Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛАЛАР ҮШІН ОЙЫННЫҢ МАҢЫЗЫ


15 июля 2011, 07:50 | 6 610 просмотров


Дидактикалық ойындар

«Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен терезе сияқты, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған орта мен дүние туралы түсінік алады.

Ойын дегеніміз – ұшқын білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанар оты».

В.А.Сухомлинский.

Ойынның негізгі ерекшелігі:

Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның өзінде де сөйлесіп жүреді. Ойын процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар пікірлесіп, әсер алып, ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды.

Дидактикалық ойындардың негізгі бағыты – балалрға білім-білік, іскерлік, әдет-дағдыларды игерту мен оны бекітуге, ақыл-ой қабілеттерін дамуға ықпал ету.

Дидактикалық ойындардағы негізгі міндет – балалардың ақыл-ойын дамыту, білімін байыту.

Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді, баланы ойнай білуге баулып, ақыл-ой қызметін қалыптастырады, әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Дидактикалық ойынның ережелері балалардан ұстамдылықты, тәртіптілікті қажет етеді. Баланың тілін дамытуда ауызекі сөйлеу, тілдің дыбысталу мәдениетіне тәрбиелеуде, байланыстырып сөйлеу, сөздік қорын дамыту үшін сабақта және сабақтан тыс уақытта ойналатын дидактикалық ойындардың маңызы зор.

Жапсыруға бейімдеу дағдыларын қалыптастыру үшін әр түрлі ойындар ұйымдастыруға болады.

Тақырыбы: мысықтың баласы доппен ойнайды.

Мақсаты: Дөңгелек формаларды фланелографта орналастыра білу дағдыларын қалыптастыру. Кеңістікті бағдарлауға бейімдеу. Берілген тапсырмалар бойынша қимыл – қозғалысын жетілдіру.

Тәрбиеші балаларды дербес көркемөнер бұрышына шақырып, балалардың назарын фланелографтағы мысықтың баласына аударады. Мысықтың баласының түр-түсі, дене мүшелерін сұрайды. әрі-бері қозғалтып жүргізудегі қандай дыбыс шығаратынын балалар айтады. Мысықтың баласының сүт ішкісі келіп тұр екен. Міне, мына ыдыстағы сүтті алдына кояйық деп мысықтың баласына сүт беретін ыдысты фланелографқа орналастырады. Мысық, жан-жағына қарап ыдыс-тағы сүтті енді көрді. Ол сүт ішкісі келіп тұр.

Мысықтың баласы сүтті қайтіп ішеді, көргендерің барма?

Тәрбиеші: - Мысық қалай ішеді?

Көзін жұмып көлгірсіп,

Жалап-жалап ішеді.

Бәрін өзі білгірсіп

Санап-санап ішеді.

Себебі не сондағы?

Сонша сараң болғаны – деп айтып тұрып сүт ішкізгендей болады. Енді, әбден тойып болған соң ойнағысы келді. Мысықтың баласы немен ойнайды. Балалар шумақ жіппен, доппен, т.б. айтуы мүмкін. «Доппен қалай ойнайды екен қане, бәріміз қазір көрейік». Балалар айнала қоршап тұрған үстел үстінде допты кезек-кезек қолдарымен әрі-бері қозғалтып көреді. Ал, мысықтың баласы допты қозғалтады, тәрбиеші дөңгелекті фланелографқа қойып мысықтың баласының аяғын тигізеді де, дөңгелекті оңға қарай жылжытып қояды. Доп бір орнында тұрмайды, оны соқса жоғары көтеріледі, кім көрсетеді, доп жоғары қарай қалай ұшады.балалардың біреуі дөңгелекті жоғарыға орналастырады. Бірнеше дөңгелектерді қойып мысық аяғын тигізеді, балаларға доп жоғары ұшты, оң жаққа, сол жаққа, төменге түсті деп нұсқау береді, балалар орналастырады, өзі мысықтың баласын доптарды қозғалтқанын көрсетіп, балалардың өздеріне ойын процесін жалғастыруды ұсынады да, басшылық етеді. Доптардың түстерін сұрап, қызыл доп жоғары ұшты, көк доп оңға қарай домалады, т.б. балалар қимыл-әрекетті айта тұрып, тапсырмаларды орындауын қадағалайды. Балалар кеңістікте доптарды әрі-бері қозғалта орналастыруды меңгергеннен кейін, мысықтың баласы доппен ойнап шаршап қалды, енді сендер доппен қайтіп ойнайсыңдар екен соны көргісі келеді дейді.

«Менің көңілді добым» ойыны ойналады.

Добым менің, добым менің,

Өзің неткен көңілді едің,

Зымырайсың қутыңдайсың

Бірақ менен құтылмайсың –

Деп, допты жерге соғып, балалар доппен бірге секіреді. Ойын соңынан мысықтың баласы балалардың іс-әрекетін мадақтап, қорытынды жасалады.

«Самолеттер ұшып жүр» ойыны.

Мақсаты: фланелографта жоғары жағын, төменгі бөлігін ажырата самолеттерді бірінен соң бірін тізбектей ұшыру. Жерге қонғанын бейнелеу. Желімсіз жапсыру дағдыларын қалыптастыру.

