Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Іс-сапар күнделіктерінен


29 октября 2009, 20:41 | 2 813 просмотров



Іс-сапарымыздың басы Алакөл ауданы болғандықтан, аталмыш мекеннің білім мекемелерін (мектептер, лицей, гимназиялар, арнаулы орта білім мекемелері, балабақшалар мен шағын орталықтар) толығымен аралап, ұстаздар қауымы мен оқушылардың, балабақша бүлдіршіндерінің күнделікті өмірлері мен сабақ үрдісін бақылап, оқырмандарымызбен кездесу өткізіп, басылым бетіне шығатын мақалалар жөнінде ұсыныстары, пікірлерімен танысып, жан-жақты ой бөлісу болатын.

Газетіміздің алдыңғы санында Алакөлдегі кездесудің қысқаша мазмұнын берген болатынбыз.

Ұстаздар қауымымен кездесіп, ойымызды ортаға салғанымызда, өздерін толғандырып жүрген көптеген сауалдарын біліп қайттық, солардың бірегейлерін оқырмандарымызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Ең алдымен, Келелі кездесулерден байқағанымыз, ең алдымен мұғалімдерді толғандырып жүрген мәселенің бірі – мектептердегі жаратылыстану және гуманитарлық бағыттарға бөліп оқытудың барысында оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде көптеген қиыншылықтарға ұшырайтыны. Жалпы, бірнеше ауданға барғандағы алдымыздан алғашқы сауал болып қойылып, шешімі бізді де тығырыққа тірегені де осы болды. Бұл туралы білім басқармасы мамандарынан сұрағанымызда оның ешқандай қиындық тудырмайтыны, оқушылар қай бағытты таңдаса да, жалпы білім беру стандарты негізінде тест тапсыратынын анықтадық. Демек, оған алаңдаудың қажеті шамалы.

Келесі бір келісуге тұрарлықтай мәселе – оқулық мәселесі. Оның басты себебі, оқулықтардың бірізділігінің жоқтығы. Жыл сайын мазмұндарының толықтырылып отыратындығы. Бұл – мектеп мұғалімдеріне ғана емес, ата-аналарға да қосымша қомақты қаржы жұмсататын қиын да басы ашылмаған шаруа.

Бұған қосып айтарымыз, бастауыш сыныптарда білім алатын оқушылар оқулыққа қосалқы бірнеше пән сабақтарынан қосымша оқу дәптерлерін мектепке апарып, нөмірлері бойынша қолданып, онсыз да бұғанасы қатпаған бүлдіршіндердің қабырғаларын қайыстырып жүргені жанға батады.

Сапар барысында ерекше мән беруге тұрарлық осал тұстардың бетін ашып қана қоймай, оларға нақты жауапты іздеуден жалықпайтынымызды ескертіп, біздің басылымға да қатысты мәселелерді барынша білгіміз келді.

Алдағы уақытта мұғалімдердің мақсат-міндеттерін ескеріп, бірнеше жаңа айдарлар ашып, оларды тұрақты жүргізу жөнінде де редакция алқасы бірыңғай шешім қабылдады. Бұл айдарлар қалың көпшіліктің көңілінен шығар деген үміттеміз. Олардың бағыттарын атай кетсек:

1.«Жақсыдан – шарапат» демекші, еліміздің игі жақсыларының өмірдеректері «Білім шапағатының» тұрақты оқырмандарын қызықтырары хақ. Мемлекеттік би-ліктегі мәртебелі азаматтардың, мысалы министрлер, депутаттар, ғалымдар мен Республика көлемінде танымал тұлғалардың өмірлерінен мағлұмат берілетін арнайы айдар;

2.Ұстаздарға аса қажет мағлұматтар заң, экономика саласында да барлығы рас. Барынша толыққанды сұхбаттар мен осы салалардағы жаңалықтар мен өзгерістерді, мектеп бағдарламасына қажетті материалдарды көптеп іздестіріп, алдағы уақытта ұсынамыз.

3.Психология – мектептерде аса бір қажетті саланың бірі. Психолог мамандарға әдістемелік нұсқаулықтардың қажеттілігі аса зор. Газетіміздің бетінде жантану саласына байланысты да мақалаларды тұрақты жариялауды жөн көрдік.

4.Ұстаздар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас жайлы да арнайы айдардың болғаны оқырмандарымызға қажет екендігі ескерер жайт.

5.Сонымен бірге, облыс ұстаздарына дер кезінде әдістемеліктер мен оқулықтардың шығуы, жаңартылуы, білім саласындағы жаңалықтар мен өзгерістер жөнінде де дер кезінде мәліметтер беруді жөн көрдік.

Жалпы, облыс аудандарын аралап, олардың жай-күйлерін аңғарғанымызда өзіміздің қызметімізге қажет көптеген ұсыныстар мен тілектерді естіп, жаңа белестердің жай-күйлерін анықтап, бет алысымызды дұрыс бағытта бағдарлауға мүмкіндік алдық.

Автор:
Б.АХМЕТЖАНОВА