Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ӨМІРЛЕРІН ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ АРНАДЫ


25 мая 2012, 23:50 | 2 584 просмотра



Мұғаліммін мазасыз білім десе,

Көз майымды тауысты күнім неше.

Рахат тауып қалар ем бұл шақта да,

Түн бойы оқып кірпігім ілінбесе.....

Саналы ғұмырларын ілім- ғылым мен бала тәрбиесіне арнаған жаны ізгі жандар бұл қоғамда аз емес. Қоғамның бір бөлшегі-өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді өмірінің басты міндеті деп санап, соның жолында барын да, жанында аямай еңбек еткен тұлға - ұлағатты ұстаз. Ұстаз бейнесі қай заманда болмасын адамзат атаулының есінде қалатын жарқын бейне. ....

Міне, осындай Ұстаз деген ардақты есімді адал алып жүрген қос ұстаз- Нұрланбек Олжабаев пен Күлзипа Хаджиева. Бұл ұстаздар жалындаған жас ғұмырын бала жолына арнап, өмірлерін осы саламен тығыз байланыстырып, ұштастырған. «Мұғалім болу өзгенің бақытын аялау, өз уақытыңды аямау» деген қанатты сөзді саналарына мықтап тоқыған екі жас қол ұстас-

қан күйі, өмір кемесіне қатар мінеді.

Нұрланбек Олжабаев 1936 жылы 10 наурыз күні дүниеге келген. Ол ұстаздар отбасында өсіп, ұстаз тәрбиесін көргеннен бе, жастайынан мұғалім болуды мақсат етеді. Осы арманның жетегіне мектепті ойдағыдай аяқтағаннанн кейін Панфиловтағы мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға түседі. Ұстаз болған ардақты іс, халыққа қызмет етудің ең дұрысы жолы деп білген ол барлық күш жігерін осы салаға арнайды. Сол аталмыш білім шаңырағында оқып жүріп жары Күлзипа апаймен көңілдері жарасып бас қосады. Сөйтіп, жас мамандар туған Қаблиса Жырау (бұрынғы Куйбышев) ауылындағы Қабан Жырау атындағы орта мектепте алғашқы еңбек жолына кірісіп кетеді. Алғашында мектепте бастауыш сыныптан сабақ берген Нұрланбек Олжабаев 1965жылы Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педогогикалық институттың филология факультетіне түсіп,1969 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын алып шығады.Шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында үздіксіз ізденіп, еңбек етеді. «Бала тәрбиелегің келсе дана жүректі қатты ұста, үйрет, білім іздет» деген халық даналығын саралай келе, ұстаздық тәжірбиесінде кеңінен қолданады. Білімнің күре тамыры ауыл мектебінде оқушыларға дәріс бере жүре қоғамдық шараларға да белсене араласады. Мектепте 18 жылдан астам «бастауыш партия ұйымының хатшысы» болып қызмет етеді. Парасаттылығымен өнерге де жаны жақын Нұрланбек ағай қазақтың қара домбырасы мен орыстың балалайка, баянында еркін ойнайды. Осы өнерге деген құштарлығынан, бір табан жақын жүретіндігінен болар, мектептегі «Көркем өнерпаздар үйірмесін» басқарады. Осындай қайнаған еңбектің бел ортасында жүретін адал да ақылшы, еңбекқор ұстаздың шәкірттері аудан, облыстық олимпиадаларында жоғары орындарды иеленіп, жақсы нәтижелер көрсететін. 1957-1997 жылға дейінгі аралықта өз ісіне адал болған Нұрланбек ұстаз бүгінде зейнетте. Саналы ғұмырының 40 жылын білім қабырғасында өткізген ардақты тұлға, өзінің бұл өміріне бір ретте өкінген емес.

