Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ӘДЕБИ БІЛІМ – ПАРАСАТ ӨЛШЕМІ


9 декабря 2011, 07:41 | 3 339 просмотров



Адамзат баласының ақыл-ойының нәтижесінде ілгері жылжитын қоғам дамуы - үздіксіз үрдіс. Күні кеше ғана тәуелсіздік дәуірінің жылы лебін сезген қазақ даласы бұл күнде жедел де кемел өркендеу шағын бастап өткеруде. Экономика алға басты, халықтың жағдайы жақсарды, рухани дүниеміз ілгеріледі.

Бүгінгі мақсат – қазақ мемлекетін төрткүл әлемдегі озық елу елдің қатарына қосу. Мақсатты белгілеу бар да, оны орындаудың басты арналары бар.

Міне, сондай бағыттардың бірі - халыққа биік, дәрежелі білім беру ісіне келіп тіреледі.

«Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттілігіне сай осы заманғы білім беру жүйесі қажет» деп Елбасы өзі айтқандай білімсіз алға басуға болмайды. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, еліміз білім беру жүйесіндегі тәжірибелерді жинақтап, оның қатарын жаңа технологиялық әдіс-тәсілдермен, инновациялық жетістіктермен байыта түсудеміз.

Бүгінде білім беру саласында ірі реформалар жасалынды. Реформалар жасау арқылы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Бұл орайда азаматтарды адамгершілікке, имандылыққа, кішіпейілділік пен өзара құрметке баулитын гуманитарлық білім саласына, оның ішінде, әсіресе, ұлттық әдебиетті оқыту мен меңгеруге айрықша көңіл бөлінуде. Өйткені, сөз өнері – халықтың жаны, рухани әлемнің көркем айнасы, адам баласының ой-пайымдары мен ақыл-парасатының сыртқы дүниедегі кестесі. Айнала өмірдегі жаңалықтардың бәрі де тіл арқылы, сөз арқылы ақиқат қазынаға айналады. Біздің елімізде мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының өзі құнды әрі қажет екендігін тағы бір дәлелдеп отыр.

Сырлы да сазды сөзбен өрнектелген сондай ой асылының шыңы – көркем әдебиет. Қандай халықтың да тұтас табиғатын түсіну үшін үш түрлі қазына көзін игеру қажет сияқты. Ең алдымен сол ұлттың тілін білуі, екінші сол халықтың тарихымен танысу, үшіншіден, оның мәдени мұрасымен танысу болып табылады.

Қысқасы, әдебиет ұлттың жүрегіне апарар жол, сан тарау сырын ұқтырар ұлағатты мектеп. Ендеше әдебиет пәнін оқыту ісі – ұлттану ілімінің аса маңызды арнасы болып табылады. Бүгінде әдебиет пәні еліміз көлеміндегі білім беру жүйесінің әр сатысында мемлекеттік стандарттарға сәйкес белгіленген бағдарламалар көлемінде оқытылып келеді.

Оқушы бойына жақсы қасиет сезім арқылы қалыптасады. Ұлы педагог Ы. Алтынсарин қоғамды, адам мінезін әдебиет пәні арқылы түзетуге болады деп сенген.

Әдебиетті сүю, қызығып оқу – жай сауаттылық емес, өзінше шабыт, үлкен даналық. Әдебиет пәні оқушылардың рухани дүниесін байытып, оларға көркемдік, сезімдік, адамгершілік, азаматтық тәрбие беру нәтижесінде биік талғамды қалыптастырып, бейнеленген құбылысты терең сезіммен қабылдауына қажетті білім, біліктілікті қамтамасыз етеді. Оқушылардың ой-өрісі мен мәдениетін қалыптастырады. Әдебиет пәні - оқушы жүрегіне жол тауып, оның зердесіне заман келбетін, өмірдің тылсым сырларын жеткізетін халқымыздың көркем тарихы, ұлттық сананы тәрбиелейтін, адам мен қоғам жайындағы түсінігін реттейтін өмір оқулығы.

Білім беру жүйесіндегі барлық буындардағы қазақ әдебиеті пәнін тек лекция, практикалық сабақ өткізу шеңберінде ғана оқытпай, оны жас ұрпаққа әдеби-эстетикалық тәрбие берудің үлкен құралы деп білуіміз қажет. Әсіресе, әр түрлі формада ұйымдастырылатын шығармашылық жұмыстардың, әдеби кештердің маңызы айрықша. Осындай шығармашылық жұмыстардың нәтижесінде оқушылар қаламгердің өмірі мен шығармашылығының қыр-сырына үңіліп, қиялына қозғау түсіп, еліктеу сезімі оянады, жазу өнеріне, шығармашылыққа талпынады, адамгершілік қасиеттері беки түседі. Биыл-

ғы оқу жылының басында мен өзім Ы. Алтынсариннің туғанына 170 жыл толуына орай «Қазақтың тұңғыш педагогі», М. Әуезовке арналған «Қазақ әдебиетінің күншуақты асқар биігі», «Абай – дана, Абай дара қазақта», А. Байтұрсыновқа арналған «Қазақ тілінің тұңғыш реформаторы» атты әдеби кештер өткіздім. Осындай әдеби кештер арқылы оқушылардың ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығынан көп мәліметтер біліп, ой-өрістері кеңейіп, қызығушылығы мен белсенділігі артып, жақсы тәрбиеге баулынып, эстетикалық мәдени талғамдары дамиды.

Әдебиет пәні келешек ұрпақтың көркемдік-эстетикалық көзқарасын, рухани жағынан кемел жан дүниесін қалыптастырудың бірден бір қуатты құралы. Ал қазақ елі үшін ішкі жан дүниесі жарық та, парасатты ұрпақ өсіруден, іскер маман даярлаудан, адамгершілігі мен имандылығы мол азамат тәрбиелеуден асқан мәртебелі міндет жоқ.

Ұлттық мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, халықтық мақсат-мұраттарымызға қадам басқан бүгінгі таңда қазақ әдебиеті пәнінің осыншалық тәрбиелік мәнін тиімділікпен пайдалана білуіміз, ұлттық әдебиеттің тарихы мен бүгінін тереңдетіп оқыту біздің абзал борышымыз бен міндетіміз. Сонда ғана болашақ ұрпақтың санасына сәуле түсіп, жаны бай, өресі биік ұрпағымыз өсетіні сөзсіз.

Автор:
З.Б.МУСАПИРОВА, «Қазақстанның 10 жылдығы» атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Көксу ауданы