Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Көліктер 2» -қазақша сөйлеген алғашқы голивудтық туынды


11 ноября 2011, 07:57 | 3 312 просмотров



Жазда тұсау кесері болып, кинотеатрларда көрсетілген «Көліктер 2» мультфилміне ерекше сұраныс болған. Ал енді кішкентай бүлдіршіндер қазақ тіліндегі алғашқы диснейлік туындыны 1-қарашадан бастап DVD және Blu Ray форматындағы нұсқаларын тамашалай алады. Тамашалап қана қоймай DVD дискта тіл мәзірін қазақша таңдау мүмкіндігі туып отыр. Көп күттірсе де, мультфильм кейіпкерлері қазақша үн қататын күнге жеттік-ау. Қазақ анимациясы тарихында ана тілімізде сөйлеген ең алғаш голивудтық туынды «Көліктер 2» болып қалады.

Мультфильм кейіпкерлері түпнұсқадан еш ауытқымастан, әр дыбысты айнытпай салды. Жалпы «Уолт Дисней» әлемдік киностудиясы өз жобаларында отбасылық құндылықтарды, қарапайымдылықты насихаттайды. Сондай-ақ бұл компания осыған дейін 38 тілде дубляж жасаған екен. Ал қазақ тілі сәйкесінше ресми түрде 39-шы тіл болып отыр. Түркі әлемінің ішінде «Уолт Дисней» өнімдері бұған дейін түрік тілінде ғана дубляж жасалған көрінеді. Енді осы мультфильмнің DVD мәзірінде тілдер тізімінен «Қазақ тілін» таңдай алатынымызды қуана хабарлаймыз. Мұның өзі мақтан етуге тұратын нәрсе. «Болашақ» қауымдастығының бастамасына «Меломан» компаниясымен «Dіsneі/Pіxar» студиясы қолдау білдірсе, отандық бір ірі компания демеушілік көрсетті. Голливудтық компаниямен серіктес ретінде қолға алынған бұл жоба арқылы елімізге келетін фильмдерді қазақша сөйлетуге болатынына сендік. Қазақстанға келетін голивудтық туындылардың барлығы тек орыс тілінде жарық көреді. 2012-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап кинопрокатшылар фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждауы тиіс деген заңның орындалатынына күмәнмен қараған едік. Голувудтық фильмді қазақша сөйлету қазақ үшін арман болып қалатын бе еді. Қазір жаһандық кинотуындыларды қазақша сөйлетуге күшіміз де, мүмкіндігіміз де бар екеніне көзіміз жетті. Украина осыдан бірнеше жыл бұрын бүкіл кинотеатрлардың тілін жергілікті мемлекеттік тілге «бұрады». Қарсылық білдіргендер болды, бірақ заңды талаптың орындалуынан ешкім де зиян шекпеді.

Қазақ баласы өзінің Найзағай МакКуйн мен Мэтр, МакМиссл сынды сүйікті кейіпкерлерін өз тілінде қуана тамашалады. Енді аталған мультфильмнің DVD және Blu Ray форматындағы нұсқалары жарық көреді. Бұл форматтарда көрген көз қуанса, қазақша тыңдаған құлақ та қуанатын болды. Осы жобаны қолға алғандар ұлттық дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығына баса мән берді.

Мемлекеттік тілді өркендетіп, патриотизм мен отансүйгіштікті дамытуға көңіл бөліп отыр. «Жаста берген тәрбие – жас қайыңды игендей» деген даналар сөзінің өзі тәрбиенің талбесік-

