Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ КӨЗІ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ


4 мая 2012, 23:59 | 2 203 просмотра



«Баланы тәрбиелеу қоғам басқарғаннан да ауыр» - деп зиялылар пайымдап кеткендей, ұстаз еңбегі қашанда құрметті, әрі өлшеусіз. Ұстаз алдын көрмеген адамзат бұл қоғамда кем де кем. Бүкіл ғаламның ғалымын да, данасын да парасат-пайымы жоғары,өз ісіне, шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі бар құрметті ұстаз өсіріп- тәрбиелейді. Осы қиын да күрделі саламен өмірін тығыз байланыстырған мұғалім - бала ғұмырының бұлақ бастауы....

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»- деп ұлы Абай айтқандай, оқушыға үйретуден, әсте жалықпай жас болса да шәкірттерінің ерекше құрметіне ие ұстаздың бірі- Қасенова Мөлдір Амангелдіқызы.

Мөлдір Қасенова 1988 жылы 10 қазанда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Алмалы ауылында дүниеге келген. Мектепті ойдағыдай тамамдаған соң Ө.Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясының «ақпараттық жүйелер» мамандығын бітіріп шығады.

Алғашқы еңбек жолын Талдықорған қаласы К. Ушинский атындағы №7 орта мектебінен бастады. Бүгінде информатика пәнінен мектеп қабырғасында қызмет етуде. Бұл салада еңбек етіп келе жатқанына 3 жыл көлемінде ғана уақыт өтсе де, өз білімімен, ізденімпаздығымен әріптестерінің ортасында, шәкірттерінің алдында сыйлы. Еңбек жолын жаңа бастаған мұғалім жас ұрпақққа білім беру мен тәрбиелеуде жауапкершілікті терең сезінеді.

Жастар әрқашанда жаңалыққа құмар ғой. Осындай қасиет Мөлдір Қасенованың бойынан табылып, әр сабағын ерекше өткізуге тырысады. Күнделікті сабағын заман талабына сай жаңашылдықпен өткеріп, дарынды оқушылардың білімідерін шыңдау жолында аянбай еңбек етеді. Өз пәнін жетік меңгерген жас маман сабақ өткізу барысында оқушыларға интерактивті құрылғылармен жұмыс жасау, ақпараттық құралдарды пайдалану жолдарын үйретіп, жұптық, топтық жұмыстарын өткізеді. Сонымен қатар интерактивті құрылғылардың бірі - activote тестілеу құрылғысымен көпнұсқалы тест өткізіп, оқушылардың сабаққа белсенділігін арттырып,талаптандырып жүреді.

Мөлдір Амангелдіқызы танымдық ашық сабақтарды үнемі өткізіп отырады. Ұстаздың «Диаграмма құру реакциялары», 8 сынып оқушыларымен өткізген «Мәтіндерді форматтау», сондай-ақ, сыныптан тыс «Тәуелсіз Қазақстан бейбітшіліктің, келісімнің жасампаздықтың 20 жылы», «Өз тіліңді құрметте», «Сен және төтенше жағдай» атты ашық сабақтары жоғары дәрежеде болды. Сонымен қатар жас мұғалім 5 «ә» сыныбының жетекшісі.

Мөлдір Амангелдіқызының оқушылары қалалық олимпиадасында, «Дарын» ғылыми жобалар жарысында жүлделі орындар иеленіп, жақсы нәтижелер көрсетуде.

Ізденісі мол жас мұғалім өзінің кәсіби шеберлігін, шығармашылық ізденістерін шыңдауда мектепішілік, қалалық іс- шараларға белсене қатысады. Қала мектептері информатика пәні мұғалімдері арасында өткізілген «Алтын диск» іріктеу байқауына қатысып, жоғары шығармашылық нәтиже көрсеткені үшін ІІ орынды бағындырды. Сондай-ақ, облыстық жалпы білім беру мекемелерінің информатика пәні мұғалімдері арасындағы «Информатика пәні мұғалімі – 2011» байқауында «Шебер информатик» номинациясына иегер болды.

Көпті көрген тәжірбиесі мол ұстаздардың іс-әдістемелерін, жұмыстарын, мақалаларын баспа беттерінен оқып, танысып отыратын жас маман өз мақалалары мен сабақтарын республикалық ғылыми –әдістемелік журналдарға, мерзімді басылымдарға жариялап, жаңалықтарымен үнемі бөлісіп отырады

Жалындаған отты жас ұстаздың шәкірттеріне, қоғамға берері әлі алда. Мөлдір Амангелдіқызының еңбегі жемісті болғай дей отыра, шығар белестері мен алар асулары көп болып, талай оқушының жүрегіне білім мен ізгілік нұрын себеріне кәміл сенеміз!

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз