Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Арап Әмірұлының өлеңдеріндегі тарихи шындық


13 января 2012, 11:07 | 2 496 просмотров



Әрине суық қайғы, суық қайғы,

Көңілін халық бірақ суытпайды.

Егерде халық өзін ұмытпаса,

Бақыл бол, халқың сені ұмытпайды.

Мұқағали.

Әр елдің, әр жердің өз тарихы болады. Заманға байланысты әр кезеңнің өзіндік оқиғалары бар. Сол сияқты өз заманында жазықсыз қуғынға ұшырап, құрбан болған, шындық аңсап өмір жырын толғаған, сол шындықты сөзбен, өлеңмен мүсіндеп шеберлікпен жеткізе білген Арап Әмірұлы еді. Ол 1897 жылы Алакөл ауданының Жайпақ аулында дүниеге келген. 1936 жылы Москва қаласында өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің ең бірінші онкүндігіне қатысып, кейін «Халық ақыны» деген атаққа ие болған. Қызылорда Қазақстанның астанасы болып тұрған кезде драмалық театрда өнер көрсеткен дарынды біртуар ақын.

Арап Әмірұлы 1920 жылдан бастап Кеңес құрылысына қатысқан. Алғашында мұғалім, кейін кедейлерге жер бөліп беру нау-

қанына араласқан. Біраз уақыт Изенді жерінде есепші, Лепсі ауданында сельпоны басқарған.

1937 жылы халық жауы атанып, айдауға кеткен. Айдауда жүрген өмірі, қайда қаза болып, қайда жерленгені белгісіз.Тек баласы Ыбырайдың қайта-қайта сұраныс жазуынан кейін 1949 жылы өлді деген хабар алған.

1957 жылы 14 маусымда Талдықорған облыстық сотының Арап Әмірұлының ақталғаны туралы шешімі шығарылған.

Арап Әмірұлының ел аузында жүрген, баласы Ыбырайдың жинақтаған өлеңдерінде оның өмір шындығын көре білген талантының, табиғат берген дарындылығының көрінісін аңғаруға болады. Сонымен қатар көп қайғы-қасірет шеккен, азап пен уайым, тарих тұңғиығын терең түсіну, бүгіннің ақиқатына көз жеткізу сияқты терең толғаныстар заманның астан-кестен, аласапыран жайымен астасып жатады.

Арап ақынның азаматтық және ақындық қасиетін айқындай түсетін тағы бір өлеңі сол кездегі қазақ даласындағы ауыр колхоз өмірін суреттейді.

Мысалы:

Өлең сөз емес ермекке,

Естілсін зар жер-көкке

Жеке-жеке әдетін,

Ұсындым айтып бермекке,– дейді.

Жаппай коллективтендіру, асыра сілтеу 1932-1933 жылдары қазақ халқына қайғы-қасірет әкелді, ел іргесі шайқалды, адамдар қынадай қырылды.

Халық басындағы қара бұлтты көре тұрып, ақын үнсіз қала алмады, жан айқайын білдірді:

Кәмпеске қылып малды алды,

Көшіп малмен күнелткен,

Көрнеу жұтып ел қалды.

Жағдайменен санаспай,

Хал-жайына қараспай,

Қырылды халық бүлінді.

Жанына қайтсін таласпай,– деп, аштықты, қалың елді тып-типыл қылған қара дауылдың зардабын ашына жырлайды

Сол заманда көзі ашық, көкірегі ояу зиялыларды шетінен «халық жауы», «жапон тыңшысы» деп қойша көгендеп, түрмеге тығып көзін жойып жатқанда екі елі ауызға төрт елі қақапақ қойып, «үндемеген үйдей бәледен құтылады» дейтін қағиданы ұстанды. Бірақ Арап ақын жеке басының қамын ойлап, үндемей қала алмады. Сол қоғамда болып жатқан жазықсыз жазалануды, шындықты көре білді.

Арап ақынды ревалюцияға қарсы, ұлтшыл, кеңес өкіметіне қарсы белсенді күрес жүргізушісі ретінде айыпталуына жетіп-ақ жатты. Сонымен бірге ақын шындықты аттап өтпей, бұрмалауға салмай сол кездің болмысын шындыққа сай, нанымды етіп жеткізген:

Жетісуда желкен жоқ,

Жеті жыл болды еркек жоқ.

Елім деген естілер,

Бүгін бар да, ертең жоқ.

Ерте айтылар азан жоқ,

Екі асылар қазан жоқ,

Хабарланса бұл қылық,

Одан үлкен азап жоқ,– дейді.

Сондай-ақ өз басының жайларына, халықтың тағдырына, заманға қатысты ойларын әсерлі жеткізеді.

Біреуге біреу сенбейміз,

Сол үшін жақын келмейміз.

Кездесер болсақ екі адам,

Анығын айтып бермейміз.

Кеткендер қайтып келу жоқ,

Көз көріп қолмен көму жоқ.

Қайда апарды, қайда өлді,

Хабарлап айтып беру жоқ,– деп өмір мен өлімнің ара қатынасын тірлік пен ажалдың шарпысуын ойшылдықпен сезіне біледі.

Автор:
Нұргүл ҚАБДЫҒАЛИЕВА, М. Төлебаев атындағы орта мектеп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алакөл ауданы.