27 ноября 2009, 21:47 | 5 204 просмотра
«Күнделікті таптаурын болған нәрсе баланы еш қызықтырмайды!»
Райфа Қадырқызы
СӨЗ БАСЫ
Мен бұл кісінің бойынан қазақтың елге танымал көптеген қыздарының ерекше қасиеттерінің тұтас жиынтығын байқадым. Әуелде бұл кісіні Зейнеп апайға (Бауыржан атамыздың келіні) ұқсаттым, сонан кейін Фариза апайға (Оңғарсыноваға), ғылыми еңбектері туралы сөз болған тұста Рабиға Сыздықова апайдың ағыл-тегіл білімі елестей берген, соңында сабырлы қалпынан танбайтын Сайраш апай Әбішеваның («Қазақстан мектебі» журналының редакторы) салиқалылығын, ұлттық ұстанымдарға келгенде, Гүлша Тәңірбергенованың ұлтжандылық қасиеттерін байқадым. Бұдан шығатын қорытынды: Кеңес одағы тұсында ұлтын шын сүйіп, терең білімге құштар болған, қазақтың тәуелсіздігі үшін ішкі жан-дүниесімен шын беріліп, рухани күреске шыққан жоғарыдағы аты аталған апайларымыздың бойынан ұлттық сананың тамаша бір самалы есіп тұрады. Олардың қайсысымен де әңгімелессең болғаны, бойыңды ұлттық сезімнің қоңыр рухы әлдилеп, сен өзің сонау бұрынғы қаймағы бұзылмаған қалың еліңнің қоңыр күзеуіне барып қайтқандай әсер аласың. Көқірегіңді керген қазақы сағыныштың мауқы басылып, еріксіз рухани кеңістікке бой алдырасың. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқып отырғанда, Зере мен Ұлжанның бойындағы аналық қасиеттері – Ел анасының парасаттылығын байқатып тұрмайтын ба?! Бұл кісілердің бойында да, дәл сондай ізгі қасиеттер бар.
Зейнеп Бауыржан келінінің кітабын оқыған, әңгіме кеңестерін тыңдаған кез-келген қазақтың, ол кісіні тамсана еске алып отыратыны немесе Фаризаның Махамбетке тән өр рухты өлеңін оқыған, байсалды әңгімесін тыңдаған адамның оған беріле бас иетіні... бәрі де ол кісілердің бойындағы ана құрсағы мен ақ сүтінен дарыған ұлттық қасиеттерінің тазалығы мен құндылығынан болса керек, педогогика ғылымдарының докторы, профессор Дүйсембінова Райфа Қадырқызы да бізге сондай асыл ойларды тудырды.
Біз жолығуға барған кезде бұл кісі көзілдірігін киіп, аудиторияда сабақ өткізіп отыр екен. Аудиторияда ешбір артық дыбыс жоқ, шәкірттері түгелдей ойға бөгіп, әлде неге ұйып қалғандай, ұстаздың, «балалар, осымен сабақ бітті» - деген сөзінен кейін ғана тым-тырыс боп отырған студенттер жайлана тыныстап, орындарынан қозғала берді... Райфа апай бізді ертіп, кабинетіне келгеннен кейін де, біраз уақыт терең ойдың жетегінде болды. Менің есіме ұлы Мұқаң мен академик Зейнолла Қабдоловтың лекциясын ұйып тыңдайтын шәкірттерінің айтқан әңгімелері орала берді. Көмекші қызына компьютерді ашқызып, оның жадына сақталған өзіне қатысты материалдар мен суреттерін шығартып, маған берді. «Осылар да газеттің бір мақаласына жетіп қалар?!»,- деді. «Иә», - дедім, мен де, ол кісінің ой жетегіне ілесіп кеткенімді аңғармай. Сонан барып, өзінің өмірбаянынан бастап, әңгімеге көшкен тұста ғана, ол кісі студенттеріне айтқан дәрісінің әсерінен шыға алмай, терең ойда отырғанын аңғардым.
ҒАЛЫМ АПАЙ:
- Семей облысының Аягөз ауданы Б. Абажанов атындағы Қарақол ұжымшарының 11-жылдық орта мектебін бітірген соң 1969-1973 жылдары Шымкент педагогикалық мәдениет институтында білім алып, еңбек жолын Панфилов педагогикалық училищесінде бастадым. Ән айтып, әнші де болдым... «Гауһар тас», т. т. көп әндерді айтатынмын – деп, сөзін бір үзді де, - сол жылдары бір сондай, шешуші кезеңдер еді ғой!, - деп жалғастырды.
ОЛ БЫЛАЙ БОЛҒАН ЕКЕН: Бойына ұлттық дәстүр мен ұлттық өнердің қасиеттері бала кезден дарыған Райфа Қадырқызы Панфилов ауданына келіп қызмет жасаған алғашқы жылдан бастап, дарынымен елге таныла бастайды. Оқытушылық қызметпен айналыса жүріп, пән комиссиясын басқарады. Оқушылардың көркемөнерпаздар ансамблін құрып, көркемдік жетекшілік етеді. Ол бастаған көркемөнерпаздары аудан, облыс көлемінде биік дәрежеге жетіп, бірнеше рет республикалық теледидардың «Ауыл оттары» бағдарламасына қатысады. Сол арқылы ансамбль өнерпаздарының салған әндері республика жұртшылығының көңілінен шығып, көпке танылады. Баяғыда әйгілі әнші Дәнеш Рақышев та осы Панфилов ауданының Көктал ауылы көркемөнерпаздар ансамблімен Алматыға барып ән салып, Ұлы Мұқаңның (Әуезов) назарына ілігіп, тамсандырмап па еді, дәл солай Райфа Қадырқызы да әншілік, көркемдік жетекші өнерімен танылып, 1978 жылы Талдықорғанның педагогикалық институтына шақырылады. Институт ректоры Мырзатай Жолдасбеков пен факультет деканы Ақсұлу Манаспаеваның ұйымдастыруымен құрылған «Жетісу» ансамблінің әншісі ретінде көпшіліктің көңілінен шығады.
- Еліміздің тарихындағы бір шешуші кезең – Желтоқсан оқиғасы жылдары (1986-87 ж.ж) ұлттық сана сезімнің оянуы, тілдің, ділдің қайта түлеуі қоғамға жаңашылдық әкелді ғой. Соның нәтижесі болар, сол кездегі Қазақстан Респуликасының халыққа білім беру министірлігінің арнайы шешімімен (04.08.1989, №581) көркемдік эстетикалық циклдағы пәндерді тереңдетіп оқытатын мектеп болып қайта құрылған №3 қазақ мектеп-интернатына (қазіргі Дәнеш Рақышев атындағы) мені қызметке шақырды. Осыған байланысты сол кездегі облыстық атқару комитетіндегі Гүлша Тәңірбергенова үлкен бастама көтерді. Және де, сол кездегі қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Бопаев Есет Бопаұлы, т.б. ұлтжанды азаматтар осы бастамаға араласты. Барлығымыз осы істің басы қасында болдық. Мен ол кезде қалалық білім басқармасында қызметте болдым да, соған байланысты маған арнайы тапсырма жүктеді. Жаңағы мектеп-интернаттағы жұмысты ұйымдастыру жөнінде. Соның негізінде бұрынғы одақ көлемінде көп тәжірибе жинастырдық. Сонан соң 1989 жылы тамызда мені жаңағы эксперименттік мектепке директордың эстетикалық тәрбие жөніндегі орынбасары етіп тағайындады. Көптеген жұмыстар жүргізілді: бейнелеу өнері, музыка, мүсін...т.т. ұлттық өнерді жан-жақты қамтыдық. Бірінші – Дәнеш Рақыштың әншілік мектебін аштық. Аға өзі келіп, балаларға сабақ беріп, ән үйретіп сақнаға дайындады, тәлім-тәрбиелік мәні де зор болды. Оның сыртында соңғы кездегі әншілер Гүлмайдан Сүндетова, Ғалым Сүлейменов... және Талдықорған қаласындағы белгілі-белгілі өнер адамдарының барлығы дерлік сабақ берді. Бізге арнайы оқу жоспары жасалды. Сондай үлкен мүмкіндер болды. Содан кейін белгілі домбырашылар Күнтуғанова... және басқа да домбырашылар келіп жұмыс жүргізді. Хор өзінше, би өзінше, бейнелеу өнеріне келгенде, Шідербаев деген біздің Жетісудың талантты суретшісі бар, Әбділдаев Мұратхан және басқа да белгілі суретшілер сабақ берді. Балалар да керемет-керемет суреттер салды. Еңбекке, көркемдік еңбекке баулу бойынша кілемді де тоқыдық... жалпы жасамаған ісіміз жоқ. Республикалық семинарлар өткіздік. Оған қатысқандар: Министірліктен бізге тікелей жетекшілік жасаған Берікжан Айтұлы – қазіргі «Бөбек» қорының президенті; содан кейін Галина Михайловна деген адамдар; содан кейін Абай атындағы ҚазПИ-ден профессор С.А. Ұзақбаева, Балтабаев Марат Қамитұлы, Спанов Өтеген ағай, қазіргі мұражай директоры (ол кезде Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры болған) Қышқашбаев Тілеуғали, белгілі суретші Болатбаев...т.т. барлығы келіп, біздің тәжірибемізбен танысты. Өкінішке орай, ондағы іс-тәжірибелер жинақталған жоқ. Себебі: активизация басталды да, ол сағаттар біртіндеп кеміді. Бірақ, Рахышев мектебін жалғастырушылар Абылай, Нұржан...т.б. әншілер арқылы әншілік дәстүрі қалыптасты. Мектепке Дәнеш Рақышевтың атын беру жөнінде біздер ұсыныс жасап, қажетті құжаттарын дайындап, соның нәтижесінде мектеп жай ғана мектеп емес, оған Ұлттық гимназия деген мәртебе берілді. Және де, Дәнеш Рақышев атындағы мектеп атанды.
Тілші: Сіздер сол кезде оқу-әдістеме тәсілдерінен қандай бағыттар ұстандыңыздар?
Д. Р. Қадырқызы: Біз эксперимент жасағанда дәстүрлі оқу-әдісіне жан-жақты сараптама жүргіздік. Сондағы бір байқалған нәрсе - өте жеңіл, күнделікті таптаурын болған нәрсенің баланы қызықтырмайтыны. Сондықтан біз баланы интелектуалдық жағынан дамытып, қызықтыратын материалдарды жинап қолдандық. Мысалы: математиканы оқытуда геометриялық таблица, арифметикалық таблица деген бар. Осыларға қандай дәстүрлік танымды қолдануға болады?! Біз бұған қазақтың мүшел қайыруын қолдандық. Мүшел қайырып санаған кезде ол бірден таблицалық амалды, сонан сабақтың тақырыбын да ашады. Содан кейін біз жаңағы сабақты қайталамау үшін, оның өлшемдерін жасадық. Яғни, қандай материал бермесек те, бірінші ғылыми тұрғыдан қарастырдық. Мысалы; «отбасы» деген тақырыпты түсіндіргенде, «мен кіммін?» деген сұраққа жауап беру арқылы, «әкесінің баласы», «атасының немересі»... дегендей, баланың писихологиясына неғұрлым етене жақын етіп беруді ойластырдық...
Тілші: Сөзіңізді бөлгеніме кешіріңіз? Соншалық бір қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрдің тәрбиелік құндылықтарын қоз-
ғап отырсыз! Сіздердің кездеріңізде мұндай ұлттық тәрбиеліктің ауылы алыс еді ғой! Ұлтына, салт дәстүріне қарамастан, «совет азаматының бәрі бірдей!» деген лозунг ұстанбады ма? Әсіресе, оқыған, интелегенттік тұлғалар балаларын орысша оқытып, орысша тәрбиеледі. Сіз мұндай ұлттық қасиетті өз бойыңызға қайдан дарыттыңыз?
Д. Р. Қадырқызы: Бес ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірген әкеміз Қадырбай, шешеміз Жәмилә балаларының барлығының қолын жоғары білімге жеткізген үлгілі, ұлағатты, еңбекқор адамдар еді. Және де, мені қазақтың отбасылық салты бойынша бауырына басқан әжем көк көзді көріпкел, емші, құмалақшы, от ауызды, орақ тілді, мақал-мәтелдеп сөз саптайтын шешен, он саусағынан өнер тамған, қағылез пысық адам болған. Осы асыл жандардың бесіктен бастап бойыма сіңірген қасиеттері ме екен?! Жоғарыда айтқанымдай, 80-ші жылдардың соңын ала елімізде оянған ұлттық сананың да әсері болған болар...
Тілші: Құнарсыз жерге шөп те өспейді ғой!..
Д. Р. Қадырқызы: Иә, адам баласының қалыптасуына көп нәрсе әсер етеді. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан аса бай, дәстүрлі әдет-ғұрып, салттары, бала тәрбиелеудегі ерекшеліктері, сонан кейін өскен ортаң деген сияқты, әрине менің де осылай қалыптасуыма талай-талай тамаша әдеттердің де әсері тиген болар. Соның сыртында ұстаздарыңды да әрдайым ұмытуға болмас. Достарыңның, әріптестеріңнің де төбе бидей төрелік әсері болады ғой!..
Тілші: Ғылыми еңбектеріңізді қай жылдары, қандай тақырыптарда қорғадыңыз? Жетекшіңіз кімдер болды?
Д. Р. Қадырқызы: Сол жаңағы Дәнеш Рақышев атындағы ұлттық гимназияда еңбек етіп жүрген кездерде, 1993 жылы профессор С.А. Ұзақбаеваның жетекшілігімен «Қазақ халқының ән өнері арқылы музыкалық-эстетикалық тәрбие беру» тақырыбында кандидаттық, 2001 жылы «Қазақ этнопедагогикасын мектептегі оқу-тәрбие процесіне ендірудің ғылыми-педагогикалық негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғадым.
ТОЛЫҚТЫРУ: Біздің ғалымға ендігі қойылар сұрағымыз – «Сіздің ғылыми еңбектеріңіздің құндылығы неде?» деп айтылуы керек болатын. Алайда, алған тәлімі мол, өнегелі де, салиқалы апайымызға бұл сұрақты көлденең тартуға ыңғайсыздандық. Әбестік санадық. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын кезінде Райфа Қыдырқызының ғылыми еңбектеріне ғылыми баға берген Қ. Б. Жарықбаев, С. Қалиев, Ж. Ж. Наурызбай сияқты биік дәрежелі ғалымдардың сөзіне жүгінуді жөн көрдік:
«Диссертацияда қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірудің әдіснамалық-теориялық негіздерінің жасалғандығы; қазақ этнопедагогикасының функционалдық мүмкіндіктерінің айқындалғандығы; қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендіру тұжырымдамасының жасалғандығы; жеткіншектер үшін маңызы бар қазақ этнопедагогикасы қағидаларын жүзеге асыруға байланысты мұғалімдерді даярлау жүйесінің жасалғандығы болып табылады...». Биік дәрежелі ғалымдардың бұл тұжырымдамаларына бас изегеннен өзге, алып-қосарымыз жоқ!..
Доктор, профессор Райфа Қадырқызының зерттеу, тәрбиелеу жұмысы барысында Дәнеш Рақышев атындағы ұлттық гимназия облыстық «Жыл мектебі», байқауының бірнеше дүркін жүлдегері және «Қоғамдық білімді жаңарту» бағдарламасы бойынша халықаралық «Сорос-Қазақстан» қорының иегері атанды. Тәжірибелік-экспериментке қатысқан мектеп-интернаты мұғалім-тәрбиешілердің он жетісі (17) Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озат қызметкері төсбелгісімен, сегізі (8) Қазақстан Республикасы білім министірлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ, Райфа Қадырқызының қаламынан: «Музыкалық білім беру педагогикасы»/Жоғары оқу орны студенттеріне арналған оқу құралы.-216 б.-Талдықорған, 2006 ж./; «Педагогика», «Психология», «Кәсіби педагогика», «Кәсіби білім берудегі этнопедагогика», «Жасөспірімдер психологиясы», «Этнопедагогика» /050120 мамандық студенттерге арналған/; «Музыкалық білім берудің әдіснамасы», «Музыкалық психология және музыкалық білім берудің психологиясы» /050106 мамандық студентер мен мамандарға арналған/; «Жоғары оқу орынындағы білім және технологияны оқыту мазмұнын өңдеудің ғылыми-теориялық негіздері» 6N0103 мамандығының магистранттары педагогика және психология мамандарына арналған/...т.б. көптеген оқу-әдістемелік комплексі құралдары, сондай-ақ, «Қазақ этнопедагогикасын мектеп практикасына ендіру» монографиясы, «Қазақтың әншілік өнері», «Қазақ этнопедагогикасын оқу процесіне ендіруді әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету», «Этнопедагогикасындағы тәрбие мақсаттарының көрінісі», «Жасөспірімдерді толеранттыққа тәрбиелеу маңызды мәселе ретінде», «Қосымша білім беру мекемелерінде оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелері», «Дәнеш Рақышев мұрасы – тәрбие арқауы», т.б. тақырыптағы 70-ке жуық ғылыми еңбектері жарық көріп, оқу процесінің игілігне айналып, шет елдерде де, мысалы; Ригада «Formfion ahd debelopment ot music education in Republic ot Kazakhstan Zinaterences raksti Konferences referati»,- Riga, 2006; ғылыми мақалалары жарық көрді. Осылайша, ғалымның шығармашылық ізденістері мен ғылыми еңбектері, оқу құралдары бүгінгі таңда жас ғалымдардың, мектеп мұғалімдерінің игілігіне айналып отыр. Бірқатар еңбектері Республиканың жетекші басылымдарында, шетелдерде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді.
