Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ана тілім менің!


4 мая 2012, 23:59 | 3 633 просмотра


Сабақтың мақсаты:

1.Оқушыларды өз ана тілін құрметтеуге, өз тілінде мәдени сөйлеуге баулу. Сөздік қорын, тіл байлығын байыту.

2.Ана тілі туралы дара тұлғалардың айтқан дана сөздерін және өлең, тақпақтарын мәнерлеп оқыту арқылы, сөздік қорын мәнерлеп айту дағдысын дамыту.

3.Ана тілін құрметтеп, сүюге, қорғай білуге, көзінің қарашығындай сақтай білуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: нақыл - сөздер, кітапхана көрмесі, оқушылардың өздерінің тіл туралы шығарған тақпақтары, өлеңдері және шығармаларының көрмесі, шарлар, үнтаспалар, гүлдер, бүктемелер.

Барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.

Мұғалім: Ана тілі-халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Халық рухының сарқылмас бастауы да сонда жатыр. Ел-жұртымызды, туған жерімізді, оның өзен-көлдерін, оның бораны мен найзағайын ана тіліміз арқылы ғана қабылдап, соларға деген перзенттік махаббатымызды ана тіліміз арқылы жеткіземіз.

Дара ақын Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңін мәнерлеп оқып беру.

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Ғұмырына етер мәңгі астана,

Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

Болу керек құдіретті төрт ана:

ТУҒАН ЖЕРІ – түп қазығы, айбыны,

ТУҒАН ТІЛІ—мәңгі өнеге айдыны,

ЖАН БАЙЛЫҒЫ, САЛТ-ДӘСТҮРІ—тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі.

Және ТУҒАН ТАРИХЫ.

Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.

Өзге ананың ұлылығын танымас,

Төрт анасын менсінбеген пенделер.

Төрт анадан сенім таба алмаған

Тамырсыздың басы қайда қалмаған ?!

Төрт анасын сыйламаған халықтың

Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрта ана—тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес—күрестердің ұлысы! – дей келе мерекелік кешімізді әрі қарай жалғастыру оқушыларға беріледі.

1-жүргізуші:

Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,

Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.

Ел бетіне қалай түзу қараймын,

Ана тілім,

Егер сені білмесем.

Ана тілім-

Дана тілім, бақ тілім,

Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?

Сенсің менің қасіретім, шаттығым,

Сенсің менің тазалығым, пәкітігім.

Ана тілім-

Алтын ұям, құндағым,

2-жүргізуші:

Ана тілім- әрекетім азығы,

Бар ғаламды тануымның қазығы.

Ой-санамның өсуінің куәсі,

Ғасырлардың кейінгіге әз үні.

Ана тілім-бәрін сөйлер шежірем,

1-жүргізуші: Енді, балалар, тіл туралы дара тұлғалардың толғауынан үзінділер келтіре кетейік. «...Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!», «Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол-білім. Ол шетел тілінде сөйлесе, тіпті жақсы. Бірақ он шетел тіліне орап, ана тілін тұншықтырып тастасаң, ол-кешірілмес күнә.» Н.Ә.Назарбаев

2-жүргізуші: «Туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезден басталмаса, кейін қиынға соғады. Айналаңдағы адамдарға, өзің өскен ортаның табиғаты мен халқыңның мәдениетіне, дәстүріне деген көзқарас та туған тіліңді білуден басталады» Ш.Айтматов

1-жүргізуші:

«Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі-жүректің терең сырларын, халықтың басынан кешкен дәуірлерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» Ж.Аймауытов

2-жүргізуші:

«Ана тілім менің! Сен маған ризасың ба, білмеймін, бірақ менің тілегім сенсің. Сені мен мақтан етемін» Р.Ғамзатов

1-жүргізуші:

«Білімділіктің ең басты факторы - туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады» Г.Гегель

2-жүргізуші: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» Б.Момыш-ұлы

1-жүргізуші: «Білімді адам тілін билей алады» Құтып

2-жүргізуші:

Ақын-жазушылардың тіл туралы өлең-жырларын жатқа оқу.

1-оқушы:

Қазақ тілі-

Атаң, Анаң,

Қуат алар Отан да одан.

Дүниеде ешбір асыл

Тең келмейді қатар оған.

Дұшпаның да бас иетін,

Тілің-

Ұлттық қасиетің.

Тартқан талай ұлыстар бар

Тілсіздіктің қасіретін.

Қазақ тілі-

Халық тілі.

Тіл аманда-

Халық тірі.

Өз тілінде жылағанның,

Көз жасы да-

Халық мұңы... Ө.Ақыпбеков

2-оқушы:

Бай тіліне қазақтың не жетеді?

Зерделікке кеудені көз етеді.

Ай сияқты жарқырап әр көңілде,

Адалдықтың аспанын күзетеді.

Ақты әлемде қуаты жүз еселі,

Асыл ойлар айыпты түзетеді.

Ана тілде байланыс!!!

Ғарышкерлер,

Айға барған даңғылын із етеді.

Бай тіліне қазақтың не жетеді?

Әлем халқы Абаймен кеңеседі.

Жиырмасыншы ғасырдың Гомері боп

Жамбыл жыры биікпен теңеседі.

Әнұранмен, сол тілмен таң атады

Мемлекеттің сол тілде мың атағы.

Өнер-білім қазақша өркен жайып

Интернетке ақпарат таратады...

Шетелдіктер мақалдап сөз етеді

Домбыраны ән-күйдің көзі етеді.

Мемлекеттік тілдегі менің ойым

Нұрға бөлеп әлемді мәз етеді.

3-оқушы:

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін, не бардың...

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім! М.Жұмабаев

4- оқушы:

Ана тіліңді құрметте,

Ұрпағыңның бағы үшін.

Тұғырын берік қорғайтын,

Ұлтыңның биік тағы үшін. Әли Ысқабай

5-оқушы:

Қадірлісі, бағасы алтын анам тілі,

Сенімен бағаланған балаң түрі.

Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,

1-жүргізуші: Енді, достарым, тіл туралы мақал-мәтелдерге тоқталайық!

1-оқушы: Јнер алды-қызыл тіл.

2-оқушы:Тіл тас жарады,

Тас жармаса, бас жарады.

3-оқушы:

Адам көңілінен азады,

Тілінен жазады.

4-оқушы:

Тіліңмен жүгірме,

Біліммен жүгір.

5-оқушы: Шешеннің тілі ортақ.

6-оқушы: Тіл қылыштан өткір.

7-оқушы: Піл көтермегенді тіл көтереді.

8-оқушы:

Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ..

2-жүргізуші:

Туған тіліңді қорғау-туған Отаныңды қорғаудан да маңыздырақ. Отаныңды жау басып алса, оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір азат етеріңе сенесің. Ал тілің жауланса-бітті. Басқа тілге көшіп, туған тілін ұмытқан және өз ата байлығына қайта оралуға мойны жар бермейтін жалқаулар мен ұлттық рухын жоғалтып үлгірген, өзіңе түрі ғана ұқсайтын қандастарың жаудан бетер қарсыласады. Олардың үлкен бөлігінің ана тілін мойындамай, өзге тілдің мүддесін ашық түрде қолдауының арқасында ұлт жойылуға бет алады. Әлгі бейшара ұлт үшін бұған теңдес қасірет болмақ емес. (Бедредтин Далан)

Автор:
С.А.САЛЫҚБАЕВА «Жанама қазақ орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар» мемлекеттік мекемесі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алакөл ауданы, Жанама ауылы