Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

"Өнегелі елден өнерлі ұрпақ туады"


8 июня 2012, 01:19 | 2 740 просмотров



«Бұлақ көрсең көзін аш» деп халақ даналығы айтпақшы, баланың сана-сезімін, көкірек көзін ашатын жан -Ұстаз. Сонымен қатар баланың келешекте қандай маман иесі болары да ұстазына қатысты. Ақылшы ұстазына деген сыйластықтан, таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілік туындап, сол саланы өміріне өзек ететін шәкірттер қаншама....

Ұлттың ғасырлар бойы жинақталған дәстүрін ұрпаққа дәріптеу, сіңіру мақсатында еңбек етіп жатқан жандар аз емес. Береке –бірліктің, мәдениеттің басы қолөнер деп танитын әрі осы өнегелі істі жеткіншектер жүрегіне құюды бәрінен жоғары бағалап, осы салаға саналы ғұмырын арнаған адамның бірі - жоғары санатты ұстаз Дүкенбаева Жаңылхан Бекенқызы.

Дүкенбаева Жаңылхан Бекенқызы 1954 жылы қазан айында Алматы облысы, Кеген ауданы,Тоғызбұлақ колхозында дүниеге келген. 10 жылдық мектепті аяқтап, 1973 жылы жанұя құруына байланысты Талдықорған қаласына қоныс аударады.Ол1981-1986 жылдары Талдықорған педогогикалық университетін тамамдайды. Білікті маман 20 жылдан астам балабақшада тәрбиеші болып қызмет етеді. Мектепке дейінгі тәрбие жұмысының әдіскері қызметін атқарады. Облыстық тіл басқармасында жоғарғы маман болып еңбек етеді. Ұстаздық ете жүріп, қоғамдық шараларға араласып, бел ортасында жүреді.

Әже тәрбиесін көріп өскен Жаңылхан апай жас кезінен қолөнерге жақын болады. «Өнермен араласуға жас кедергі болмайды» демекші, сүйікті ісімен айналысуға деген құштарлықтан 1991-1996 жылы қызмет ете жүріп, «технология пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шығады. Міне, осы уақыттан бері Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектепте қолөнерден сабақ беріп, жеткіншектерді өнерге баулып келеді. «Қыз бала –ертеңгі ана» деген қағиданы жанына жақын тұтқан Жаңылхан апай қыз баланың тәриесіне де зор көңіл бөледі. Қолөнерді үйрете отырып, үлкендік ақылын, тәлімін, тәрбиесін де айта жүреді. Сөз өнеріне көңіл бөліп, поэзияға да бет бұрыс жасап келеді.

-«Халық даналығы деген таусылмайтын кен-қазына. Қазақ қыздары қолөнермен қатар, сөз өнеріне де шешен болған ғой. Осы өлмейтін өнер бүгінгі қыздарымыздың бойынан табылса деген ниетпен халық даналығынан, ауыз әдебиеттерінен, поэзиядан сыр шертемін»- дейді өнегелі ұстаз.Оның шәкірттеріне арнап жанынан шығарған бірнеше өлеңдері бар.

....Жүрек тербеп жыр жазады,

Ақын қыздар балауса.

Тебіренбей қалай тұрсын,

Маржан сөздер көкірекке нұр шашса, - дей отырып, балғын аруларды қазақи сөз шеберлігіне, сөз өнеріне баулиды. Осы орайда ұстаздың бағыт беруінен туындаған балғын арулардың өлеңдерінен тұратын кітапшалары жарық көрді.

-Жаңылхан апай, өміршең, мәңгі өлмейтін қолөнер жайлы не дер едіңіз?

-Менің оқушыларыма үнемі айтатын өзімнің бір нақыл сөзім бар: «Бірінші жасаған еңбектеріңді, өнерлеріңді суға ағызып жіберіңдер.Су қанша жерге ағып барса, сонша жерге сендердің өнерлерің тарайды. Екінші жасаған еңбектеріңді сыйлаңдар. Бұл сендерді кеңпейілділікке, қолы ашықтыққа үйретеді әрі еңбектеріңді сыйлау арқылы ел біледі, жұрт таниды.Үшінші еңбекті адам өмір бойы өз игілігіне жаратады. Бұл оның өз кәсібіне айналып кетуі мүмкін» деп айтып отырамын.

