Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бастауыш сыныптарды оқыту әдісі


27 ноября 2009, 21:38 | 3 312 просмотров



Қай мемлекеттің де негізгі тірегі- білімді де, білікті, іскер де белсенді адамдар. Н.Ә. Назарбаев: «Заманымыз- мәдениет заманы, ал мәдениетке білім жеткізеді. Білім алудың ішінде ең төтесі- мектеп»,- деп көрсеткені белгілі. «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» - деп құрметпен сенім білдірген еді. Осы жолда білім беріп жүрген ұстаздардың атқарар ісі аумақты. Сондықтан алға қойылатын мақсат – оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіру, жаңа инновациялық технологияларды тиімді пайдалану арқылы жеке тұлғаның, көп мәдениетті тұлғаның дамуына жол ашу. Ол жолды ашатын - мектеп. Өркениетті қоғам мен құқылы мемлекеттің қалыптасуы өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен білімділігін талап етеді. Білім негізі бастауыш мектепте десек, ұрпақ тәрбиесі алдында бастауыш сынып мұғалімдерінің жауапкершілігі орасан зор. Өйткені бастауыш сынып мұғалімі орта және жоғары сынып оқушыларынан психологиясы да, әрекеті де бөлек, өмір табалдырығын енді ғана аттаған жандары таза, ниеттері ақ, сезімдері пәк бүлдіршіндермен жұмыс істейді.

Зерек ерге мол мейірім төкпес пе!

Түйсіксізді бетке қағып сөкпес пе?!

Қарағанда көр көкірек немеге

Естиярдың барлық ісі өнеге.

Құт жарасар пайымдының еркіне,

Білім ердің ізгі халық көркі де, - деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқан асыл сөзде мұғалімнің барлық қасиеті жинақталғандай.

Ал, осындай мұғалім бүгінгі күн талабына сай шәкірт тәрбиелеуі керек. Ойын баласының зәулім ғимаратқа кірген алғашқы қадамы қызық болса, оның көзіндегі ұшқын оты «Білсем, үйренсем» деген ниеті одан әрі лаулайтыны сөзсіз. Осы мақсатқа жету жолында түрлі тиімді әдістерді пайдалану қажет. Әдіс- тәсілдердің тиімділігі нәтижесінде көптеген жетістіктерге жету жолы ашылатыны белгілі.

Барлық әлем халықтары ғасырлар бойғы тарихында біздің халық сияқты имандылық, ғибраттық әдет- ғұрып, салт- дәстүр, тағылым сабағымен ұрпақ тәрбиесінің қыруар үлгілерін мұралыққа қалдырған. Барлық халық ата- бабалары қорытқан қазына байлық тәжірибені өз жаратылысының ізгілік игілігі ретінде сіңіре пайдалануда. Әлем халықтарының барлығы ұрпақ жанының тазалығын сақтау, білімділікке бой ұрдыру мақсатын көздейді. Қадым заман (Антик) философиясының өзінде адамдар әрекетімен ғибраттылық мінездемесін айқындау үшін де дәл осы түсінікті ар өлшемі ретінде қолданған. Ендеше қоғамдық сананың айрықша келісімі, қоғамдық қатынастардың ерекше түрі мектеп қабырғасында қаланатыны белгілі. Осы тұрғыда халықтың ғасырлар бойы еңбегі, өнері, білімі жұмсалған. Халықтық қазына ауыз әдебиетінің алатын орны зор. Ал бастауыш сыныптағы ауыз әдебиетінің тәуір көретін жанры - ертегі. Ертегілердің тәрбиелік мәні үлкен, оларда адамның ақылы, шыншылдық, тапқырлық, ер жігіттілік, қайырымдылық, іске берілгендік сияқты қасиеттер дәріптеліп, ал ақымақтық, жалқаулық, сараңдық, мейірімсіздік, жауыздық айыпталады. Қазіргі алдымызға қойған күрделі мәселелердің негізгілері гуманизм, мейірімділік, адамдарды қадірлеу сезімін қалыптастыру, ақыл- ой тәрбиесі. Сондықтан, қазақ ертегілері негізінде баланы тәрбиелеу аса маңызды, сонда бала мұғаліммен, құрдастарымен әрдайым қарым- қатынаста болып, білім, тәрбие алады, оның өмірлік тәжірибесі молаяды, жүріс- тұрыс, қарым- қатынас жасауды үйренеді. Сонымен бірге, оқушының оқуға ынтасын арттырудың, білімге қызығушылығын тудыратын тиімді жолдардың бірі. Сондай-ақ, ертегілерді оқи отырып, талдату балалардың сөйлеу тілін, ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Болмысынан ұяң бала сөйлеуде қиналады. Сонымен бірге ертегілерді, ойын жеткізуде қиналатын балаларға, суреттеп жеткізу элементтерін үйрету де нәтиже береді. Оқыған әңгіме, ертегілерді бейнелеуде біріншіден өзі тірек сигналдарын құрады, екіншіден ойын жинақтап сөйлей алады.

