4 мая 2012, 23:59 | 1 603 просмотра
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың «Осыған дейін колледждердің бітірушілері ешқандай тестілеуден өтпей-ақ ЖОО-ға түсе берген. Негізі мұндай жүйе арқылы олар ҰБТ-ны тапсырудан жалтарынып, ЖОО-ны тәмамдап алатын» деген бірауыз сөзі колледж студенттерін ғана емес, олардың ата-аналарын да селт еткізді. Олар Алматыда бас қосып, қоғамның, Үкіметтің назарын өзіне аудармақ болды. Бұл жолы жал-ғыз емес, саяси партия мен үкіметтік емес ұйым өкілдерін де қатарларына ілестіре келді.
Жиында ата-аналар атынан келген Вероника Норицинаның пайымдауынша, колледж түлектерінің де наразылық білдіретін жөні бар. Себебі Білім және ғылым министрлігіндегі соңғы жаңалық «сабақ үлгерімі нашар балалар амалының жоқтығынан колледжге барады» деген сыңаржақ түсініктің бояуын қалыңдатып отыр. Бұл мәселенің бір жағы. Ал екіншіден, заң-экономикалық колледждерге түскен студенттер ең бірінші макро-микроэкономика, қылмыстық іс, азаматтық құқық деген секілді түрлі заң экономика саласының қыр-сырын меңгереді. Осы екі-үш жыл аралықта мектеп бағдарламасы естен шығатыны сөзсіз. ҰБТ-ның колледж түлектеріне арналған бөлек бағдарламасы жоқ, олар оқып-үйренген білім стандартына сай сұрақтар да дайындалмаған. Білім және ғылым министрлігі колледж студенттерін тығырыққа тіреп отыр. Бұлай боларын білгенде 11-сыныпты бітіріп, жұрт қатарлы тест тапсырған болар едік, - дейді Вероника Норицина.
Біз бұл төңіректе «Тұран» білім беру корпорациясының президенті, Жоғары оқу орындары ассоциациясының төр-ағасы Рахман Алшановпен де пікірлескен едік. Сала министрлігінің шалағай істеріне оның да көңілі толмайтын сияқты. Алшановтың айтуынша, қазір колледждер тым көбейіп кеткен. Түлектерінің 80-90 пайызы өндіріске жұмыс істеуге бармай, оқуын ЖОО-ларда жалғастыратын көрінеді. Демек, өз мамандығы бойынша жұмыс табудан гөрі ЖОО-ға түсудің жолы әлдеқайда жеңіл болып кеткен. Сондықтан министрлік ЖОО-ға тек білімді балалар келсін деп, осындай шешім шығаруға мәжбүр болған екен, яғни бұл жердегі негізгі мақсат - сапаны күшейту.
- Бірақ біраз жайттар басы ашық күйінде қалып отыр. Біз мұны бірер жыл бұрын зерттеп, содан кейін барып қолданысқа енгізуіміз керек еді. Екі айдан кейін колледж түлектері де ЖОО-ға түсу үшін кешенді тестілеуден өтпек. Алайда студенттердің, ата-аналардың наразылығы күшейетін болса, бұл шешім өзгеруі мүмкін. Осы мәселе төңірегінде қоғамдық пікір қалыптастырып, министрдің құлағына жеткізу керек, - дейді Р.Алшанов.
Қазақстан Халықтық коммунистік партиясы Алматы қаласындағы филиалының хатшысы Елнұр Бейсембаев тест тақырыбынан Мәжіліс депутаттары хабардар екенін және олардың бәрінің бірдей қолдай қоймасына сенімді. Мысалы, наурыз айының бас кезінде Мәжіліс депутаты Гүлмира Исимбаева оның дәл қазір қолданысқа ене қоймайтынын айтқан көрінеді. Арада ай өтпей жатып жағдай басқаша сипат алған. Осы мәселенің анық-қанығын халық қалаулысының өзінен білмек болған әрекетіміз сәтсіз болды. Депутат-ханым «Сауалыңыздың қазақ тіліндегі жауабы дайын емес еді» дегеннен өзге ештеңе айта алмады.
- Мен кешенді тест төңірегіндегі жаңалықтың Парламент қабырғасына жетпей шешімін табады деп ойлаймын. Тамыз айының 15-20-сы күндері аралығында еліміздің Бас мұғалімі Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді. Төменгі палатадағы фракциямыз арқылы осы мәселені күн тәртібіне шығаратын боламыз, - дейді Елнұр Бейсембаев.
Мәжіліс депутаты Майра Айсина да ҰБТ-ға қатысты колледж түлектерінің наразылық тудырып отырғанынан хабардар екен.
- Бұл өзгерісті министрлік жұртты хабардар ету үшін алдын ала, бір-екі жыл бұрын айтуы керек еді. Тым болмағанда, жаңа оқу жылы басталғанда, қыркүйек айында көтергенде, мұншама келеңсіздік туындамас па еді, кім білсін?! Колледж түлектері де бұған психологиялық тұрғыдан дайындалып, алдын ала ізденер еді. Алайда жақсы оқитын студент кез келген сынақтан, тестіден сүрінбей өте алады. Біз еліміз ары қарай дамысын, өссін-өнсін десек, онда жастардың білімді болуына баса мән беруіміз керек. Бұл тест сол үшін ұйымдастырылып отыр. Мен министрліктің бұл бастамасын қолдаймын, бірақ асығыстық жасамай, жан-жақты ойластырып барып іске асыру керек еді, - дейді депутат.
Білім және ғылым министрлігіндегілер кешенді тест алдыңғысына қарағанда әлдеқайда жеңіл деп сендіріп отыр. Вице-министр Саят Шаяхметов апта басында журналистермен кездескен кезде мектеп бітірушілерге ҰБТ қалай өткізілсе, колледж түлектеріне де сол қалыпта жүргізілетінін, 3 пән алдын ала бекітілген пәндер, ал төртіншіні өзінің мамандығы бойынша жауап беретінін, бұл мәселенің өткен жылдың мамыр айында көтерілгенін айтыпты.
Колледж студенттері ғана емес, олардың ата-аналары да «балаларымыз сынақтан сүрінсе, жоғары білімді маман атанудан біржолата қол үзе ме?» деп қауіптеніп отыр.