Ұстаздың қол өнер көрмесіне кіргенде ерекше туындыларды көріп таң қаласың. Бірі- бірін қайталамайтын, ерекше үлгіде жасалған туындылар назарыңды еріксіз тартады. Әрбір жаңа дүниеден нәзіктікті,сұлулықты, қазақ қызының ішкі дүниесін көргендей боласың. Ою-өрнекпен жаңалықты әдемі үйлестірген соны дүниелер көз тартады.Ұстаздың үйретуімен оқушылар жасаған көрмеден талмас төзім мен шыдамдылықтың нышаны айқын көрініс береді.

- Көз тартатын мына туындылардың бәрі өз ойыңыздың жемісі ме?

- Бүгін біз дамушы мемлекетпіз.Сондықтан қазақ өнерімен қатар, әлемдік қолөнерге көңіл бөлеміз. Әлемдік мәдениеттен, өнерден бүгінгі бала шет қалмауы керек. Осы орайда интернет арқылы әлем халықтарының қолөнер еңбектерінен де өзімізге қажетін алып отырамыз. Кестенің оюларына түрлі бисерлерден зер салып, жаңаша өң береміз.

- Жаңылхан Бекенқызы, қолөнермен айналысып жүріп, мектепті аяқтаған соң басқа мамандық таңдап жатқан оқушылар көп қой. Қолөнерді өмірінің басты діңгегі етіп, осы сала мамандығын таңдаған шәкірттеріңіз бар ма?

- Ия, жақсы шебер қыздардың мектептен кейін басқа салаға бет бұрыс жасап кеткендері рас. Бірақ, осы сала маманы болғандары да бар. Өзімнің баулыған Гүлжан Дәуренбекова атты шәкіртім Астана қаласынан технология мамандығын бітіріп келіп, бүгінде өз шеберханасын ашты. Мектеп қабырғасында қолөнерден сабақ беріп жүргендері де бар.Сол саланың маманы болмаса да бұл қолөнер деген қыз балаларға өте қажет қой. Күнделікті тұрмыста қолданысты керек етеді. «Ана көрген тон пішер» демекші, білгеннің артығы болмайды.

Ұстаздың алдын көрген шәкірттерінен бүгінде бұл іспен сүйіп айналысытындары көп. 6 «ә»сыныбында Мейір Қанат, 8 «ә» сыныбында Диана Мұқанова, Аяулым Алтаева, 7 «а» сыныбында Ақбота Берікова Ақтолқын Өскенбаева атты шебер қыздар өсіп келеді. 9 «а» сыныбында оқитын Құндыз Нүсіпжанова атты шәкірті болашақта технология маманы болғысы келеді.

Ұстаз жаңашылдықты жаны сүйеді. Бір орнында тұрып қалмай тың дүниелер мен айналысып, еңбек етеді. Оқушылардың сабаққа деген қызуғышығын, танымын арттыру мақсатында үнемі танымдық тәрбие жұмыстар өткізеді. Білікті маман шәкірттерінің жас мөлшеріне қарай, қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілетін ашық сабақтардың хас шебері. Ұстаздың өмірлік тәжірбиеден туындаған «Ұлттық психологияны оқу бойынша қалыптастыру» атты кітабы жарық көрген. Бүгінгі күні «Қазақ халқының салт- дәстүрлері» атты мектеп көлемінде оқытуға арналған кітабы дайындалып жатыр.

Жаңылхан Бекенқызы сәуір айында өткен қалалық дарынды оқушыларға арналған «Дарынды бала - жарқын болашақ» атты семинарда «Өнегелі елден өнерлі ұрпақ туады» деген тақырыпта сабағын апарды. «Әлемдік қолөнер» кіші академиясынан оқушысы 3 орынды иеленіп, жоғарғы нәтиже көрсетті.

Өнерге жаны құмар Жаңылхан апайдың бірнеше өлеңдері «Қазақстан әйелдері» журналында жарық көрген. Танымдық, тәрбиелік сабақтары жас мамандарға үлгі болуда. Өз білгенін әріптестерімен бөлісіп отырады. Өнегелі, көреген ұстаз ұжымына сыйлы. Өте кішіпейіл Жаңылхан Дүкенованы ұстаздар қауымы үлгі, құрмет тұтады.

