27 ноября 2009, 21:41 | 5 507 просмотров
Шеризат Сапарғалиева мектеп директоры тартымды мақалаларымен оқырмандарымызға танымал болып жүрген ұстаздардың бірі. Оның ойлы да, ғылыми танымға негізделіп жазылған мақалалары «Білім шапағатында» әдебиет пәні туралы толғанған мақаласын жариялап отырмыз.
Редакция
Мектепте оқытылатын әрбір пәннің жас жеткіншек өміріндегі мән-маңызы ерекше. Соның бірі-әдебиет пәні. Әдебиет-өнер болғанымен, ол-әрбір оқушыдан өнер адамын жасау мақсатын емес, сол өнерді түсіне, сүйе білетін, одан жан жүрегіне қажетті нәр, рухани ләззат алып, рақаттана білетін, эстетикалық танымы мен талғамы жоғары тұлға тәрбиелеу мақсатын көздейді. Әдебиет пәнін кейбіреулер «ең оңай сабақ, өйткені ол -әңгімелеу сабағы» деп түсінеді. Әдебиет жайлы осындай жаңсақ пікірді естіген кезде, сөз өнерінің иісі мұрнына бармайтын ондайларға еріксіз дау айтқың келеді. Кейде көпшілік арасында осындай қате пікірдің қалыптасуына «мұғалімдер себепкер емес пе?» деген де ойға қаласың.
Өйткені, сабақта негізінен сюжетті көркем шығарманы оқиға бойынша мазмұндатып, сұрақтарға жауап алады да, кейіпкерлерге мінездеме бергізумен шектеледі, қалғанын, яғни көркем шығарманың табиғатын: тақырыбы мен идеясын, композициялық құрылымы мен сюжеттік желісін, көркемдік ерекшелігі мен жанрлық түрін, жанрына қарай өзіндік белгілерін, жазушы не ақынның суреттеу тәсілі мен көркемдік мұратын, әдеби - тео-
риялық ұғымдардың мәнін, жалпы көркем шығарманың фабуласын танытуды кейінгі кезекке қалдырады. Сөйтіп, әдебиеттің өзіндік тарихы мен теориясы бар табиғаты күрделі пән екенін ескермейді.
Кім үшін болса да, әрбір жаңа нәрсе - қызық. Әсіресе, бала үшін әрбір жаңа пән - құпиясы мол жұмбақ әлем. Оқушыны оның құпия сырына бойлату-мұғалімнің ғана еншісіне тиген сыбаға. Егер, оқушы әдебиет пәнімен алғаш танысқан кезде, ол оған бастауыштан белгілі ана тілі пәнінің жалғасы іспетті болып көрінсе, онда ол құпиялылығын жояды. Сондықтан да, оқушы әдебиет кітабының бірінші парағын ашқан сәттен бастап, оның құдіретті күшін сезінсе, сонда оған жеңіл-желпі қарамайды. Яғни, жай, тура мағынадағы сөздермен, ғылым тілімен айтылған мәліметті көркем әдебиет тіліне айналдырған кезде қандай айырмашылық пайда болып, қандай қиындық туатынын сезінген жан ғана әдебиеттің қисынын тауып, қиыннан қиыстырылатын, сазын келтіріп, сұлулықпен өрнектелетін сөз өнері екенін түсінеді.
Әдебиет-сезімді сәулелендіріп, қиялды қанаттандыратын құдіретті күш. Ол - өмір, шым-шытырық оқиғалар мен ондағы сан алуан тағдырлар арқылы өмірдің дәл келбетін танытады. Танытып қана қоймай, ақ пен қараның, асыл мен жасықтың парқын салмақтай білуге үйретеді, әр жағдайды өзінше бағалап, өзінше ой түюге, яғни мақсатты, саналы өмір сүруге тәрбиелейді.
Демек, әдебиет-тәрбие құралы. Ол – тұнып тұрған даналық. Адамға салмақты көзқарас қалыптастырып, оны ақыл-ой мен парасат биігіне көтереді.
Сондай-ақ, өзіңмен үнсіз тілдесіп, жаныңды түсінетін, сырыңды ешкімге ашпайтын адал да, сенімді дос. Себебі, жасөспірім шақта адам баласы басынан өткеретін сан алуан психологиялық жағдайларды өз көңіл-күйінің пернесін дөп басатын лирикалық туындылар оқу арқылы түсіну – қазақы ортада ұлттық дәстүрден сусындап өскен әрбір жас жеткіншекке тән қасиет десек, қателесе қоймаспыз.
Сондықтан да, ол – психологиямен өзектес ғылым.
Әдебиет – тарих. Онда халқымыздың өткен өмір белестеріндегі арманы мен мұңы, қасіреті мен қуанышы, күйініші мен сүйініші көркем сөзбен кес-
теленіп, бүгіні мен болашағы да көркемдікпен көрініс табады.
Әдебиет - өзіндік теориясы бар ғылым. Геометриялық өлшем мен математикалық есепке құрылып буын, бунақ, тармақ, шумақ, ұйқас түрлерінен «айналасы теп-тегіс, жұмыр» боп құрастырылатын поэзиялық шығармаларды, сан алуан эпизодтардың басын біріктіріп, сюжетке айналдыратын композициялық детальдарды қалай ғылым демеске?!
