Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Туған өлке тарихын білу – әр оқушының азаматтық парызы


2 сентября 2011, 07:38 | 4 271 просмотр



Сабақтың мақсаты:

а) Білімділік: «Туған өлкем – тұнған шежіре» дегендей өз өлкеміздің тарихымен, аға ұрпақтың жүріп өткен жолымен, олардың халқына еліне сіңірген еңбегімен танысу;

ә) Дамытушылық: Оқушылардың өз өлкесіне, туған жеріне деген қызығушылығын арттыру, ізденушілікке, шығармашылыққа баулу;

б) тәрбиелік: Отаның, елін, туған жерін сүюге, тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу, тарихи тұлғаларға құрмет сезімін қалыптастыру

Көрнекілік: ҚР саяси картасы, Алматы облысының, Сарқан ауданының карталары.

Сабақ түрі: жаңа сабақ

Әдісі: сұрақ-жауап, әңгімелесу.

Ұйымдастыру

Сабақ барысы: Оқушыларға сұрақтар беріледі

1.Сарқан ауданы қашан құрылды. (1950)

2.Алмалы ауылы алғаш қалай аталған. (Новопокровка селосы)

3.Ауданның жер көлемі қанша?

4.Сарқандық Кеңес Одағының батырларын білесіңдер ме? (Н. Чепрасов, В.Панарин)

5.Сарқандық Социалистік Еңбек Ерлерін білесіңдер ме? (К.Буашев, М.Гайворонская, М.Лесная)

6.Біздің ауылымыздан шыққан Еңбек Ері кім? (К.Буашев)

7.Атақты жерлесіміз тұңғыш теміржолшы инженер, ІІ-м Мемлкеттік Думаның депутаты кім? (М.Тынышпаев)

8.Еркін күрестен КСРО чемпиондары, атақты еркін күрес шеберлері, мектебіміздің түлектері кімдер? (Ә.Айханов, А.Бұғыбаев)

9.Азамат соғысы жылдарында ақ гвардияшыларға қарсы Черкасск қорғанысы қанша ай қарсылық көрсетті? (13 ай)

10.Біздің жерімізде кімге арналған кесене күмбез бар? (Көтен тәуіп әулие)

«Ата-бабаларымыздың жүріп өткен әрбір жолы, әрбір қазған құдығының атауы бар, ал атау тұнып тұрған тарих, соны зерттейік, жинақтайық, тарихты қайта қараңдар» (Н.Назарбаев)

Жер, су атаулары – әр дәуірдің ескерткіші ретінде халық тарихынан, ой санасынан, ұғым-нанымынан дерек беретін құнды дүние, ұлттық ерекшеліктерімізді айқындайтын көрсеткіш.

1-ші оқушы: Біздің өлкеміз Алматы облысы, Сарқан ауданында, Алмалы ауылы деп аталады. Алмалы ауылы табиғаты әсем, жері шұрайлы өңірде орналасқан. Алмалы Сарқаннан 6 шақырым жерде, Басқан өзенінің бойында орналасқан. Басқан өзені Жоғар алатауынан бастау алады. Міне, осы жерге 1921 жылы Гавриловка селосынан 22 отбасы көшіп келіп, Жетісу өлкесіндегі ең алғаш ауылшаруашылық коммунаны ашқан. Коммунаны «Энергия» деп атаған. 1935 жылдың басында осы жерден ірілендірілген «Энергия» колхозы (ұжымшар) құрылған. 1937 жылы Новопокровка селосы пайда болды. Ал қазір Алмалы ауылы деп аталады және осы округтің қарамағында 238 шаруа қожалықтары бар.

2-ші оқушы: Біз ауылымыздың тарихынан, энциклопедиядан, «Жетісудың спорт жұлдыздары» кітабынан оқып үйренудеміз.

