Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ТІЛАШАР»


4 мая 2012, 23:58 | 2 261 просмотр



Мақсаты:

1. Тілашар тойының мазмұнын түсіндіру.

2. Отанын, елін сүюге дағдыландыру, өй-өрісін, тілдерін, мәнерлеп айту, сөйлеу мәдениетін дамыту.

3. Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Нақыл сөздер, суреттер, шар

Жүргізуші: Құрметті қонақтар!

Туған жердің бір гүлі,

Секілді ғой жан балам

Мектебінде үлгілі,

Болар ма деп толғанам, - деп аяулы ата-аналар осыдан екі ай бұрын ұл-қыздарына тілашар жасап, ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, аяулы екінші анасы алтын ұя мектебіне, ұстазына аттандырып еді, енді міне, сол бүлдіршіндер өздері оқыған сыныбында «Тіл-ашар» тойын өткізу алдында. Төңірегінде іңкәр көзбен қарап бәрін көріп, бәрін білуге құштар балдырған жетіге толған соң, мектеп есігін ашып, үлкен өмірге қадам басады. Бұл шаттыққа толы мерейлі күндерді атап өтудің өзіндік тағылымы, жарасымды сәні бар.

Ендеше «Тілашар» тойын бастайық!

Жүргізуші: Ал балалар, біздің Отанымыз қалай аталады?

1 – оқушы: Біздің Отанымыз Қазақстан Республикасы. Астанасы – Астана қаласы.

Жүргізуші: Қазақстан Республикасының Президенті кім және рәміздерін айта аламыз ба?

2 –оқушы: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

3 – оқушы: Қазақстанның рәміздері: Қазақстанның туы, әнұраны, елтаңбасы.

4 – оқушы: Әйнегі күн шатыр аспан,

Кең дала толған елім

Күлдері көкке күміс жасқан

Қазақстан Республикам менің.

5 – оқушы: Айнымайды аспаннан,

Біздің тудың бояуы

Оны халық қашан да,

Биікке іліп қояды.

6 – оқушы: Әділдікті жақтаймыз

Ізеттілік сақтаймыз

Осындай зор мақсатпен

Табалдырық аттаймыз.

7 – оқушы: Ұқсатпа мені басқаға,

Есейдім, жеті жастамын.

Қош айтып енді бақшаға

Мектепке жолды бастадым

8 – оқушы:Еркесі едім атамның

Еркесі едім апамның

Толып биыл жетіге

Мен оқушы атандым.

9 – оқушы:Алақай-ау, алақай!

Алақай-ау, алақай!

Бұдан былай мен енді

Емеспін жай «балақай»

Осыдан да көлемді

Оқи алам өлеңді

Бардым бүгін мектепке,

Оқушымын мен енді

10 – оқушы: Құралдарым бек керім,

Міне, сынып, мектебім

Тісім кетік болғанмен,

Білетінім көп менің

11 – оқушы: Әжептәуір бойымда

Сабақ қана ойымда

Оны ұқпас інім тек

Шақырады ойынға.

12 – оқушы: Таудай болса талабым

Мен де өсіп толамын

Ағайымдай әрдайым

Оқуда озат боламын.

13 – оқушы: Салиқалы өңінен,

Шапағатты нұр тарап

Сыныбымның төрінен

Абай ата тұр қарап

14 – оқушы: Өсиеті жадымда,

Өнер-білім ал деген

Үйретіп ел алдында,

Іс қылуға арменен

15 – оқушы: Бір дегенім – білім

Екі дегенім – елің

Үш дегенім – үнің

Төрт дегенім – тілің

Бес дегенің – батаң

Алты дегенім – атаң

Жеті дегенім – жерің

Сегіз дегенім – серің

Тоғыз дегенім – төрің

Он дегенім – оңың мен солың

Санай берсең осылай

Ашылады жолың.

16 – оқушы: Бір дегенім – білік

Екі дегенім – елік

Үш дегенім – үкі

Төрт дегенім – түлкің

Бес дегенің – бақыт

Алты дегенім – ақық

Жеті дегенім – жақұт

Сегіз дегенім – сенім

Тоғыз дегенім – тәлім

Он дегенім – олақ

Сана дегенің осы –ақ

Мүдірмейтін балаға

әзір балдай тосап

Хормен: Тақпақты да жаттаймыз,

Әнге, биге баптаймыз

Ата –ананың үмітін

Ақ сеніммен ақтаймыз.

Ойын: «Мамандық таңдау»

Жүргізуші:

Қане, балалар, енді мақал –мәтелдер айтайық!

17 – оқушы: Оқу білім бұлағы

Білім өмір шырағы

18 – оқушы: Оқусыз білім жоқ

Білімсіз күнің жоқ

19 – оқушы: Тіл тас жарады,

Тас жармаса бас жарады.

20 – оқушы: Туған жердей жер болмас

Туған елдей ел болмас

21 – оқушы:Өнер алды – қызыл тіл

22 – оқушы:Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.

Ән: «Қошақаным қайда екен?»

Би: «Қара жорға»

Ән: «Ағайынбыз бәріміз»

Ертегіден үзінді.

Жүргізуші: Осымен «Тілашар» тойымыз аяқталды. Көріп, тыңдағандарыңызға көп рахмет!

Ендігі кезекті қонақтар мен ата-аналарға сөз беріледі.

Автор:
М.Н.ТЫНДЫБАЕВА, «Еңбекші орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» мемлекеттік мекемесі бастауыш сынып мұғалімі Жаркент қаласы Панфилов ауданы