Мақал- мәтелдерді пайдалану да тиімді. Оқушының сөздік қорын, ауызекі сөйлеу тілін дамытуда, шығармашылыққа баулуға көмектеседі. Мысалы, кез- келген бір мақалдың не мәтелдің алғашқы жолын айтып, келесі жалға сын өздеріне іздету. 1. Жаңбыр жауса....

2. Қыз өссе ел ырысы...

Өздері ойдан құрастырып шығаруларына болады. Мұнда ұйқасы болуды шарт етіп қойса, оларға қызықты.

Осы орайда оқушының зейінін де шыңдаймыз. Егер оқушыда зейін қою қабілеті болмаса, оқу, ұғыну жөнінде айтудың қажеті болмас еді. К.Д. Ушинский: «... зейін- сыртқы танымдық дүниенің санаға енетін адам жан- дүниесінің бірден- бір есігі, олай болса ешбір білімдік ұғым бұл есікті аттап өте алмайды, онсыз ешбір ұғым баланың жан дүниесіне жете алмайды»,- деген еді. Я.А. Каменский зейінді заттар мен құбылыстардың адам санасында бейнеленуіне мүмкіндік беретін «ақылдың сәулесі» деп атаған еді. Ол «өз оқушысының қызығушылығын және зейінділігін ойламаған оқытушы білім бере алмайды». «... Оқушылар үшін мұғалімнің уысы ғылымның арнасы ағатын қайнар бұлақ тәрізді, оқушылар осы қайнардың ағытылу сәтін дер кезінде сезініп, зейіннің түтіктерін қоса қоюға дағдылануы керек және бұл үшін олардың әр нәрсеге деген қызығушылығы мен зейінін оята алу қажет»,- деді.

Сонымен қатар қабылдау, түйсіну, қиял сияқты психикалық процестерін дамыту да оқушының білім алудағы тиянақтылығы мен біліктілігінің шыңдалуының кепілі бола алады. Бұл орайда: 1) сабақта үнемі оқушылардың әр алуан ақыл- ой әрекетін, проблемалық, шығармашылық ізденістерін дұрыс ұйымдастыру керек; 2) Әдеби шығармаларды ұғынуда әдебиетке құмарлығын, қоршаған дүниенің суреттелуіне, қоғамдық- әлеуметтік өмірдің бейнеленуіндегі, адам психологиясы мен жан- дүниесінің сипатталуындағы ерекшеліктерді байқай білуге, түсінуге ұмтылу сияқты талпыныстарын қалыптастыру; 3) Оқу материалын баяндауда оқушылардың бұрынғы білім қорларын, факторларды әр жолы жаңаша көре білуін ұйымдастыру, бұрын таныс нәрсені байқаған сайын жаңадан көріп тұрғандай сезім тудыра білу, сөйтіп олардың ерекше сезімталдығын тәрбиелеп отыру керек.

Сөз соңында қорыта келе, Ж. Аймауытов: «Бала әдепті жасынан тамызықтап жинайды»,- демекші, сол жинайтын әдеті тек жақсы әдеттер болсын деп тілейміз. М.Жұмабаев айтқандай: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық етіп шығару керек»,- деген тілегіне қосылып, заман талабына лайық ұрпақ тәрбиелеуде бәріміздің мақсатымыз бір екенін естен шығармауымыз керек. Егер мақсатымыз білімді ұрпақ тәрбиелеу болса, онда бұл жұмыс жолындағы қолымыздан келер барлық тиімді әдіс- тәсілдерді аямауымыз керектігі айдан анық. Өз құдіретіне өзі сенген жерде маңдай тер, білек күші, ақыл- ойымен құдіретіне құдірет қоса білген, арманы алдындағы айқын мақсатымен сабақтасқан жағдайда ғана ұстаз өз арманын өмір шындығына айналдыра алады.

Автор:
Иманғазиева П.А, Абай атындағы орта мектеп- гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, Сарқан ауданы