тен басталатынын айтып тұр. Халқымыз қай кезде де жас буын тәрбиесіне аса маңызбен қараған. Жас ұрпақ – елдің ертеңі , олардың ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өскенін қалайтынымыз рас. Баланың сана-сезімінің, ойлау қабілетінің дамуына мультфильмдердің өзіндік әсері бар. Бұл орайда жас буынның жан-жақты жетілуіне септігін тигізетін, ұлтымызға тән ерекше қасиеттерді айқындайтын, ұлттық нақыштағы, қазақ тіліндегі, отандық мынадай мультфильмдеріміз бар деп айтатындай күйде емеспіз. Қаракөз балдырғандарымыздан қай мультфильмді білесің деп сұрасаң, «Шрек», «Мадагаскар», «Нарутодан» басталған шетел анимациялық фильмдерін қатарынан атай жөнеледі. Батыстық кейбір ұйымдары психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізгенде, балалар арасында қатыгездік, зорлық-зомбылық сияқты әрекеттердің орын алуының басты себебі теледидардан екендігін анықтаған. Бүлдіршіндер бойында ұлттық деңгейде, мейірімділікке, адамгершілікке баулуда бар іс-қимылдар жасалуы тиіс. Соның ішінде балалар көретін мультфильмдер ана тілімізде сайрап, ұлттық болмысымыз байқалатындай дүние болса, баланың бойында табылуға тиіс ізгі қасиеттер өздігінен-ақ қалыптаса түсетіні анық. Осы бағытта біраз қадам жасалғанының бір дәлелі «Көліктер 2».

Жиырма жылда үлкен экранға ана тілімізде шыққан алғашқы голивудтық мультфильмге бүлдіршіндер де, ересек адамдардың да көңілі толған сияқты.

Аударма сапасының жақсы болуы дүниеге мүлдем жаңа мультфильм келгендей әсер береді. «Уолт Дисней» компаниясының өкілдері Алматыға келіп, «Көліктер-2» мультфильмі-

не дубляж жасайтын әртістерді іріктеген болатын. Осыдан кейін актерлердің дауысын жазып алып, Лос-Анжелес қаласындағы мамандарға тексерткен. Дубляж жасау кезінде 30-дан астам жеке дауыс қолданылыпты. Жазу үдерісі Алматыдағы «Уолт Дисней Компани ТМД» компаниясының «Синема Тон Продакшн» студиясында жазылып, соңғы монтаж Лондондағы «Shepperton» студиясында жасалыпты. Туындыдағы бастапқы ойдан ауытқымау үшін аударма қазақшаға ағылшын тілінен тікелей жүргізілді. Аудару барысында туындаған бірінші қиындық қазақ тіліндегі сөздер орыс тілінен 2 есе ұзын болса, ағылшын тіліндегі сөзден 3 есе ұзын. Сол себептен аудармашылар басты мағынасын жоғалтпай, мультфильмді барынша қызықты аударуға тырысты.

«Көліктер-2» мультфильмінің кейіпкерлерін қазақша дыбыстағандар қатарында Бақытжан Әлпейі-

сов, Күнсұлу Шаяхметова, Дәулет Әбдіғапаров, Нышанбек Жұбанаев және Азамат Қанапияев бар. Мультфильмді шығарушыларға, әсіресе, Азамат Қанапияев дыбыстаған Мэтр ерекше ұнаған көрінеді. Мэтрдің қазақша дауысын голивудтықтар «біз естіген ең керемет Мэтр» деп баға беріпті. Дубляж жасайтын дауыстарды Лос-Анджелестегі студияда бекіткен. 23 маусым күні «Уолт Дисней» компаниясының қазақ тіліндегі алғашқы жобасы – «Көліктер-2» мультфильмі Қазақстанның 43 кинотеатрында бір күнде көрсетілген. Еліміздегі 2012-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап кинопрокатшылар фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждауы тиіс деген заңның орындалатынына «Көліктер 2» сендірді. Осы жобаны қолға алғандарға өте үлкен сәттілік алып келді десек те болады. Алайда басқада фильмдерге де дәл осылай сапалы түрде дубляж жасала ма? Жылына Қазақстанға шамамен 200 фильм әкелінеді. «Көліктер 2» мультфильмін қазақша сөйлету үшін 16-17 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Барлық фильмдерге сапалы дубляжға қаражатты қайдан аламыз деген заңды сұрақ туындайды.

Автор:
Мадина ОМАРҚҰЛОВА