Барысы. Тәрбиеші балаларға қағаздан жасалған самолеттерді ұшырып ойнатады. Бұдан кейін дербес көркемөнер бұрышына жинап фланелографқа назар аударып оның алдында столда көп самолеттер ұшуға дайындалып тұр. Қане, сендер барлықтарың ұшқыш боласыңдар. Мына самолеттерді ұшырамыз. Самолет аспанға көтерілді. өзі көрсетеді. Қалған самолеттерді балалар бір-бірлеп алып аспанда тізбектеле ұшқанын бейнелеп «жапсырып»орналастырады. Тәрбиеші самолет «ұшты», «қонды» деген тапсырмасы бойынша балалар іс-әрекетті орындайды. Фланелограф бетінде дұрыс орналастыра білулеріне, бір-біріне кедергі жасамай тапсырманы орындауын қадағалайды. Балалар жұмыстарын талдап, бекітіп, қорытынды жасайды.

Мерекелік жалаушалар ойыны.

Мақсаты: жалаушаларды түр-түсіне қарай араластыра тізбектеуге үйрету. Көргендерін есте сақтай қиылған жалаушаларды дұрыс орналастыру, кеңістікті бағдарлай білуге және желімсіз жапсыру дағдыларын қалыптастыру.

Барысы. Тәрбиеші балаларға жалаушаны көрсетіп қайдан көргендері, түсі, неден жасалғандығын сұрайды. Мереке кезінде қала көшелерінің безендірілетінін, өздері топ бөлмесін безендінргенін еске түсіреді. Енді, мына фланелографта тұрған үйді қараңдар. Осы екі үйдің ортасы жіппен жалғасқан. Жіпке біз жалаушаларды ілеміз. Тәрбиеші біреуін орналастырып көрсетеді. Балалар стол үстінде жатқан жалаушаларды кезекпен-кезек қояды. Жалаушаны алған баладан түсін сұрайды. Қандай жалаушаның қасына орналастырдың деп сұрайды. Оң жағыңда қандай, сол жағыңда, ортасында қандай жалаушалар бар екенін әңгімелетеді. Екі-үш қатарға тізбектеп болған, әдемі безендірілген жалаушаларды тамашалайды, жалауша жайында қандай өлең-тақпақтар білетінін сұрайды. Тәрбиеші тақпақ оқиды.

«Салют оттары» ойыны.

Мақсаты: салютоттарын үйлер үстінен көргенін фланелографта орналастыру арқылы кеңістікті бағдарлау дағдыларын қалып-тастыру, әр түрлі түстерді ажырата білуге үйрету. Желімсіз жапсыру дағдыларын қалыптастыру.

Барысы. Тәрбиеші салют оттары көрінген үлкен суретті көрсетіп әңгімелейді.

Балалар, салют оттары қай жерден көрінеді деп ойлайсыңдар?

Үйлер фланелографтың төменгі бөлігінде орналасқан. Салют оттары үйлердің үстінен, жоғарыдан, биіктен көрінеді. «Кім орналастырады?». Балалардың біреуі шағын үйлердің үстіңгі жағынан биіктеу етіп орналастырады. Түсі қандай? тағы басқа салют оттарын кезек-кезек шығып орналастырады. Фланелографта салют оттары көбейген кезде балалар, қуанып бәрі «Ура! Салют!» қуаныш сезімдерін білдіреді. Балалардың тапсырмаларды жақсы орындағандарын мадақтап аяқтайды.

«Сандықты әшекейлейміз» ойыны.

Мақсаты: геометриялық формаларды ажыратуға және оны желімсіз жапсыру дағдыларын қалыптастыру. Ұлттық бұйымның ерекшелігімен таныстыру.

Барысы. Тәрбиеші түкті қағаздан жасалған (немесе ағаштан жасалып, алдыңғы бөлігі түкті қағазбен жапсырылған) сандықты көрсетіп сұрайды. «Мынау не? Қайдан көрдіңдер?» т.б. балалар жауабын толықтырып тәрбиеші ұлттық бұйымның ерекшелігін маңызын қысқаша айтып өтеді де: Қазір осы сандықты әшекейлейміз. Бұл сандық өзі сиқырлы екен, ішін ашып көрейік». Ішінен қорап-қа салынған түрлі-түсті геометриялық формаларды көрсетеді, (ұшбұрыш, дөңгелектер), түстерін сұрайды. Ал, сандықтың беті, қақпағы қандай формаға ұқсайды, тік төртбұрыш. Балаларға формаларды таратып береді. (Формалар екі жағы да түкті қағаз.) сандықтың бетінде әдемі ою-өрнек бар, бірақ кейбір бөліктері бос, сол орындарға біз мына формаларды орналастырамыз. Өзі жапсырып көрсетеді. Бұдан кейін дөңгелектердің түстеріне қарай таңдап, бір-біріне қарама-қарсы немесе қатарластыра, шетіне, ортасына орналастыруды балалардың келісімі бойынша өздері жапсырып безендендіреді. Тәрбиеші басшылық жасап, нұсқау береді, барлық балалардың тапсырманы орындауын қадағалайды.

