Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЗАҚҚА КОНФУЦИЙ ҚАЖЕТ ПЕ?


28 октября 2011, 07:56 | 3 474 просмотра



Қазақстанда Конфуций институттарының ашылуының біз үшін қандай пайдасы, қандай зияны бар? Осы мәселеге тереңірек үңілсек. Конфуций ілімінің мақсаты мен маңызы неде? Қазақ үшін Конфуций ілімі қаншалықты қажет?

2011 жылы Қазақстанда екі Конфуций мектебі ашылады деп Қытай Халық Республикасының елшісі хабарлаған болатын. Ақтөбе және Қарағанды қалаларында Конфуций институты ашылады деп жоспарланған. Маусым айында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты жанынан «Конфуций институтының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл ұйғарым 2010 жылдың 1 желтоқсанында Қытай тілі Кеңсесі (Ханьбань) мен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты әкімшілігі арасында әлдеқашан келісіліп қойылыпты. Қытайлық оқытушылар ҚР-ға ҚХР есебінен келетін болады. Ал 2007 жылдың желтоқсанында Конфуций институты Астанада Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашылған. Институт қытайтанушы мамандарды дайындайды. Конфуций институтының құрылысы бойынша ынтымақтастық туралы келісім мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтаоның бастамасы болатын. Қазақ жоғарғы білімінің қара шаңырағы саналатын Қазақ Ұлттық Университетінде де конфуций ілімін оқытатын ғылыми орталық бар.

«Конфуций институтының» мақсаты: Қазақстан мен Қытай арасында білім-ғылым бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, қытай тілін үйрету, қытай мәдениеті мен әлеуметтік өмірі, экономикасы туралы ақпараттар беру, екі елдің достық қарым-қатынасын нығайту, тыңдаушыларды қытай тілі мен емтихандарын тапсыруға дайындау, емтихан өткізу. Қытай тіліне баулу үшін Қытай еліне тілдік саяхаттар ұйымдастыру. Қытайдың экономикасы мен мәдениетін сұғына оқып, Қазақстанда тарату және уағыздау. Барлық курстардан жақсы өткен соң студентке әлемдік деңгейде «қытай тілін меңгерген маман» деген куәлік беріледі» т.б екен. Енді осы Конфуций институтының бізге қандай пайдасы болатыны туралы ойлайық. Бүгінгі экономикалық-нарықтық дәуірде көршіміз Қытайдың алатын орны ерекше. Қытай тауарлары да бізде, басқа алыс-жақын шетелдерде үлкен сұраныс-

