Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ебедейсіз еркек, бейкүнә бала және тағдыр талқысы


29 октября 2009, 20:18 | 2 434 просмотра



Автобус іші адамға лықа толы. Кезекті аялдамадан жолаушылар мініп, әрмен қарай бағыт бойынша қозғала жөнелді. Терезеге қарап, ойға батып отырған тынышытығымды кішкентай баланың жыланқы үні шырт бұзды. «Апайлар, маған көмектесіңіздерші...өтінемін, анам да, қарындасым да ауырып жатыр. Дәрі мен нан алайын деп едім...көмектесіңіздерші...?!»,- деген әлгі баланың дірілдеп айтқан сұрамсақ дауысы ешкімді бей–жай қалдырмады. Көлік ішіндегі жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Қасымда отырған апай маған қарап, бұрылып: «Ой, жаным-ау десеңші....Енді қайтсін?...Бейшара-ай...»,- деп басын изеп қояды. Әлгі балаға қарасаң, үй-күйі жоқ, қайыр тілеп, көше кезіп жүрген жеткіншектердің бірде-біреуіне ұқсамайды. Киімі де, өзі де ұқыпты, тап-таза. Шамасы мектептен келген беті болса керек. Бірақ көз жанарында қиындық пен уайым – қайғысы менмұндалап тұрғандай. Кеудесіне өксік тығылып, қос жанары қызарып, алды – артына бір түрлі жалынышты кейіппен қарайлап жүр.

Автобустың ішінде басы төмен салбырап, әркімнің берген тиын – тебенін жинап, алғысын айтуда. Келесі аялдамадан түспекші болып, есік жаққа беттеп бара жатқан болатын. Межелі жерге жетер- жетпесте есік ашыла бергені сол-ақ екен, әлгі баланы жанында тұрған бір ер адам: «Өй, сендерді ме? Сендер бізден байсыңдар...Өтірік қайыр тілеп жүресіңдер

...Құры ары!...»,- деп итеріп жібермесі бар ма? Автобус тоқтаған бетте іле–шала қасымда отырған апай екеуміз әлгі баланың соңынан түстік. Апай баланы итеріп жіберген Ер адаммен ұрысып әлек болуда. Мен болсам баланы түрегелтіп, үстін қағып, жұбатумен әлек болып жүрмін. Ал, ол болса жылауын тоқтатар емес. Шамасы, бір жерін қатты ауыртып алса керек. Аты - Мадияр екен. Бала орнынан тұра салып, мән-жайын айтпай жолдың арғы бетіне қаша жөнелді. Шамасы анасы мен қарындасына асықса керек.

Сол күні көңілсіз жүрдім. Санамды сан түрлі ойлар шарпып, ерік берер емес. Уайым да қамалап, матап тастағандай. Бұл өмірдің тартыс пен күрестен, жанталас пен жан айқайдан тұратынына көзім тағы бір мәрте жетті. Қанша уақыт жер басып жүреріміз тек көктегі құдіреті күшті Тәіңірімізге ғана аян. Сол өзімізге Алланың, ата – анамыздың теңдессіз сыйына қиянат жасамай, шүкіршілік ете жүріп, сабырды серік ете жүріп адал өмір сүре білу керек. Алдыңа көмек сұрап келген әрбір мұқтаж жанға мейіріміңді аямай төгіп, қамқор бола білу керек. Өміріңнен орын алып жатқан мұндай келеңсіздіктерге мойымай, жастығымыздың жалынымен «пісіріп жіберуге» дайын болуымыз керек. Алдыңдағы ризық – несібеңнен айырмақ болғанды аямау керек. Үлкеннің үлкендігі кішіге ізет көрсете білгендігінде. Міне, мұндайлардың садағасы болып кетсең де жарасымды.Ал, кейбір адамдардың наданның күнін кешіп жүргеніне қарап барынан жоғы дейсің. Ешкімге рахымы жоқ, дандайсыған, сасық намыстың отына пісіп, пасықтығына көлгірсіген ағаларымызға қарап қарның ашады. Жолын білмей әлімжеттік жасайтын зұлымдар қай заманда да болған, болады да. Ондайлар өз «сыбағаларын» «Алла сотында» аларына күмәнім жоқ. Ондай адамдарға құрметпен қарап, қастерлеу артық болады.

«Сыйға – сый, сыраға – бал»..........

Өз жайыңды ойлай бергенше кейде өзгелердің жайын да бір ауық ойға алу керек. Кейде біз берекелі баспанамыздың астында отырып, қайғырамыз. Ал, тап қазір көшенің бір қуысында менің осы күйімді армандайтын адамдар саны қаншама?...... Расымен де олар да біздей болып ана мен әкенің ынтызарлығының, сүйіспеншілік пен махаббатының арқасында дүниеге келіп, іңгәлаған үнімен талайлардың да жүректерін жібіткен ғой.....! Туылған сәтінде ол өмір дегеннің оған қай қырымен аунайтынын білген де жоқ қой....Әрбір жанға әр қилы тағдыр бұйырған.

Тағдыр тәлкегі талайларды тұңғиығына батырып, талай талдырмаш өмірдің өзегін талдырды. Алайда, соған қарамастан адамгершілік адамзаттың ең асыл қасиеті болып қала бермек. Адам болудан артық не бар десеңші! Алдымызда нендей бейнет кездессе де адами қалпымыздан тайынбайық, ағайын!

Автор:
Әлия Тілеужанқызы