Міне, осы ұғымдардың бірлігі сақталған кезде ғана әдебиет өз деңгейінде өтеді, яғни оқушылар шығарманың көркемдік тереңіне бойлап, одан рухани нәр алады. Оқушының ой-өрісі мен дүниетанымы кеңейіп, тіл мәдениеті мен сауаттылығы артады. Әдеби тіл нормасында еркін пікір айтып, өз ойын көсілтіп жаза білуге үйренеді. Ақылдан кенде пенде ғана сөз өнерінің осындай құдіретін түсінбейді. Егер, біз – мұғалімдер, әлі сезімі мен көзқарасы тұрақталмаған жас жеткіншектің санасына көркем сөздің қуаты мен құдіретті күшін сіңіріп, оның әсемдігінен әсерлендіре алмасақ, әдебиет әңгіме сабағына айналады. Қазіргі кезде оқушылардың интеллектуалдық деңгейлерінің төмендеп бара жатқаны, анығырақ айтсақ, ойларын дәл, анық, сауатты, көркем жеткізе алмауы, тіпті бір ойлы дүние айта алмауы – көркем әдебиетке қызығушы лықтың жоғалып бара жатқандығының белгісі. Мұның бәрі – жан-дүниенің жұтаңдалып, сезімнің жалаңаштануына әкеп соғатын жайттар. Бұл мәселенің бір ұшы бүгінгідей ақпарат көздері көбейген заманда жас жеткіншектердің компьютер, интернетке қызығушылықтарының жоғарылығына байланысты болса, бір ұшы әдебиетші мұғалімдердің оқушы қызығушылығын оята алмайтындығында жатса керек. Әдебиет пәні дегенде, ұзақ жылдар бойы шешуін таба алмай келе жатқан күрмеуі қиын тағы бір күрделі мәселе еріксіз ойға оралады. Ол – мектеп бағдарламасы бойынша жазылатын шығарма жұмысы. Шығарма жайлы сөз қозғай қалсақ, әдетте оқушылардың жазба жұмыстары сапасының өте төмендігі, көбінің ойын тиянақты, тартымды жеткізе алмай қиналатындығы, оқулықтағы айтылған пікірлерді жалаң қайталап айтуға бейім тұратындығы айтылмай қалмайды. Оқушылардың шығармаларын оқып көрсеңіз, негізінен айтар ойларының бір-біріне ұқсас, тіпті сөз саптаулары мен образ, оқиғаларды танып, бағалауы да бір сарындас келетіні, өзіндік топшылаудан гөрі, дайын пікірді қайталау басым екені байқалып тұрады. Яғни, оқушылардың көбі ойлануға, ізденуге, өнер туындысы жайлы өзіндік пікір айтуға қабілетсіз. Бұл да – көркем шығарма оқуға қызығушылықтың жоқтығынан болып отырған жағдай. Көркем шығарма оқу – тіл, ой байлығын молайтудың, сезім сергектігіне тәрбиелеудің жолы. Өйткені, оқушы жазушының туындысын талдап, тани отырып, оның сөз құдіреті арқылы айшықталған көркемдік әлеміне бойлайды, сан алуан бояулы, ғажап сырлы өмірдің, алуан тағдырлы адамдардың қыр-сырына үңіледі, сол арқылы түрлі сезім толқынысын басынан өткереді, сөйтіп оның әсер-ықпалымен көркемдік білім-танымының көкжиегі кеңейеді. Ал, біз – мұғалімдер, бұл жағына аса көңіл бөлмей, әдебиеттің ауыртпашылығының үстінен аттап өтіп, тестілеу енгізілгенге дейін үздік оқушыларды қолдан жасап, олардың мектеп бітіру емтиханындағы шығарма жұмысын ұзақ жылдар бойы өзіміз жазып келдік. Оқушының шығармашылық қабілеті сарапқа салынар кезде тағы өзіміз араластық.
Міне, соның салдарынан кезінде ой еңбегінің биік шыңы боп саналған филология, журналистика елеусіз салаға айналып, мектеп бітірушілерді соңғы кездері мүлдем қызықтырмайтын болды.Өлең жазуға құмартатын ауылдың қара домалақ балалары бүгінде жоқтың қасы. Сонда әдебиет әдебиетшілер үшін ғана керек болғаны ма?
Әдебиет – базбіреулер үшін әңгіме сабағы болып есептелсе, енді біреулер үшін бас қатырып, жан қинайтын, машақаты көп қиын пән боп есептелінеді. Әрине, екінші пікірдің жаны бар. Өйткені, тіл-ойдың жемісі, ал ой- «инемен құдық қаздыратын білімнің» жемісі. Қай мамандық иесі болса да, қай салада қызмет етсе де тіл мен ой-адамның ажырамас серігі. Сондықтан да әдебиет – оқушыға ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда, оның қызметіне, ортамен қарым-қатынасына көмегін тигізіп, күнделікті тіршілікте қажетіне жарайтындай жан-жақты білім беретін пән.
Ендеше, даналықтың қазынасын, өмірдің мән-мағынасын, халқымыздың кәусарын, ғашықтардың аңсарын, жас сәбидің пәктігін, азаматтың мәрттігін, ана сүтінің жұғымын, назды сұлудың қылығын, ұлтымыздың болмысын, сөзіміздің дәмдісін, ер жігіттің өрлігін, ата-баба тірлігін бойына сыйғызып тұрған әдебиет пәнін қалай әңгіме сабағы дейміз.