Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Елбасы Астанада ашылған «Хэлибэри Астана» халықаралық мектебінде болды


2 сентября 2011, 07:56 | 1 903 просмотра



Тамыздың 31-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада жаңадан ашылған «Хэлибэри Астана» халықаралық мектебін көрді. «Мұнда бастапқы кезде 220 оқушы білім алатын болады. Бұл мектеп британиялық жақсы бренді бар оқу орны. Мұндай мектеп осымен үшінші жыл Алматыда жұмыс істеп жатыр. Жалпы көрсеткіштер жаман емес»,-деді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде бұл мектептің алдына еліміздің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды орындау бойынша қатаң талаптар қойылып отыр.

«Атап айтқанда, Хэлибэри мектебінде 1-4 сыныптарда қазақ тілі аптасына 3 сағат, жоғары сыныптарда 5 сағатқа дейін оқытылады. Осы оқу орнының оқушылары біздің ұлтымыздың әдебиеті, тарихымыз және географиямыздан толығымен тәлім алатын болады. Сонымен қатар біздің ата-дәстүріміз, тіліміз, діліміз, отансүйгіштік тәрбиеміз тұрғысындағы бағыттар да орындалады»,-деді ведомство басшысы. Б. Жұмағұловтың айтуынша, мектеп құрылысына 46 млн. АҚШ доллары жұмсалған. Осы оқу орнының құрылысында игерілген қаржы негізінен еліміздің бірқатар жетекші кәсіпкерлері мен «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры» Қоғамдық қоры тарапынан бөлінді.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, мектепте 53 сынып, 6 зертхана, 3 дыбыс жазу студиясы, 1 шеберхана, 10 музыкалық сынып, 1 спортзал, сондай-ақ 2 бассейн мен 4 теннис корты, 1 футбол алаңы, 780 орындық театр мен би студиясы бар. Мұнда жалпы 640 оқушы білім алатын болады. Соның ішінде 160-ы бастауыш, тағы 160-ы орта буында және 320-сы жоғары сыныптарда оқиды. Осындағы 61 мұғалімнің 27-сі шетелден, ал қалғаны Қазақстанның оқытушыларынан жасақталады. Шетелден шақырылған мұғалімдердің негізгі құрамы Ұлыбританиядан келеді.

Автор:
ҚазАқпарат