Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мемлекеттік тіл – менің тілім!


3 апреля 2012, 08:19 | 2 485 просмотров



Мақсаты: оқушылардың тіл туралы білімдерін жетілдіру, туған жеріне құрмет көрсетуге, тіл мәдениетін сақтай білуге, тіл тазалығы үшін күресуге баулу.

Міндеттері:

Оқушыларды туған тілінің құдіретін сезін-

уге, ана тілін, ұлтын, Отанын қастерлеуге тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту.

Ана тілі туралы жазылған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқи білуге, жүрегімен қабылдауға дағдыландыру, адамгершілік қасиеттерін дамыту.

Сабақтың көрнекілігі: нақыл сөздер, оқушылар шығарған қабырға газеттері, қаттамалар, оқушылар шығармалары, интербелсенді тақта.

Сабақтың түрі: сайыс сабағы

Пәнаралық байланыс: орыс тілі, ағылшын, музыка.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Қазіргі таңда еліміз өз тәуелсізді-гіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы заңы» күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз.

«Адамға екі нәрсе тірек тегі,

Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», - деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез – келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ.

Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз Елтаңбасы, Әнұраны, Туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар.

Психологиялық тренинг. «Жүректен жүрекке»

Мұғалім:

Мұғалім: Ал енді, туған еліміздің тілін ардақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды жеткізе білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сайыс сабағымыз бес кезеңнен тұрады.

Сайыстың кезеңдері:

І. Таныстыру.

ІІ. Тақырыптық мәтін құру.

ІІІ. Үш тұғырлы тіл.

ІҮ. Жалғасын тап немесе ақындар жырлайды.

Ү. Ойтүрткі (топ басшыларының сайысы).

•Сайысқа әділ баға беретін әділ қазыларды сайлау.

Мұғалім: Тілдер мерекесіне арналған сайысымызды бастайық. Сайыстың бірінші кезеңі: «Таныстыру». Сайысты бастамас бұрын жеребе арқылы қай топтың бастайтынын анықтап алайық.

/Жеребе тастау/

Мұғалім: «Әдепті елдің баласы

Алыстан сәлем береді» - дейді данышпан халқымыз. Олай болса, сөз жарыскерлерде. Таныстыру кезеңіне берілетін ұпай саны - 10.

(Әр топ өзінің мүшелерімен таныстырып, төс белгісін, шығарған қабыр-

ға газеттерін түсіндіріп, ұранын айтады).

Мұғалім: Қазақпыз – қыз өсірген іңкәр қылып,

Қазақпыз – ұл өсірген шырқап жүріп.

Қазақпыз – құс та салып, ат жаратқан,

Сайысқа түскен және тұлпар мініп – дегендей, келесі кезеңіміз «Тақырыптық мәтін құру» деп аталады. Бұл кезеңде топтар тақтадағы ұяшықтардан тақырып таңдап алып, сол тақырып бойынша мәтін құрастырады. Ұпай саны - 10.

(Слайдта тақырыптар беріледі, топтар өздері таңдаған ұяшықтағы тақырыпқа әңгіме құрастыр-

ады).

Тақырыптар:

•Білім –байлық, тіл – тірек.

•Тілдің мәртебесін көтеру,баршамызға ортақ іс.

•Тіл – халықтың қазығы.

Мұғалім: Қазіргі уақытта көңіл аударуды қажет ететін мәселе – бірнеше тілде білім беру тәжірибесі. Келешек ұрпақтың мемлекеттік тілді, сонымен қатар орыс, ағылшын тілдерді жақсы білуі - өмір талабы. Сол себепті, келесі кезеңді «Үш тұғырлы тіл» - деп атауды жөн көрдім.

Ал, мақал – мәтелдер талай замандар бойы қалыптасқан, ұрпақтан – ұрпаққа ауысып келе жатқан асыл мұра. Сондықтан да, бұл кезеңде берілген мақал – мәтелдерді үш тілге аудару қажет.

Тапсырма: тақтадан таңдаған мақал – мәтелдерді үш тілге аудару.

Мұғалім: Әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті өз халқын, өзінің елін қалай сүюімен, білуімен, ардақтауымен өлшенеді. Бұл азаматтық борышты ақын қалай жырлайды? Келесі бөлім ақындар өлеңіне арналады, «Жалғасын тап немесе ақындар жырлайды» деп аталады. (Екі жолын бастау, келесі топ аяқтау).

Слайдтан атақты ақындар өлеңдерінің алғашқы 2 жолы беріледі, оқушылар оны жалғас-

тырады.

Ү. Ойтүрткі. Топ басшыларының сайысы.

Бұл, ой салу әдісі.Бұл бөлімде біз топ басшыларының жалпы ойлану деңгейлерін тексереміз.

Тапсырма:

•Мәтінге ат беру.

•Жалғасын ойдан шығару.

•Аңызға немесе ертегіге байланысты мақал –мәтелді тауып айту.

Ү. Қорытынды.

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, сабақтың басында мен оқушыларға елім, жерім, тілім деп соққан «жүрегімді» ұсынған болатынмын. Оны жүректен шыққан сөз өзге жүректерден орын алса деген мақсатпен жүргізген едім. Ал, енді, біздің бала жүректен шыққан жүрекжарды сөздеріміз сіздердің ересек жүректеріңізден орын ала алды ма екен, соны білсек. Сабақтан алған өз әсерлеріңізді бір сөзбен жеткізсеңіздер екен.

•Сайыскерлерді марапаттау.

Автор:
Қ.Б.Асылбекова, Мойнақ ауылындағы №23 орта мектеп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі