Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ


11 мая 2012, 00:53 | 4 145 просмотров



Қазақстан Республикасының Конституциясында– Қазақстан Республикасы өзінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндеорнықтыратыны аталған. Бұл еліміз үшін мәртебелі мақсат. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясының 1– бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп баян етілген.

Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуының басты алғы шарттарының бірі – азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдиениетін қалыптастыру, әсіресе оның құрамды бөлігі – адам құқығының мәдениеті.

Адам құқықтары туралы ақпаратпен жүйелі қамтамасыз етудің қажеттілігі маңызды екенін ескерсек, онда бұл салада адам құқығы мәдениетін қалыптастыруда маңызды құралдың бірі – білім беру ұжымдары десек қателеспейміз.

Заңгер ғалымдарымыз: «Адам құқығы – адам мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған, өзі заң арқылы қорғалатын болуы мүмкін іс-әрекеттің (мінез-құлықтың) өлшемі (шамасы)» - деп анықтама берген. Адамның құқықтары мен бостандықтары табиғи және оған тумысынан берілген, ажырамайтын, табиғи ретінде танылады және ең жоғары әлеуметтік құндылық болып табылады. Адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау мемлекет функцияларының бірі.

Қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұны бүгінгі таңда барлық деңгейдегі шенеуніктерден бастап, құқық қорғау органдары қызметкерлері, ұстаздар мен ата-аналар, азаматтар да түсінуде. Құқық бұзушылық жөнінде «Құқық бұзушылық дегеніміз – адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі», - деп көрсетілген. Қоғамда тәртіп орнамаса, ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды. Бұл бәрімізге белгілі және оны жақсы түсінеміз. Дегенмен, қоғамда қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім азаматтар да кездеседі және бұл - құқық бұзушылықтың орын алуына әкеп соқтырады, сондықтан құқық бұзушылық - қоғам өміріне тән қауіпті дерт. Құқық бұзушылықтың себептеріне қатысты байырғы заманнан осы күнге дейін әр түрлі пікірлер айтылып келеді. Солардың ішінде құқықтық нормаларды бұзуына ең алдымен әлеуметтік және биологиялық жағдайлар әсер ететінін байқауға болады.

Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, заңды жауапкершілікті сезінуге өз үлесін қосатын, атсалысатын субъектілердің бірі- оқу орындары болып табылады. Оқу орнында жасөспірімнің азаматтық, патриоттық, адамгершілік, салауаттық, құқықтық, мәдени, шығармашылық т.б. қасиеттерін дамыту және қалыптастыру процесі жүзеге асырылады. Бұл ұжым мүшелеріне үлкен жауапкершілік пен міндет жүктейді.

Құқық бұзушылық пен келеңсіз жағдайларды барынша болдырмау және алдын алу, оның зияндылығы мен қауіптілігін түсіндіруде - өскелең ұрпаққа құқытық тәрбие беру, оның мақсат – міндеттерін дұрыс түсіндірудің маңызы ерекше. Құқықтық тәрбие беру жан - жақты тәрбиелеудің маңызды бір саласы. «Құқықтық тәрбие мақсаты – оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет – қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу», - деп анықталған.

Көп ұлтты тәуелсіз мемлекетті нығайту, өскелең ұрпаққа адамгершілік, патриоттық, азаматтық тәрбие беру біздің баршамызға міндет екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Құқықтық тәрбиені ұстаздар қауымы оқушымен қатар ата – аналармен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен, салауаттылық және денсаулық сақтау мекемелерімен, спорттық ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, тәрбиенің өзге түрлерімен байланыстырып жүйелі жүргізер болса, нәтижелі болмақ.

Оқу орны мен отбасында балалар әлеуметтік іс - әрекеттің алғашқы дағдыларын қалыптастырып адамгершілік, әдеп, заңды мінез-құлық, орынды әрекет құқықтық нормаларды меңгере бастайды. Әлеуметтік нормалардың негізгі маңызды түрі болып табылатын әдептік нормалардың құқытық сипаты болмағанымен, оның ережелеріне сусындап өскен бала әрине қоғамға зиян келтірмейді, керісінше, өмірдегі өзінің орнын тауып, ұлтжанды, саналы азамат болып қалыптасады. Әдептік нормалар құқықтық нормаларға негіз, арқау болып, белгілі бір дәрежеде адамның ар-ұятын, намысын қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға ұйтқы болады.

Жастар арасындағы қылмыстың өршуіне Ішкі істер министрлігі де жауапты екенін айтпай кетуге болмайды. Министрлік әдетте кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушыларының тәртібіне баса мән беріп, студенттер мәселесін ылғи ұмыт қалдырып жатады.

Қазір жастардың құқықтық сауаты өте төмен екені жасырын емес. Құқықтық тәрбие идеологиялық және оқу-тәрбиелік жұмыстардың құрамдас бөлігі екені белгілі. Бүгінде колледж, университет табалдырғын аттаған жастарға «Мемлекет және құқық негіздері» бойынша 22 немесе 28 сағаттық дәріс оқылады. Қазір мамандар заңды құрметтейтін азамат тәрбиелеп шығару үшін мұның аздық ететінін алға тартуда. Егер студенттердің құқықтық сауаты тиісті деңгейде болса, мұндай жағдай орын алмас па еді. Бұған тәрбие жұмысын қосыңыз. Қазір елімізде студент-жастарды тәрбиелеудің негізі қалыптаспағаны ащы да болса шындық. Жастар тәрбиесі дегенде есімізге алаңқайларға тал егу, түнгі клубтарда есірткі мен СПИД-ке қарсы ұйымдастырыл-ған кештер ғана түседі. Бұл іс-шаралар жастардың құқықтық ой-санасының өсіп-жетілуіне, рухани жан азығын жинауына ешқандай үлес қоспайды.

Сонымен балалардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себебі, біріншіден, отбасы тәрбиесі, отбасының әлеуметтік және экономикалық жағдайы; ата-ананың баласына немқұрайлы қарауы; қараусыз қалған бала немесе шектен тыс қамқорлыққа алынған десек, екіншіден, мектептегі оқу-тәрбие жұмысындағы кемшіліктермен сипатталады. Осындай «ерке» деген немесе «қиын» деген атақты алып келген баладан, өмірге бейім, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыратын колледж-

дегі топ жетекшілеріне, оқытушыларға үлкен міндет және жауапкершілік.

Ойымды қорыта келе болашақ біздің қолымызда, сондықтан сол болашақ жарқын болу үшін бәріміз бірге отырып күресуіміз керек. Колледжде қылмыс жасау әрекеттері күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екенін ұмытпағанымыз жөн.

Автор:
Н.Ә.ҚАЗЫБАЕВА, Талдықорған политехникалық колледжі, Талдықорған қаласы