Ұстаздың жары Күлзипа Хаджиева 1938 жылы Панфилов ауданында дүниеге келген. Өте зерек болып өскен қыз 7 жылдық білімімен, еш емтихансыз Панфилов училищесіне оқуға қабылданады. Білім ала жүріп өмірдегі жолдасы Нұрланбек ағаймен танысып, отау құрады. Мұғалімдік мамандықты бәрінен жоғары бағалаған балғын қыз оқуын тамамдасымен 1958 жылы бастауыш сыныптан мұғалім болып, ерімен бір салада еңбек етуге кірісіп кетеді. Жұрттың баласын өз баласынан кем көрмей аялайтын Күлзипа Хаджиева әліппені оқытып, бүлдіршіндерге тіл сындыртудан еш шаршамайды. Мамандығын бар жанымен, болмысымен сүйетін қарапайым ұстаздың бала дегенде шығарға жаны бөлек еді. Күнделдікті сабағында қолданатын көрнекілік, плакат, құрал- жабдықтың бәрін өзі шебер қолдарымен жасап алатын. Әр сабағына зор дайындықпен келетін апайдың жүзінен үнемі ізгілік нұры, мейірім шуағы төгіліп тұрады. Балдырғандарға дауыс көтеріп кейіп көрмеген ұстаздың аналық мейірімінің арқасында шәкірттерін өзіне баурап алатын. Апай өткен күндерге шолу жасағанда, мейірімді жүзіндегі әжімдері шуақ шаша отырып былай деп еске алады: «Бір күні қатты ауырғандықтан жұмысқа бара алмай қалдым, орныма жоғары сыныпта сабақ беріп жүрген ағаң өткізеді. Сабақ бітісімен барлық бүлдіршіндер бірі қолына пальтосын, бірі бас киімін , бірі қолғабын ұстап тізіліп тұра қалыпты. Неге тұрсыңдар?- деген сауалға «-Бізді апайымыз өзі киіндіретін»- деп шулап қоя беріпті. Міне, мен осылай әр балаға өз баламдай қарайтынмын. Олар сырқаттанып қалса ата- анасымен бірге жанында жүріп, жаным қоса ауыратын»- дейді.Ұстаз өзі –суретші, өзі биші, өзі-әнші, өзі- шебер болу керек болса, осы қасиеттің бәрі Күлзипа апайдың бойынан табылатын. Осы бары мен бойындағы нәрін оқушыларына арнағанына апай бір сәт өкініп, шәк келтірген емес.

-Нұрланбек ағай сіз ұстаздық жолына 40 жылдан астам өміріңізді арнадыңыз. Сол өмірлік тәжірбиеңізбен бөліссеңіз. Оқушыға сабақты тыңдата білу үшін мұғалімнің бойында қандай да бір қасиет болуы шарт па?

-Мұғалім оқушыға айтқанын тыңдата білу үшін алдымен өзі сауатты, жан-жақты білімді болуы керек. 45 минут босқа өтпес үшін еңбектеніп ізденуі шарт. Әр өткен сабақтың нәтижесін келесі сабақта көруі үшін, баланы ынталандыратын тың дүниелер ойлап тауып, көрнекі құралдарын қолданып отырған жөн. Сонымен қатар мұғалім қатал да, жұмсақ та бола білуі керек. Әр оқушының жеке психологиясына, мінез құлқына қарай, осы екеуін тең ұстаса еңбегі далаға кетпейді.

- Бұрынғы оқушы мен бүгінгі оқушының айырмасы қандай?

-Біздің кезде оқушыларға мұғалім не айтса сол заң болатын. Мұғалімнен ұлы, мұғалімнен асқан құрметті тұлға болған емес.Ол кездегі оқушылар плакат, таблица сынды қарапайым көрнекіліктермен ақ жақсы білім алған. Ал, бүгінгі балалар дамып жатқан технология заманында өмір сүріп жатыр. Ғылымның өсуіне, дамуына байланысты олардың психологиясы да, мінезі де бөлек. Сондықтанда бүгінгі оқушыдан ұстазы биік тұруы үшін, өзі жан- жақты дамыған, соңғы ақпараттың бәрін игерген, жаңашыл болуы керек.

- Мектеп қабырғасында өткен қызықты жайттардан естелік айтсаңыз..

- Мен сынып жетекшісі болатынмын. Әдеттегідей мектепте қыз балалар жақсы оқиды да, ер балалар көбіне сабақ оқымай, дайындықсыз, шаштары алынбай келеді емес пе. Менің сыныбыма сабақ өткізіп келген әріптестерім үнемі «сіздің оқушыларыңыздан шаршадым, сабаққа дайындықсыз, қалай болса – солай келеді»- деп шағымданатын. Сондай бір күні мұғалімдер бөлмесіне кірген ұстаз әдеттегідей шағымдана бастады. Мен ашуланып кетіп, сыныбыма келдім де сабақтың соңын ала қыздардың бәрін қайтарып жіберіп, ұл балаларды алып қалдым. Далада жаңбыр себелеп жауып тұраған. Бәрін мектептің алдына шығарып сапқа тұрғыздым да қолдарына кітап беріп: «Ақыры сабақ оқымайды, дайындалмайды екенсіңдер осылай тұрып жаңбырдың астында тұрып оқисыңдар. Мен түскі үзіліске үйге кеттім. Біреуің кетуші болмаңдар!»- деп өзім үйге кетіп қалдым. Үзілістен оралсам, алдымнен директор шығып, «Мына оқушылырыңыз 2 сағат болды, жаңбырдың астында кітап оқып тұр. Жібере салсаңызшы»- дейді. Бәрін қайтарып жібердім. Сол оларға үлкен сабақ болып, осыдан кейін дайындықпен келетін болды. Кейіннен сол шәкірттерім: «Ағай сіз сонда дұрыс жасадыңыз»- деп күліп еске алады.

