағыт алып отыр. Ол оқушының өз бетімен ойлануына, өзіндік пікірін білдіруіне кері ықпал етіп, білім алуға деген қызығушылығын төмендетеді.
Жалпы білім берудегі жалпыұлттық деңгейдегі басты мақсатымыз – Қазақстан Республикасының әлеуметтік экономикалық, қоғамдық – саяси өміріне белсенді араласуға дайын құзыретті тұлғаны қалыптастыру, ұрпақты тәрбиелеу. Ол ұрпақтың үні « Мен: мені жаратқан Алланы сүйемін! Мені өмірге әкелген әкем мен анамды сүйемін! Мен барыммен, жаныммен, қаныммен анам сөйлеген ана тілімді сүйемін!!!» деп шығуы керек!
Сонымен, Алла адамға жанды аманатқа беріпті, ұрпақты сынамаққа беріпті. «Ата – анаға көз қуаныш алдына алған еркесін » ұстазға аманаттапты. «Бала биден де күшті, бірақ бітірмес істі» – деп, тәрбиелей отырып, аманатқа қиянат жасамайық!