қа ие. Қытайдың саяси сахнада «басты рөлдердің бірін сомдайтыны» баршаға мәлім. Ел егемендігін алғанына жиырма жыл ғана болған қазақ халқы үшін осындай алпауыт көршімен саяси-экономикалық қатынастардың жақсы қалыптасуы маңызды. Қазірдің өзінде қытай тілін жетік меңгерген мамандар сұранысқа ие. Сол себептен, әрине, қытай тілін білу, қытайтану біз үшін өте қажет. Оның үстіне, қытайдың мәдениетін, бүгінгі күндегі ішкі жағдайын біліп отыру да керек. Мысалы, Қытайдың өзінде Қазақстанды зерттейтін бірнеше ғылыми институт бар көрінеді. Ал бізде Қытайды зерттейтін бірде бір үлкен орталық жоқ. «Конфуций институты» осы бір үлкен олқылықтың орнын толтырудың мүмкіндігі. Көршің болса да досты да, қасты да білген дұрыс. Бұл конфуций мектептерінің бізге тигізетін пайдасы. Алайда, жақсы мен жаман қатар жүреді деген ұғым бар. Қытай тілін, мәдениетін оқып, оны әрі қарай уағыздап, «қытайландыру саясаты» басталып кетуі мүмкін. Деректерге сүйенсек, алғашқы Конфуций институты 2004 жылдың қарашасында Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеул қаласында ашылды. 2007 жылдың соңында 64 ел мен аймақта 210 институт, соның ішінде Азияда -65, Еуропада -73, Америкада -51, Африкада-16, Океанияда -6 институт болды. Ресейде -12 Конфуций институты бар көрінеді. 1,5 млрд халқы бар алып мемлекет көршің болса, оның мәдениеті, ішкі жағдайы туралы білген өте маңызды. Алайда Қытай бізді бір оқ шығармай, жаулап ала ма деген қорқыныш мазалайды. Қытай мәдениетін, Конфуций ілімін оқып өскен ұрпақ қандай болады? Конфуций ілімі ішімізге тамырын терең жайып, ұрапақ санасына «аспан асты елі- Қытай» деген ұғымды сіңдіріп, болашағымызды «қазақ» емес «қытай» етіп тәрбиелемейтініне кім кепіл бола алады? Қазақ –досын, көршісін сыйлайтын халық, әрқашан бірінші өзгенің өнерін насихаттауға жүйрік болып, өзімізді мақтауға келгенде әлсіз бола қалады. Қазақтың болашағы үшін, қарадомалақ ұрпаққа ең алдымен қазақтың ғұламаларын насихаттап, қазақылықпен тәрбиелеп, кейін барып өзгенің өнегелерін оқытқан жөн болады. Қытайлар Конфуцийды «ұлы ұстаз» дейді. Оны ерекше дәріптейді, оның ілімін ел басқаруда, халықаралық қатынастарда пайдаланады. Тіпті Конфуцийді пайғамбар тұтып, оның ілімін дін көретіндер аз емес. Әлемде Конфуций институтына ұқсас екі жүйе бар – Испанияның Сервантес институты және немістің Гете институты. Қазақ топырағында талай дүлділдер дүниеге келіп, дара данышпандар өткен. Неге, біз, ұлыларды қытайлықтар, испандықтар, немістер сияқты дәріптемейміз. Әлемнің екінші ұлы ұстазы –Әбу насыр әл-Фараби деп білеміз. Конфуций емес, әл-Фараби. Қазақ даласында дүниеге келіп, алты алаштың ардақтысы болған Әбу Насыр әл-Фараби Аристотельден кейінгі екінші ұстаз. Неге біз, өзімізде бар, әлемнің ұстазын ұлтымызға, ұрпағымызға дәріптей алмаймыз. Интернетте іздеу жүйесіне әл-Фараби есімін енгізсең, «Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби(870-950ж. ш.) - әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі» деген анықтама шығады. Әл-Фараби ұлы ұстаз болса, Абай –қазақтың бас ақыны. Әл-Фараби сан түрлі ғылымды меңгеріп, әлемнің екінші ұстазы болса, Абайдың әрбір өлеңі, әрбір қара сөзі қазақ өмірінің көрінісі, қазақ өмірінің шежіресі іспеттес. Абайдың Фараби еңбектерімен таныстығы жөнінде нақтылы мәліметтер жоқ. Дегенмен Абай өз шығармаларында нәр татқан рухани бұлақтар төркінін жасырмайды, ол қайта: «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім..,» - деп ескертуінде мәні терең сыр жатыр. Фараби мен Абай шығармаларындағы пікір сабақтастығын, ақын шығармашылығы нәр алған рухани көздерінің түп-төркінін қарастырғанда, алдымен екі ұлы ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайдың өз сөзімен айтқанда «өзін танымақтық» жөніндегі көзқарасына айрықша назар аудару қажет.

Қазақ даласында дүниеге келген ойшылдар, ғұламалар өте көп. Қазақ баласына ең алдымен соларды оқытып, солардың еңбектерін насихаттау керек. Одан кейін барып өзгенің даналарын дәріптей берсін. Конфуций іліміне «төтеп бере алатын» Абайтану, әл-Фарабитану ғылымдарын дамыту қажет. Тек республика көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде дамытуды қолға алсақ, насихаттасақ. Бірақ ең алдымен ғұламаларымзды насихаттауды бесіктегі баладан бастау керек. Өз ұрпағың біліп, танымаса шетелдіктер біздің Абайды, әл-Фарабиді керек етпейді.

Бүгінгі кезде қарумен жаулаудан гөрі ақпарат арқылы, мәдениет арқылы сананы жаулап алу әлде қайда тиімді. Дүние жүзі мойындаған ойшылдарды оқу керек. Жалпы адамзат үшін артынан өлмейтұғын сөз қалдырған ғалымдардың даналығын оқып, өзі үшін керекті дүние түйген білімділіктің белгісі. Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дегендей, Конфуций қытайды, Гете неміс халқын ұлықтайды. Бұл заңдылық. Қазақтың егемендік алып, көк байрағымыздың желбірегеніне 20 жылдың жүзі ғана болды. Көк байрақ қазақтың егемендгінің, болашғының белгісі. Көк аспанның биігіне самғай ұшқан қыран құс –Қазақ елі. Қанаты қатпаған қыранға басқа идеология әсер етсе, ол басқа бағытта самғап кетпей ме?

Автор:
Мадина ОМАРҚҰЛОВА