Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Құрбан айт қабыл болсын!


27 ноября 2009, 21:44 | 5 058 просмотров



Қарашаның 27-нен бастап қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі осы күнге орай баспасөз мәслихатын өткізді. ҚР «Еңбек туралы» заңына сәйкес Құрбан айттың бірінші күні - демалыс күні болып табылады.

Құрбан айт оразадан соң 70 күннен кейін басталып, 3 күнге созылады. Қасиетті мерекеде 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес әрбір мұсылман баласының құрбандық шалуы - парыз.

Бас мүфтидің айтуынша, Құрбан айт қарашаның 27-і күні Алматы уақыты бойынша таңғы 8 сағат 30 минутта айт намазын оқудан басталады. Одан әрі құрбандық шалу рәсімін орындай беруге болады. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малы шалынады. Ауру, соқыр мал құрбандыққа шалынбайды. Құрбандық еті үшке бөлініп, оның үштен бірі садақа етілуі қажет. «Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарау, құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту - хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті», - деді бас мүфти.

Қасиетті мереке кезінде Меккеде қажылықтың соңғы жоралары да атқарылады. Биыл Қазақстанға Сауд Арабиясы 4 мың орын бөлген. Қажылық парызын өтеп, Меккеде құрбандық шалуға ниет еткен отандастарымыз қарашаның 11-нен бастап аттануда. Биыл қажылықты ұйымдастырумен 20 туристік компания айналысты. Бас мүфтидің айтуынша, биыл қажылықтың дұрыс өтуі үшін бірқатар өзгерістер енгізілген. Қажылыққа барушылар доңыз тұмауына қарсы егіліп, жасы 65-тен асқандар мен аяғы ауыр әйелдердің баруына шектеу жасалған.

ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫНЫҢ УАҚЫТЫ

Жұма намазындағыдай айт намазының да шарттары бар. Айт намазында құтпа оқу шарт емес, бірақ оқиды. Құтпаны айт намаздың алдында емес, намаздан кейін оқылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кезінде, әділ төрт халифа (р.а.) заманында құтпа айт намазынан кейін оқылды.Құтпаның айт намаздан кейін оқылуына дәлел: Маруан (р.а.) айт намаздың алдында құтпа оқыды. Сонда жамағаттың арасынан бір кісі тұрып: «Әй, Маруан, сен мінберге шығып құтпа оқыдың, ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намаздың алдында құтпа оқымайтын, Ол құтпаны айт намаздан кейін оқитын»,- деді. Сонда Маруан: «Иә, бұл іс қалдырылған»,- деп мойындады.Айт намазының уақыты шариғат үкімі бойынша күн найза бойы көтерілгенде (3 метр).Айт күндері тәкбір айту уәжіп. Өйткені, Аллаһ тағала қасиетті Құранда «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкіршілік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 185-аят),- д еген.Тәкбірдің уақыты айт күні таңертеңнен басталады немесе үйден шығып мешітке бара жатқанда айту сүннет болады және оның уақыты айт намазы біткенге дейін жалғасады. Тәкбір былай айтылады: «Аллаһу акбар» (3 рет) «Лә илаһа иллаллаһу» (1 рет) «уаллаһу акбар, Аллаһу акбар уа лилләһил хамду».Айт күнінің әдептері бар, олар мыналар: көп зікір айту; жалпы сауапты істермен айналысу; ғұсыл құйыну; әтір себу; жақсы және таза киім кию.Ораза айт күні таңертең намазға дейін тағам ішу - сүннет, ал құрбан айт күні намазға дейін ас ішпеу - мүстахаб. Айт намазына дейінгі түнде Аллаһқа көп ғибадат ету, дұға жасау, зікір айту - өте сауапты іс.Айт намазға бара жатқанда бір көшемен барып, басқа жолмен қайту - сүннет. Мешітке айт намазына әйелдер мен балаларды да қатыстыру; бір-біріне зиярат ету, мейраммен құттықтау, әсіресе, туыстарды зиярат етіп, құттықтау - сүннет.Айт күндерін ерекше атап өтуге тырысу керек.

ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ ҮКІМІ

Һижраның 2-ші жылында парыз болып, оның шариғи үкімі аят, сүннет және ижмағ (ұжымдық қаулы) арқылы негізделеді.Аллаһ тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқып, құрбан шал» («Кәусар», 2-аят),- деген.Анас ибн Маликтен (р.а.) имам Муслим риуаят еткен мына хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүйізі бар, әдемі екі қошқарды өз қолымен құрбандыққа шалды. «Бисмиллаһ» деп тәкбір айтты және оның үстіне аяғын қойып бауыздады»,- деген («Фикһ әл-Жазири», 1-кітап).Құр-бан шалу - әрбір саналы, мұсылман, тұрғылықты, дәулетті кісіге міндет (уәжіп). Құрбандық күні (яғни, одан бір сағат та, бір күн де бұрын емес) өзінің және жас бала-шағаларының атынан шалады. ҚҰРБАНДЫҚ КІМДЕРГЕ УӘЖІП: Мына шарттарсыз құрбандық ешкімге уәжіп болмайды:1. Мұсылман болу;2. Азат болу;3. Тұрғын болу;4. Дәулетті болу;«Фатауаи Алам-гирия» кітабы, 5-том, 324-бетте мұсылман болу шарт деген. Мұсылман кісінің құрбан айт күні зекет берерлік мөлшерде дәулеті болса, яғни өзінің басты қажетінен артық мал-мүлкі болса, ол кісіге құрбандық шалу - уәжіп.

ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ УАҚЫТЫ: Зул-хиджа айының оныншы күнінің таңы атқаннан бастап, осы айдың 12-ші күні күн батпай шалып үлгеру. Көшушілер, ауылдағылар айтқа жетер-жетпес жерлер үшін үкім, құрбандықтарын айт күні таң атқаннан шалса бола береді, алайда, хадистің талабы бойынша, малды айт намазынан кейін шалған сауаптырақ. Ал қалалық жердің тұрғындары айт намазы оқылмай құрбандық шала алмайды. Ең абзалы, құрбандық айттың алғашқы күні шалынуы. Екінші күні, болмаса үшінші күні шалып үлгеру. Құрбандықты күндіз шалу - мұстахаб, себепсіз түнде шалу - мәкрүһ. ҚҰРБАНДЫҚҚА НЕ ШАЛЫНАДЫ ЖӘНЕ НЕНІ ШАЛУҒА БОЛМАЙДЫ: Құрбандыққа қой, түйе, қарамал, қодас жарайды. Қарамалдан үш жасары және ұрғашысы, ал қойдан жасқа толғаны және ақталған еркегі абзал («Фатуай Базазия», 5-том, 273-бет).Қой мен ешкінің бір жастан төмені жарамайды, алайда қой семіз, денелі болса алты айлығы жарай береді. Ешкі малы бір жасқа толмай құрбандыққа ілінбейді («Фикһ әл-Жазири», 718-бет).Құрбандыққа тағы (жабайы) аңдар жарамайды. Қой бір кісінің ал түйе, қарамал, қодас жеті жанның атынан шалынады.«Һидаяның шархында» «Бір кісіге бір қой немесе жеті адамға бір қара, не бір түйе шалынады» делінген.Жабир атты сахаба: «Біз Пайғамбарымызбен бірге бір қараны жеті кісі атынан, түйені де жеті кісі атынан шалдық»,- деген («Һидаяның шархы», 4-том, 51-бет).Бұл жағдайда әрбірі жетіден бір үлесін бөліп алуы тиіс. Егер бірінің үлесі басқаларынан кем болса, бәрінің де құрбандықтары дұрыс емес. Жеті адам бірігіп құрбан шалуды ниет еткенде ғана жоғарыдағы аталған ірі малдарды шалуға болады. Егер біреу оның етіне серік болатын болса, құрбандық дұрыс болмайды.Қарамал мен қодастың екі жасқа толмағаны құрбан етілмейді, ал түйенің бес жастан асқандары ғана құрбандыққа жарайды. Бұл пәтуалар «Шархы Базазия» кітабынан алынды (6-том, 273-бет).Құрбандықтың барлық нұқсандардан таза болғаны абзал. Мынадай малдар да шалына береді:- тоқал, мүйізсіз туылған мал;- мүйізінің біразы кетіліп қалған болса (алайда, сынық миға жеткен болса жарамайды).- ақталған мал абзалырақ;- жынданған мал жайылуға қабілетті болса;- үш аяқтап жүріп, төртіншісімен тек тұяғын жерге сүйейтін халі бар мал жарай береді;- екі көзі немесе бір көзі соқыр мал құрбандыққа жарамайды;- құрбан шалатын жерге өздігінен жүріп жете алмайтын мал жарамайды;- арық мал жарамайды;- құйрығы немесе құлағы кесілген мал жарамайды;- құлағының, не құйрығының көбі кетілген мал жарамайды;- егер құлағының үштен екісі сақталып, бір бөлігі кеткен болса, ол жарайды.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбандыққа мына малдар жарамайды: анық көр, анық байқалып тұрған ақсақ, арық мал» және «көз бен құлақты ерекше қадірлеңдер»,- деген.Сол себептен, құлақ пен құйрықтың мол бөлігі болмай құрбандық та болмайды («Һидаяның шархы», 4 том, 53- бет).Тістері сынған мал да жарамайды, көпшілік тістері сақталған болса, ол құрбанға жарайды. Жаратылысында құлағы жоқ мал мен желіндерінің ұшы кесілген малдар да жарамайды («Фикһ әл-Жазири», 1-кітап, 717-бет). ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ:

