Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЖЕТПІС ЕКІ ОҚУЛЫҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ


28 октября 2011, 08:00 | 2 530 просмотров



Жоғары оқу орындарына оқулық ауадай қажет. Осы мақсатта Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен техникалық, экономикалық бағыттарға арналған 72 оқулық таза қазақ тілінде жарық көрді. Бұл туралы, «Жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында өткен VІ республикалық конференцияда мәлім болды.

Жоғары оқу орындарының ректорлары, кітапхана басшылары мен оқулық авторларының басын қосқан конференцияда ізденушілерге арналған оқулық мәселесі, сондай-ақ отандық авторлық мектепті қалыптастыру, үздік шетелдік оқулықтарды мемлекеттік тілге аудару мәселелері кеңінен талқыланды. Жасыратыны жоқ, жоғары оқу орындарының ізденушілері әлі күнге дейін шетелде басылған оқулықтармен тәлім алуға мәжбүр. Тағы бір олқылық, қазіргі таңда мемлекеттік тілде шығарылған оқулық некен-саяқ. Шалғай ауылдан келіп, білім алатын студент үшін өзге тілді оқулықтарды меңгеру қиын-ақ. Жоғары оқу орындарын мемлекеттік тілдегі оқулықтармен қамтамасыздандыру - күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда республика бойынша студенттердің 52 пайызы, яки 320 мың студент қазақ тілінде білім алады. Ал кітапханалар қорында 50 миллион оқулық болса, соның бар-жоғы 8 миллионы ғана мемлекеттік тілде жазылған. Жоғары оқу орындарын базалық оқулықпен қамтамасыз ету орташа шамамен 70 пайызды құрайды. Мұның тек 30 пайызы ғана қазақ тілінде. Аталмыш кемшілікті шешу мақсатында оқулық мәселесі талқыланған былтырғы конференцияда министрлік тарапынан 160 мың данамен таратылатын 130 базалық оқулық шығару туралы шешім қабылданған болатын. Биыл жалпы таралымы 96 мың данамен 72 оқулық мемлекеттік тілде жарық көрді. Қалған оқулықтар осы жылдың аяғына дейін шығарылып, республиканың түкпір-түкпіріне таратылатын болады.

- Тұңғыш рет ел бюджетінен 130 базалық оқулықты шығару үшін 137,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл - жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз етуге деген алғаш-

қы қадам. Алдағы үш жылда жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз. Мемлекеттік бюджет комиссиясы жыл

сайын 200 миллион теңге бөлуге келісім берді. Осы қаражатқа жаңа оқулықтар шығарылатын болады, - деді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов. Жалпы, таныстырылған 72 оқулықты шығаруға 23 жоғары оқу орынының ұжымы қатысты. Ал оқулықтарды жазуға 157 ғалым мен қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік оқытушылары жұмылдырылды.

Конференция барысында Бақытжан Жұмағұлов еліміздің ұлттық кітапханасының қорына, орталық ғылыми-зерттеу кітапханасына һәм жоғары оқу орындарының кітапханаларына шығарылған 72 оқулықтың сертификаттарын салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар оқулықтардың 10 үздік авторы мен баспалары Білім және ғылым министрлігінің мақтау қағазымен марапатталды.

Автор:
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