3-ші оқушы: Ежелгі замандағы сақтар, түркілер, қидандар, қарақытайлар, наймандар т.б. туралы өлкеміздегі ежелгі қалалармен қоныстар жөнінде, ел, жер аттарының тарихымен таныстық. «Жердің аты – тарихтың хаты»

4-ші оқушы: Ел басына қиын-қыстау күн туғанда ел қорғаған Қабанбай, Қапал, Жомарт батырлардың ерлігімен, олардың жоңғарларға қарсы ерлік күресі туралы оқып білдік. Бұл өлке – атақты Көтентәуіп әулие, бертіндегі Тәсібек би, Матай би тағы басқа би-шешендер шыққан өлке. Бұл өлке – Қазақ автономиясының негізін салушылардың бірі М.Тынышбаев шыққан өлке.

5-ші оқушы: Бұл жерде патша өкіметінің 1916 жылғы жарлығына орай ұлт-азаттық көтеріліс жайында, К.Қазыбаевтың «Ызғар» романы арқылы апаларымыздың ерлігі, 1931-1933 жж аштық жайлы Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы көтерілістер және оның салдары жөнінде оқып білдік.

6-шы оқушы: Мектебіміздің түлектері, ғалымдарымыз, үлкен де ардақты мамандық иелері Оразбаев Батырбай Бидайбекұлы, Имантаева Қарашаш Құсайынқызы, Ә.Нұрқианов, Б.Мәукенбаевтарды мақтан етеміз.

7-ші оқушы: Ауданымыздың мақтаныштары М.Тынышпаев, Қ.Қазыбаев, ақын С.А Байділданов, кино әртісі Қ.Тастанбековты, атақты спорт жұлдыздары Ә.Айханов, А.Бұ-ғыбаев, С.Майбасов, Ж.Көрпебаев, Е.Ырыспаевтарды мақтан етіп, үлгі тұтамыз.

8-ші оқушы: Халқын білім нәрімен сусындатқан, мектеп ашып, баларды оқытқан Темірхан Қасабаев, Т.Аталықов, Ә.Баданов, Р.Баймұханбетов, Р.Асқарова тағы басқа ағайлар мен апайлардың жолын қуып, халық ағарту саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарымыз қаншама! Келесі жылы мектебіміздің 90 жылдық мерей тойы.

9- шы оқушы: Ұлы Отан соғысына ауылымыздан 400-ге жуық адам аттанып, соның көбісі, майдан даласында біздің бақытты болашағымыз үшін қаза тапты. Солардың қазір біреуі ғана арамызда, ауылымызда жүр. Аға ұрпақтың, аталарымыздың рухына кешегі жеңіс күнінің құрметіне бас иелік!

10-шы оқушы: Біздің ауылдан Социалистік Еңбек Ері шыққан. Ауылымыздың экономикасын көтеруге өз үлестерін қосқан малшылар, диқандар баршылық. Солардың қатарында К.Бушаев, Б.Андабеков, Қ.Асылбеков сияқты мал шаруасының майталман шеберлері бар.

Біздің ауданда Тополевка орман шаруашылығына қарасты мемлекеттік қорық бар. Төрт түлік малдың бәрі өсіріледі, егін шаруашылығы дами түсуде. Халықтың тұрмысы, әл-ауқаты жыл сайын арта түсуде. Өлкеміздің, ауданымыздың, ауылымыздың байлығын арттырып, оның жетістіктерін жетелей түсу – біздің басты міндетіміз. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арналған Жолдауында айтылғандай ел экономикасын дамыту, әсіресе ауылда тұратын халықтың әл-ауқатын арттыра түсуге баса назар аударылған. Сондықтан біз Елбасының осы үндеуіне сай еңбек етіп, еліміздің, туған жеріміздің, ауылымыздың абыройын асқақтата түсуге тиіспіз.

Автор:
Ә.Р.ЖИПКЕЛЬДИНОВ, Новопокровка орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен мемлекеттік мекемесі. Сарқан ауданы Алматы облысы