Құрбан шалушы құрбандығының етінен өзі жей алады және тұрмысы нашарларға да, дәулеттілерге де құрбандық етінен таттыра алады. Құрбандық етін үшке бөлу және оның үштен бірін садақа еткені абзал болады. Бала-шағасына бір бөлігін, қалған бөлігін туыстары мен достарына бергені дұрыс.Ең абзалы - құрбандығының барлығын садақа етуі. Өзі мұқтаж болып, бала-шағасы мен өзі үшін сақтап қоюуы да дұрыс болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сендерді құрбандық етін сақтап қоюдан тыйып едім, енді оны жеңдер де, сақтап қойыңдар»,- деген.Садақаны үштен бірінен кемітпеген абзал, мұстахаб. Себебі: «Барымен қанағат етіп отырғандар мен қайыршыларға дәм таттырыңдар»,- деген аят бар.Құрбанды нәзір (садақа) ретінде ниет етіп қойса, оны өзі жей алмайды. Ондай мал түгелдей садақаға кетеді. Терісін де садақа етіп жібереді. Малды сойған адамға еттен ақы бермейді, терінің ақшасын да бермейді. Өйткені, Расулуллаһ (с.ғ.с.) хазреті Әлиге: «Құрбандықты шалған адамға ақы берме»,- деген.

ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ АБЗАЛДЫҒЫ: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан риуаят еткен бір хадисінде: «Кімнің дәулеті болып, құрбан шалмаса, ол біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын»,- дейді.Айша (р.а.) анамыздан жеткен тағы бір хадисінде: «Құрбан айт күні адам баласы қан ағызғандай Аллаһ тағалаға сүйкімді амал істеген жоқ. Ол қиямет күні мүйіздерімен, жүндерімен және тұяқтарымен келеді. Сіздердің құрбандықтарыңыз бір жерге құлаудан бұрын оның қаны бір елеулі жерге төгіледі. Сол үшін құрбандықты жан-тәніңізбен таза істеңіз».

Автор:
Мухаммад-Хусейн қажы Алсабеков, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуә бөлімінің меңгерушісі