-Ендігі сауалымды екеулеріңізге ортақ жолдасам деп едім. Өздеріңіз әліппені жаттатқызған шәкірттеріңізден қазір үлкен мамандық иелері бар ма?

Нұрланбек Олжабаев:

- «Жақсы шәкірт –мәртебем демекші, есімін мақтанышпен айтатын шәкірттеріміз көп –ақ. Бүгінде ел игілігі үшін еңбек етіп жүреген - Бағдат Мәнізоров, Бағлан Мақұлбеков, Бақберген Тәжікеев,Мәлік Бисенов, Болат Қисметов, Мәулен Смағұлов сынды азаматтар бар. Олардың нәтижелі жетістіктерін естігенде төбем көкке жаткендей қуанамын.

Күлзипа Хаджиева:

-Ия, білім беріп, қанатын қатайтып ұшырған шәкірттерімнің жеткен жетістігін, бағындарған белестерін көру мен үшін үлкен мәртебе. Оқушыларымның әрбір жақсы істерін көрген сайын, өмірімнің бекер өтпегеніне шаттанамын. Алғаш қалам ұстатып, әріп үйреткен бүлдіршіндерім бүгінде үлкен азаматтар. Олардың арасында ұстаздық жолын қуып, мұғалім болғандары да бар. Баян Көлбаева, Абзал Омарқұлов, Бақытгүл Оразбаева сынды шәкірттерімінің жетістіктерін ауыз толтыра айта аламын.

- Күлзипа апай, жас мамандарға қандай ақыл- өсиетіңізді айтар едіңіз?

- Білімнің негізі- бастауыш сыныпта. Сондықтан оқушы алғашқы алған білімінің негізінде жоғарғы сынптарда білімінің іргетасын қалайды. Сол үшін алдымен ұстаз көп еңбек етуі керек. Ол ешқашан да шәкіртінің алдында шаршағанын көрсетпеуге тиіс. Еріншек ұстаздаң алдындағы шәкірті де еріншек болады. Одан ешқашанда еңбекқор, іскер адам шықпайды.

Бүгінде қос ұстаз құрметті мұғалім, ардақты ата-ана, мейірімді ата-әже. Отау құрғандарына 54 жылдан астам уақыт өтсе де бір– біріне деген ілтипаттары ерекше жандар, өмірдің ащы – тұщысын бірге бөлісіп келеді.Өздері тәрбиелеп өсірген 7 ұрпағынан 16 немере,3 шөбере сүйіп, қызығын қызықтауда. Қызды қияға, ұлды ұяға қондырған өнегелі отбасында ата- анасының жолын қуған қос қыздары - Ақмарал мен Ақбөпе ақылшы ұстаздар.Сондай-ақ, өнегелі ұстаздардың 3 немересі де педогогика саласында еңбек етеді.

Істеріне адал, мамандығын сүйген ұстаздардың еңбегін елі біледі. Еңбегінің еленгені сол болар, аудандық білім басқармасының бірнеше алғыс хаттарымен, мақтау қағаздарымен марапатталған. Нұрланбек Олжабаевты Елбасының Жарлығымен Ұлы Жеңістің 65 жыл қарсаңында «Тыл ардагері» төсбелгісімен марапаттаған. Қоғамдық жұмыстардың бәріне араласып, ауылының, мектебінің өркендеуіне бір кісідей еңбек сіңірген азаматты бүкіл елі ардақтайды, құрмет тұтады.

Қызметімен бірге отбасы, бала тәрбиесін қатар алып жүрген Күлзипа Хаджиева «Алтын алқа» иегері. Өмір бойы бастауыш сыныпта еңбек етіп өткен ұстазды ұжымы әркез мақтан тұтып, шәкірттері үлгі етеді. Ұрпақ болашағы үшін істеген табанды ізденісі мен шығармашылығы үшін бірнеше мәрте алғыс, марапат хаттарымен марапатталған. Өздері қанатын қатайтып, үлкен өмірге ұшырған шәкірттері де аяулы ұстаздарын еш ұмытқан емес. Бүгінде ұстаздар жылдар бойға төккен маңдай терінің, бейнетінің -зейнетін көруде. Ұлы Абай айтқандай «Артында өлмейтұғын із қалдарған» деген қанатты сөз осы қос ұстаз жайлы айтылса керек.

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз