4 мая 2012, 23:59 | 6 953 просмотра
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Баскетбол ойынының айла тәсілдері допты қозғалыста қағып алу және әріптесіне беру, екі адым жасап допты торға тастау әдістерін үйрету.
Дамытушылық: Жылдамдыққа ептілікке икемділікке қимыл қозғалыс дағдыларын кеңейту, дамыту.
Тәрбиелік: Ұйымшылдыққа және батылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеу.
Пайдаланатын құрал-жабдықтар: баскетбол добы, ысқырық.
Өтілетін орны : Спорт зал
Сабақтың барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі
а) сапқа тұрғызу, сәлемдесу, оқушыларды түгендеу.
ә) сабақтың мақсатымен, ойынның негізгі ережелерімен таныстыру.
б) ойынның басталуына дейін қыздырыну жаттығуларын орындап, денені ойынға даярлау қажет.
ІІ. Қауіпсіздік ережесін сақтау.
Баскетболды спорттық киіммен ойнау қажет. Әрбір жаттығудың алдында, әсіресе жарыстардың алдында аяқ киімнің, әсіресе оның баулары дұрыс байланғандығын ерекше тексерген дұрыс. Киімі ғана емес, оқушылардың өздері де әрқашан жинақы болуы керек. Жаттығу кезінде сағат, сақина, сырға т.б. тақпаған дұрыс. Олар жарақат алуға себепші болуы мүмкін. Бұл ережелер барлық спорт ойындарына қатысты.
Сабақтың мазмұны.
Кіріспе бөлімі.
Баскетбол ойынын 5 ойыншысы бар екі команда ойнайды. Бір команда екіншісінің торына доп салуға ұмтылады, ал екіншісі өз кезегінде бұған кедергі келтіреді. Допқа ие болған команда шабуылдаушы, оның барлық бес ойыншысы шабуылдаушы болады. Добы жоқ команда қорғаушы, оның барлық бес ойыншысы осы кезде қорғаушылар деп аталады. Ойын алаңында допты баскетболшы алты метр жерден себетке дәл түсірсе екі ұпай, алты метр қашық жерден түсірсе үш ұпай, айып алаң сызығынан дәл түсірсе, команда есебіне 1 ұпай қосады. Көп ұпай жинаған команда жеңіске жетеді. Ойынның ұзақтығы 20 минуттан 2 тайм ойнайды.
Допты бір-біріне берудің тәсілдері мынадай:
Кеудеден екі қолмен беру, екі қолмен бас сыртынан беру, иықтан бір қолмен беру, төменнен бір қолмен беру, бір қолмен бастан асыра беру, жасырын беру.
Допты қағып алу тәсілдері; кеуде биіктігінен екі қолмен қағып алу, жоғары және төмен лақтырған допты қағып алу, допты секіріп барып қағып алу, допты екі қолмен тастау. Допты шынтақты бүге беріп саусақтың ұшымен ұстайды да оны жеңіл қимылмен денеге қарай жақындатады. Ойын кезінде баскетболшылар әр түрлі техникалық қимыл жасауға дайын болулары керек. Бұл үшін баскетболшының негізгі тұрысын сақтаған жөн. Шабуылшының негізгі қозғалысы жүгіру, бағытты кенет өзгерту, алға қарай, теріс қарап қозғала білу қажет. Қорғаушылар жандарына алға және артқа қосарланған қадаммен ауыса білгені жөн.Ұстап алу. Бұл тәсілдің көмегімен баскетболшы допқа ие болады. Допты солжәне оң қолмен алып жүру. Доптың бағытын өзгертіп алып жүру.Допты бір орында тұрып екі қолмен лақтыру. Бір орында тұрып және қозғалыс кезінде допты бір қолмен иықтан лақтыру. Допты қарсыластан тартып алу.
Қорытынды бөлім.
Қарсылас команданың торына доп салу ғана емес, ойыншылар өз торын қорғай білуінің де маңызы зор. . Егер қарсыласың бір орында допты ұстап тұрса онда, өзіңе қарай екі қолмен жұлқи жұлып алған немесе жұлқумен қатар денеңді бір мезгілде бұра сала қарсыласыңа арқаңды бере отырып, допты бұрылған жаққа ілгері әрі төмен қарай тез бағыттаған дұрыс. Қолдан қағып жіберу жоғарыдан не төменннен допты қолдың қырымен ұрып жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Оқушыларды бағалау.