Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бала бақыты өз қолымызда


4 мая 2012, 23:44 | 2 011 просмотров



«Жетім көрсең –жебей жүр» деген көрегенді атам қазақ жетімді жылатпай, тастанды баланы өзекке теппей, қайта бауырана басып, қамқорлығын аямаған ғой. Бүгінде өмір ағысымен бұл менталитет те, қазақтың көрегенді ата дәстүрі де келмеске кетіп барады. Бүгінгі таңда түрлі себептермен бір шақалаққа зар болып, артына жалғастырар ұрпақ қалтыра алмай жүрген отбасы қаншама. Бір перзентке зар болып, шаңырағы шайқалып жатқанда, құрсағынан шыққан сәбиін тірі жетім атандырап, сәбилер үйіне екі көзін жәудіретіп тастап, жалғанды жалпағынан басып жүргендер де жетерлік. Санақ статистикасына сүйенер болсақ, елімізде ата-ана қамқорлығына зәру 36 мың 777 сәби бар екен. Ал, ресми деректерге сүйенсек, сәбиді бауырына басуға ниеттеніп жүрген 1 мың 380 қазақстандық ата-ана тіркеуде тұр екен. Соңғы он жылдықта бала асырап алушылардың саны біраз болса да артқан. Бүгінгі таңда баланы асырап алущылар 77.7 пайызды құраса, оның 1,2 пайызы отандастарымыздың шетелдік туыстары. Сондай-ақ, балалардың 21,1 пайызы шетел асып кетіп жатыр. Осы жәудір көз қандастарымызды өзгенің босағасында телміртпей, өз жерімізде өсіруге бүгінде қазақстандық бала асырағысы келетін азаматтарға қойылып жатқан талаптың көптігі де кедергі болуда....

Бүгінде бала асырап алу заң тұрғысынан қаралады. 1998 жылы 17 желтоқсанда қабылданған ҚР « Неке және отбасы» туралы заңына бала асырап алу тәртібі, оның құқықтық салдары, тиісті адамдардың заңи міндеттері мен жауапкершіліктері толық қамтылған. Алдымен баланы тәрбиесіне алуға тілек білдірген адамның өтініші бойынша, бұл істі сот қарап, азаматтық іс жүргізіліп, заңға қажетті ережелер бойынша жүзеге асырылады. 2011 жылдан бастап мемлекет жетім балаларды асырап баққаны үшін 22 мыңнан астам қамқоршыға ай сайын ақы төлеуді қамтамасыз етуде. Бұл болашақта елімізде балалар үйлерін болдырмаудың алғашқы қадамдары. Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу процессін ынталандыру барысында ҚР 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы жөнінде 2012-2016 жылдарға арналған іс- шара жоспары да құрылған. Деседе елімізде қазақстандық азаматтардың баланы асырап алуы қиын шаруа. Қаптаған құжаттар мен толып жатқан қағаздарды көргенде асырап алушы бастапқы ойынан айнып қалуы әбден мүмкін. Бұл туралы мәжіліс депутаты Камал Бұрханов. «-Елімізде бала асырағысы келген азамат сол мекемеге барғанда «ертең кел», «содан кейін кел» деген сылтаулармен күн соза беретіні рас. Бұл процессті жетілдіру үшін мамандармен, ғалымдармен, заңгерлермен бірлесе отырып, мүмкіндік болғанша өз азаматтарымызға бала асырап алу ісін жеңілдеткеніміз дұрыс» дейді. Бұл жөнінде психолог Әдбуәли Мәмеділдің өз айтары бар: «Елімізде бойдақтардың бала асырап алуына шектеулер қойылған. Қазақстанда тұрмысқа шықпай отырып қалған қыздардың барын ескерсек, баланы шетелге сатқанға қарағанда оларға мүмкіндік беру әлдқайда тиімді болар еді» дейді.

Бүгінде 2012 жылғы 17 қаңтарда күшіне енген «неке және отбасы» туралы ҚР кодексімен шетелдік азаматтармен бала асырап алу үрдісі тұжырымдамалы түрде өзгерген. Ата заң бойынша ҚР- ның азаматы болып саналатын балаларды егер, ел аумағында тәрбиелеуге мүмкіндік болмай, шет ел азаматы өз қамқорлығына аламын деген жағдайда , асырап алуына рұқсат етілген. Осыдан біраз жыл бұрын шет ел азаматтары баланы тікелей асырап ала алатын болса, қазір асырап алу мәселелерінде ҚР аумағындағы өздерінің филиалдары мен өкілдері арқылы жіберілетін болған.

Деседе бейтаныс ел, жат жұрттағы жәудіркөздеріміздің тағдыры нешік. Осы тұрғыдан заңның солқылдақтығынан болар, өзге елде күн кешіп жатқан кішкентай қандастарымыздың тағдыры беймәлім.

Қорғансыз қалған бейкүнә сәбиді бауырыңа басып, қамқорлық көрсеткенді ислам діні де құптайды. «Ешкімі жоқ жетім балаларрды өз асырауына алған адам, менімен жұмақта екі саусақ сияқты көрші болады» деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен екен.

Ендеше панасыз сәбиді бауырыңызға басып, ата- аналық қамқорлық көрсетсеңіз, жарымжан, қам көңіл баланың жаны бүтінделіп, мына алмағайып қоғамда мейірім дәмін татқан мейірімді жандардың да қатары көбейе түсер еді.

Автор:
С.САДЫКОВА АХАЖ бөлімінің инспекторы Д.КОНЫСБАЕВА АХАЖ бөлімінің инспекторы