ҒАЛЫМНЫҢ ҰЛАҒАТЫ: Өмір тәжірибесі бай, түйгені мол ұстаз ғылымның биігіне талпынған жастарға қол ұшын беріп, қолдау көрсеткеннен жалыққан емес. Оның жетекшілігінде үш аспирант, төрт ізденуші ғылыми жұмыстармен айналысады. Солардың ішінен Г. Б. Оспанова «Жоғары оқу орны студенттерінің рухани-адамгершілік тәрбиесі», Ж. Р. Жексембаева «Мектептен тыс ұйымдарда қазақ ауызекі шығармашылығы арқылы бастауыш сынып оқушыларының экологиялық мәдениетін қалыптастыру», Н. Ж. Жанатбекова «Қазақ этнопедагогикасы арқылы бастауыш сынып оқушыларының ақыл-ойын дамыту» тақырыбындағы диссертациясын ойдағыдай қорғады.
Райфа Қадырқызы Дүйсенбінова қай жерде қызмет атқармасын, тәккапарлығы жоқ, үлкенді де, кішіні де сыйлап, қадірлей білетін, ақжарқын, кеңпейілді, нағыз қазақ анасына тән қасиеттерді бойына сіңіріп, оны білімді біліктілікпен, шығармашылық еңбекпен ұштастыра білген шынайы ұстаз-ғалым. Шаңырағы биік, керегесі кең, терезесі тең отбасының анасы. Зайыбы Әскерхан Молдағалиұлы екеуі үш бала өсіріп, тәрбиеледі. Тұңғышы Тілеужанова Құралай – І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде оқытушы, педагогика ғылымдарының кандидаты; екінші қызы – Шаймерденова Әсел Алматы облыстық салық департаментінде басқарма бастығы қызметін атқарады. Кенжесі – Алпамыс Әскерханұлы да жауапты қызмет жасайды. Төрт немерелері бар.
- Немерелеріңізді бауырға басып алған жоқсыздар ма?, - деген сұрағымызға, Райфа апай Қадырқызы күле жауап беріп, - Ол енді бүгінгіден сәл алыстау салт қой. Немерелеріміз әке-шешелерінің қолында. Себебі; ағаң екеуіміз де жұмыстамыз, бала тәрбиесі дегеніңіз оңай еңбек емес, қолымыз босаған кезде олардың – немерелердің тәрбиесіне әрине, араласамыз. Онсыз болмайды да ғой!, - деген еді.
Міне, осындай бір ұлағатты ұстаз, ұлттық дәстүрлі білімнің озық ғалымы, немерелерінің ардақты әжесі уақыт бөліп, бізге сұхбат берді.
Бұл кісі – І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, жаратылыс ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан білім беру ісінің озаты, Қазақстан Республикасы Құрмет Грамотасының иегері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Райфа Қадырқызы Дүйсенбінова.
Сөз арасында ғалым апай он бір бала тудырған алтын анасы мен ұлағатты әжесі туралы, солардың бойындағы қастерлі қасиеттері жөнінде айтқан еді. Райфа Қадырқызының бойында да, кез келген әйел затында бола бермейтін өжеттілік пен ірге тасы берік қаланған мол білім, мол өнегеліліктің жауһар қазынасы жасырынып жатқанын аңғарғандаймыз.