«Ұқсас затты тап» ойыны.

Мақсаты: ұшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелекке ұқсас заттарды тауып, атын атай білуге үйрету. Баланың түстерді, форманы ажыратудағы ой-қиялын дамыту.

Барысы. Тәрбиеші үш түрлі геометриялық формаларды көрсетіп сұрайды. Бұдан кейін балаларға тапсырма береді. Таратып берілген суреттеріңе қараңдар, мен ұшбұрышты көрсетем, соған ұқсас заттың суреттерін маған көрсетіңдер. Төотбұрышты көрсетеді, дөңгелекті көрсетеді. Балалар өздеріндегі ұқсас затты көрсеткенде не екенін, түр-түсін сипаттап айтуды талап етеді. Ұшбұрышты сызғыш, үйдің төбесі, топ бөлмесінде ұшбұрышқа ұқсас зат бар ма?

Тік төртбұрыш: кітап, портфель.

Дөңгелек: доп, алма, апельсин, шар, т.б.

Суреттегі заттар жайында кім өлең тақпақтар, жұмбақтар білетінін сұрау. Енді балаларды үш топқа бөліп үш түрлі форманы таратып береді. «Өз орныңды тап» қимылды ойыны ұйымдастырылады. Балалар жиналатын орындарындағы формалар көлемі жағынан, қолындағыларынан үлкен болады. Ойын аяқталған соң балалардың іс-әрекетін бекітіп, талдау жасайды.

«Кемпірқосақ түстері» ойыны.

Мақсаты: түстерді ажырата білуге үйрету. Қиылған екінші бөлігін теңестіру. Ашық және күлгін түстерді сезіну қабілетін жетілдіру үлкен-кіші формасына қарай доғаларды дұрыс орналастыру.

Барысы. Тәрбиеші балаларға кемпірқосақ суретін көрсетіп әңгімелерді оқып берді.

Кемпірқосақ

Жаңбыр жауып басылды,

Күннің көзі ашылды.

Көкжиекке көрікті

Кемпірқосақ асылды,

Қызыл, сары, жасылды,

Тұрды ол ауыл қасында

Жете алмайсың қуғанмен

Ренжіме жасыма.

Ә.Дүйсенбиев

Не жайындағы айтылғаны талданады. Кемпірқосақты көргендерің бар ма? Тәрбиеші фланелографқа кемпірқосақтың жарты бөлігін орналастырады, екінші бөлігін түстеріне қарай сәйкестендіріп өзі бір жолағын қойып, қалғанын балалар орналастырады. өздерінің алдындағы конвертке салып кемпірқосақ түстерін үйлестіре қоюды ұсынады. Іс-әрекет барысын үлкен-кіші формасына түр-түсіне көңіл аударулары қадағаланады. Жұмыс барысындағы балалардың еңбек нәтижелері қорытындыланып, талдау жасайды.

«Көбелектер гүлге қонды» ойыны.

Мақсаты: Фланелографтың төменгі бөлігіндегі гүлдерге көбелектің ұшып келіп қонғанын бейнелеу, гүлдердің және көбелектердің түстерін ажыратып атай білуге үйрету, желімсіз жапсыру дағдыларын қалыптастыру.

Барысы. Тәрбиеші фланелографта орналасқан гүлдерді көрсетіп:

Өзім еккен былтырғы

Ауламызда гүл тұрды.

Мен күн сайын суардым.

Ол күн сайын құлпырды.

Т.Бейсембеков

«Мына қүлпырып тұрған гүлдерді қараңдаршы, қандай әдемі гүлдер». Балалардың назарын аударып, гүлдердің түстерін сұрайды. Гүлдерге су құйып, күтіп баптаса, әдемі болып, көп болып өседі. «Гүлдерді жақсы көресіңдер ме? Қайдан көрдіңдер?» т.б. әңгімелейді. Бұл гүлдерге ұшып жүрген көбелектер де сондай қызығып, гүлге қонғысы келеді. Осы кезде тәрбиеші көбелектердің біреуін ұшып жүргенін бейнелеп фланелографтың жоғарғы жағына орналастырады. Қалған көбелектерді олардың қолдарына беріп ұшырып жүргенін бейнелеп орналастырады, 4-5 көбелекті қойған соң бұл көбелектер гүлдерге қонғысы келеді. Басқа балалар көбелектерді алып гүлдердің үстіне қонғанын бейнелейді. Көбелектердің, гүлдердің түстерін балалардан сұрайды. Тәрбиешінің тапсырмасы бойынша орындап, өз еркінше орындағандарын айтып беруді талап етеді. Балалардың іс-әрекетіне талдау жасап тәрбиеші:

Әй көбелек, көбелек.

Ұшып жүрсің төбелеп.

Жеткізбейсің далада,

Қуып жүрген балаға.

- дейді.

«Қане енді ұшып жүрген көбелектерді ұстайық», - деп,

«Көбелектер ойынын» ойнауға шақырады.

Автор:
Райхан БӨРІБЕКОВА, №16 балабақшасынің тәрбиешісі, Текелі қаласы.