Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Алға «Ұландар»!


22 октября 2009, 10:40 | 13 024 просмотра


Ұрпақты ұядан ұшыратын білім ордасы мектеп болса, мектептен дәріс алатын шәкіртіне жасы кіші немесе бала деп қарамай, онымен азамат, үлкен кісі деп санасып, оқушыны өзімен тең дәрежеде ұстап, оны жеке тұлға, ертеңгі ел иесі ретінде қарап, серіктесі ретінде санаған ұстаздардың ауданымыздағы жемісті еңбегінің нәтижесінде жүйелі жұмыс атқаратын, үлгі болып жүрген Үшарал қазақ гимназиясының Бастауыш Балалар Ұйымының тәжірибесін өзге мектептерге үлгі еткім келеді. Өзім білім алатын іргелі білім ордасы Үшарал қазақ гимназиясында 2004-2005 оқу жылынан бері оқушылардың Бастауыш Балалар Ұйымы жұмыс істейді.

Бастауыш Балалар Ұйымы мектептегі іс-шаралардың өтуіне атсалысып отырады. Мысалы, «Денсаулық» салауатты өмір орталығы, «Іскерлік» қаржы-шаруашылық орталығы,Қам-қорлық-қайырымдылық орталығы, «Жаңғырық» ақпарат-баспасөз орталығы, «Көңілашар», «Армандастар» орталықтары, «Мөлдір бұлақ» орталықтары жұмыс істейді.

Айына бір рет оқу-тәрбие бөлімімен бірлесіп оқушылардың оқу-құрал жабдықтарын тексеруге қатысады. Сынып оқушыларының арасында сабақтан себепсіз қалу , кешігу , тәртіп мәселелері мен сыныптағы оқушылардың білім сапасы мен тәртібі мәселелеріне байланысты рейтинг жүргізіп, әр тоқсан сайын «Үздік сынып» атағына байқау өтуіне жәрдемдеседі.

Мектеп – оқушы – қоғам арасында тығыз ынтымақтастық орнатқан, ұйымдастырған іс-шаралары арқылы болашақтың иелерін шыңдап, өз бетімен жұмыс істеуге, тек өз ортасында ғана емес, барлық жерде көшбасшы болуға баулыған білім мекемесі Үшарал қазақ гимназиясы шәкірттерінің «Ұландар» балалар ұйымының басшылығында болуы да сондықтан.

Осындай серіктестік қарым-қатынастың, жүйелі жұмыстың нәтижесінде еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің дамуына серпіліс беретін жалынды да дарынды, білімімен мыңды жыққан зерек те алғыр жастардың басын біріктіріп, олардың Бастауыш Балалар Ұйымдарының жұмысына араласуына мүмкіндік берген аудандық «Ұландар» балалар ұйымы Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің төрінен көрсететін жастарды қалыптастыру жолында жемісті еңбек етуде.

Аудандық ұйымның 2009-2010 жылдарға арналған Даму бағдарламасында көрсетілгендей, біздің ұйымның мақсаты – бәсекеге барынша қабілетті балалар ұйымын қалыптастыру үшін жаңа жобалармен жұмыс істеу, шығармашылықты, белсенді, әлемдік және ұлттық мәдениетті үлгі тұтып, ұлттық құндылықтарды қастерлеп, жоғары адами қасиеттерді берік ұстанған жеке тұлға қалыптастыру, «Ұландар» балалар ұйымын республикадағы озық ұйымдардың қатарынан көрсету үшін ерінбей еңбек ету.

Даму бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымның жылдық жоспары бекітіліп, жоспар бойынша «Жас қаламгер» жас журналистер фестивалі, «Мен – Қазақстан азаматымын» пікірталас клубтарының байқауы, «Жас сұңқар» патриоттық әндер байқауы, «Ерлік – ердің ажары» суреттер байқауы, КТК командаларының конкурсы, «Туға түзел!» ту топтарының байқауы, «Былғары доп» футбол,волейбол командаларының байқауы, Спорттық ойындар спартакиадасы, «Аялайық қарттарды!» қарттарға, ардагерлерге көмек акциясы, «Рәміздерім – белгісі елдігімнің» рәміздерді насихаттауға арналған үгіт-насихат топтарының конкурсы, «Жасыл ел» табиғат қорғаушылар форумы, «Достықтың алтын көпірі» халықтар достығы фестивалі, «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы, «Табиғатпен үндесу» фотобайқауы,екі мәрте ұйымның Орталық Кеңесінің отырысы, Алакөл аудандық балалар ұйымдарының ІІ аудандық слеті өткізілді.

Біздің ұйымның мүшелерінің ойлары, ұсыныстары мен пікірлеріне ел ағалары үнемі қолдау білдіріп, олардың іске асуына барынша көмектеседі. Жақында «Шағала» аудандық балаларды сауықтыру лагерінде өткен Алакөл аудандық балалар ұйымдарының ІІ аудандық слеті - соның айқын айғағы.Осы орайда, бізден көмегін аямаған абзал жандар аудан әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы мен аудандық білім бөлімінің бастығы Қоңыржай Жағыпарқызына ұйымның барлық мүшелері атынан шынайы алғысымды білдіремін.

Ағалар артқан сенімді жалау етіп біздің ұйым «ХХІ ғасырдың ұландары мәдениет пен бейбітшілік жолында» облыстық балалар ұйымдарының слетінде жалпы есепте ІІ орынды, пікірталас номинациясы бойынша І орынды, Қазақстан Балалар ұйымдарының ІІ республикалық слетінде жалпы есепте ІІ орынды иеленді.

Қорыта айтқанда, дарынды оқушыны даралап, ойларын ескеріп, оларға бала емес, болашақтың иесі, тізгін тартар азамат ретінде қарап, ел болашағын тәрбиелеп шығаратын орталық шығармашылық білім орталығы бола білген мектептің жөні бөлек. Осындай ортадан шыққан бала ғана топтан озып, өзін танытып, балалар ұйымына өзіндік үлес қосады.

Ендеше жалынды жастарымыз, жастардың жастық алауын жалындатар, көшбасшылардың қанатын кеңге жаюына мүмкіндік беретін мектептеріміз көбейсін!

Автор:
А.А.Арғынғазинов «Ұландар» балалар ұйымының Президенті Алакөл ауданы