25 мая 2012, 23:31 | 3 360 просмотров
Этнопсихология зерттейтін мәселелер орасан зор. Ұлттық тұрпат, ұлттық намыс, ұлттық сана, салт-дәстүр, т.б. Сондықтан ұлт психологиясы – этнопсихологиясының ажырамас бөлігі.
Ұлт психологиясы халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған, жүйеге түскен әдет-ғұрып, ұлттық дәстүр, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық, еңбек, дене т.б. тәрбиеге байланысты нормалар мен принциптер, яғни ұлтымыздың мінез-құлқы, іс әрекетінің ішкі астарларын сөз етеді.
Ұлт психологиясы тек ұлтымыздың қанына «сіңген», өзгеріп не жоғалып кетпейтін ұлттық бітісін ашып көрсетеді.
Халқымыздың ешбір ұлтқа ұқсамайтын мінез бітісі, салт-дәстүрі, моральдық нормасы, талап-тілегі, мәдениеті мен тарихы бар. Бұлар – ұлтымыздың бабадан балаға жалғасып келе жатқан асқан құндылықтары.
Ұлан – ғайыр жерімізді мекендеген халқымыз өз ұрпағын жақсы адам, абзал азамат етіп тәрбиелеуге ерекше мән беріп, мұны басты мақсат тұтқан. Қазақ даласындағы жау десе қару-жарағын сайлап, ел десе еңіреген ерлер, әділдік пен шындық, адамдықты ту еткен ақын-жыраулар, бармағынан бал тамған ісмерлер мен зергерлер, от ауызды, орақ тілді би-шешендер мен ақылман ақсақалдар, еміренген абзал аналар ғасырлар барысында сұрыптала қалыптасқан қазақи тәрбиенің жемісі екендігі анық.
«Адам бол!» ұстанымы – қазақ өркениетінің, сайып келгенде, оның сан ғасыр бойына қордаланған психологиялық ой-түйінділерінің алтын діңгегі.
Қазақ баласы - қиыншылыққа төзімді, қара күшке мығым, табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұра білетін, асқан шебер, жырау, әнші, шежірені жадында сақтар, жан-жақты жетілген, ата-салтын қастерлеген ерекше жаратылыс иесі. Жеріміз қаншалықты ұлан-ғайыр болса, соншалықты халқымыз да жомарт, қонақжай, дархан да кеңпейіл. Бұл – басқа ұлт өкілдері де мойындап отырған жайттар.
Ұлт психологиясы - әлі де толық зерттелінбей жатқан мәселе. Бұл туралы ел Президенті Н.Назарбаев былай дейді: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этникалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние».
Жас ұрпақты елін, жерін сүйетін отансүйгіш, өз халқының ар-ожданын, қадыр-қасиетін көздің қарашығындай қорғай алатын намысқойлық, имандылық пен адамгершіліктің басты белгісі - әдептілік, бауырмалдық, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттерді өз бойынан табылатындай етіп тәрбиелеу – қазіргі ұлт психологиясының міндеті.
ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысындағы психологиялық ой-пікірлердің дамуы Қазақтың үш алыбы – Ыбырай, Шоқан, Абай есімдерімен байланысты.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында психологиялық ой-пікірлердің дамуында Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, т.б. еңбектерімен толықты. Әсіресе, Ж.Аймауытовтың психология саласындағы «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» т.б. еңбектері – төл тіліміздегі тұңғыш психологиялық туындылар.Кеңестік кезеңде Қазақстанда психологияның ғылымының дамуына үлес қосып, осы салада артына мол мұра қалдырған академик Т.Т. Тәжібаевті, профессор М.Мұқановты, доцент Ә. Сыздықовты ерекше атауға болады.
Қазақ халқының психологиялық ой-пікірлерінің дамуы тарихы мен этнопсихология мәселерін зерттеумен айналысып жүрген педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б.Жарықбаевтың үлесі шексіз. Оның психология ғылымдарының әртүрлі салаларынан жарық көрген 800-дей мақалалары, 50-ден астам жеке кітаптары бар. Оның қаламынан шыққан оқу құралдары мен оқулықтары, әдістемелік басылымдар және тағыда басқа жұмыстары әрбір өз ісінің шебері боламын деген адам баласына алтын кітап. Осы еңбектерді әрекетке айналдыра отырып жас ұрпақ тәрбиелеу аға буынның міндеті. Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына және одан әрі жеткіншек ұрпақты ұлттық рухта; ойшыл, дара-дарынды көздеген межесі-
не сатылай көтерілу мақсатында жететін ізетті ұрпақ тәрбиелеу, сол тәрбиені өз саласында қолдана білуге ұмтылдыру қоғам, адам, орта, үшін еңбектеліп жүрген өскелен өркениетті адам баласының қолында.Ұлттық рухты елдің, ердің намысы деп есептейтін, ержүрек елімнің халқы, жері аман болсын! Тұрақтылық, гүлдену, еркіндік, бірлік – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ғасырдан ғасырға өтер – алтын көпір болуына ешбір күмән жоқ дегім келеді.