Мектепте сабақ бере жүріп, ардақты ана бола білген ұстаз 5 баланы тәрбиелеп өсірді.Ана тәрбиесімен ұстаз тәлімін қатар алған баларынан педогогика саласында еңбек етіп жүрегендері бар. Бүгінде ұрпақтарынан тараған көз қуанышы немерелерінің қызығын қызықтауда. «Мың бейнеттің бір зейнеті бар»- демекші ұстаз білім мен тәрбиеге арнаған 40 жылының қайтарымы зейнетке шықсам дейді. Саналы ғұмырын бала болашағына арнаған мұғалімнің білім саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бос уақытын бала жанының рахатына арнап, сондай-ақ, еңбегінің көрген жанды елең еткізердей күшке ие болғаны да жылдар бойғы ізденісінің жемісі. Ісіне берік, мамандығына адал болған ұстазды үлкен кіші бәрі құрмет тұтады. Еңбек сүйгіш, тәлімі мол, көрегенді Жаңылхан Дүкенбаеваның еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі өнеге.

Терлікбаева Гүлшат Нұрғисақызы, тарих пәнінің мұғалімі

Жаңылхан Бекенқызы біздің мектептегі ұлағатты ұстаздардың бірі. Ол кісінің әр бір сабағын ашық сабақ деп айтуға болады. Білікті ұстаз оқушыларға 100 пайыздық білім беруде. Оқушылары өте талантты, қолдарынан келмейтіні жоқ. Ол әрине еңбек сүйгіш ұстаздың жемісі. Жаңылхан Бекенқызы ақ жарқын, кеңпейілді жан. Қай кезде барсаң да көмегін аяған емес.

Жаңылхан апай ұстаз ғана емес, 5 баланың аяулы анасы. Балаларына білім мен жақсы тәрбие берген ардақты ана. Осындай тәжірбиесі мен тәлімі мол ұстаздардан жас мандардың үйренері көп болмақ.

Қауметова Биғайша Серікболқызы

Директордың оқу- әдістемелік жөніндегі орынбасары

Жаңылхан апайды жүрегінен жылылық пен мейірім есіп тұратын, инабаттылық пен ізгіліктің үлгісіндей сегіз қырлы, бүкіл ұжымның анасы, сырлас досы, қысылғанда қол ұшын беретін қамқоршысы дер едім.

Мектебімізден қанаттарын қатайтып, үлкен өнер жолына аттанып жататын қыздарымыздың он саусағы майысқан шебер ұрпақ легіне қосылып жатуы Жаңылхан Бекенқызының кәсіби шеберлігінің арқасы.

Мектеп бітіріп кеткен түлектермен кездесе қалсаңыз «еңбек пәні апайымыздың қалы қалай?» деп жатады. Бұның өзі жақсы ұстазға көрсетер шәкірт құрметі деп білуіміз керек.Үлкен ұжым мектебімізде «гүл өсіруші апай »,«оюдың сан түрін үйрететін апай» деп аталған Жаңыл Бекенқызы мектеп жүрегі. Мұндай мұғалімдер кез-келегн мектептің бір-бір тұлғасы.Осындай жақсы ұстазға деген құрмет арта берсін!

Ақмарал Нұғыманова мектеп психологы:

Мектебіміздің табалдырығынан аттап кіргендегі оң жақ қабырғада «жақсы мұғалім- мектеп жүрегі» деп аталатын мадақтау тақтасына көз жүгіртсеңіз Жаңылхан Дүкенбаеваның күлімдеген келбетті суретін көресіздер. Өз бойына адамгершілік пен сұлулықты, білімділік пен қарапайымдылықты жия білген ұстаз мектеп мақтанышы. Ол қоғамның бір бөлшегі саналатын ұрпақ тәрбиесін өмірінің басты міндеті деп білген, соның жолында өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, еңбек еткен. жаны жомарт Жаңылхан Бекенқызын орны дараланып тұратын тұлғалардың бірі деуге болады.

Құндыз Нүсіпжанова, №18 орта мектеп- лицейінің 9 «а» сынып оқушысы:

Мен болашақта кім боламын, қандай мамандық таңдаймын деген сұрақтарға аса абыржымаймын. Ерте сыныптардан –ақ дизайнар боламын деп шешкен едім. Қолөнерді жан- жақты білсем, тереңдетіп оқысам деп жүретінмін. Бізге 5 сыныпта бастап технологиядан Жаңылхан Бекенқызы сабақ беріп, ақылшы апайдың арқасында осы өнердің сан қырлы сырларымен таныстым.

Автор:
Динара АУЖАНОВА, өз тілшіміз